- Негізгі бет
- Психология
- Өз мүмкіндіктеріңе сен...
Өз мүмкіндіктеріңе сен
Адамдар екі типке бөлінеді. Бірі өз күшіне сенетіндер болса, басқалары өзін ешнәрсеге қабілетсіз деп санайды. Бірі өмірдің ағысымен жүзіп отырса, екіншілері өз мақсаттарына жетуге тырмысады.
Өмірде табысты болу үшін не істеу керек? Өз күшіңе сенуді үйренудің жолдары қандай?
1. Өмірді қиындатпаңыз
Адам өзінің күші мен мүмкіндіктеріне сенетін болса, алдынан шыққан мәселелерді шеше алатын болады. Психоаналитиктердің жүргізген сан түрлі сараптамаларының нәтижесіне сүйенсек, өзіне «сен бұл проблеманы шеше алмайсың, бұл сен үшін тым ауыр жағдай» деген нұсқау береді. Яки оның ойында осындай қорқыныштар болатын болса, ол расында да ешқандай шешім таба алмайды. Сол себепті сіз тап болған жағдай қанша жерден ауыр, қиын болса да, өз ішіңізден «бәрі жақсы болады» деп қайталаңыз. Расында көптеген «ауыр мәселелер» біраз уақыт өте келе болмашы дүние болып шығады. Осыны ұмытпағайсыз.
2. Теңестіру
Тәжірибесі, жүріп өткен жолы сізбен тең адаммен ғана өзіңізді салыстырыңыз. Көптеген адам белгілі бір проблемаға тап болғанда өзін сәтсіздікке ұшыраған, сол тектес мәселені шеше алмаған адаммен салыстыруды әдетке айналдырды. Сіз – жеке тұлғасыз. Сіздің басыңыздан өткен мәселе басқаның да тағдырына жазылуы мүмкін болғанмен, оның әрекеті, эмоциясы, нәтижесі басқа болады. Сол себепті біреудің сөзіне құлақ аспаған жөн. Сондай-ақ біреуге өз кеңесіңізді айтып, мазасын алмаған дұрыс.
3. Сәтті тәжірибе
Қайтадан өзіңе сене бастағыңыз келсе, бұрынырақта табысты болған кезіңізді еске түсіріңіз. Әрине өткеннің табысы болашақтың сәтіне кепіл емес, дегенмен зор әсер етуі мүмкін. Осының алдында сәтті шешілген мәселе адамға өзіне деген сенім ұялатады.
4. Даму
Адам «қолымнан келмейді-ау» деген асуды бағындырса, өзінің күшіне сене бастайды. Кез келген адам өзінің табысына риза болады. Әсіресе оны бала емес, табысты адам бағаласа, үлкен жетістікке жеткенін түсінеді. Қабілетіңіз бар істе өзіңізді шыңдауға тырысыңыз. Өсе келе, көлемді проблемаларды шеше алатын мүмкіндігіңіз болады. Демек профессионалды түрде дами түсесіз.
5. Эмоционалды жаралану
Бейсаналы тұрғыда адам баласы өзін бала кезіндегі шағымен жиі салыстырады. Мысалы, кейбір қыздар жасөспірім кезіндегі жеке өміріндегі сәтсіздікті бойжеткен шағында да солай болады деп ойлайды. Бұл ой уақыт өте келе уайымға ұласады. Жастау кезінде жасаған қателіктері есейгенде үлкен кедергіге айналуы мүмкін. Бұған жол бермеңіз. Жылдар өтіп, адам саналы түрде дамиды. Тәжірибенің арқасында көптеген мәселелерді оңай шеше алатын жағдайға жетеді. Ал бала кезінен қалған қорқыныш ол мүмкіндікті бүркемелеп, өзін осал деп ойлауға итермелейді.
Осы кеңестерге құлақ асып, өзіңізді дамытуға тырысыңыз. Іске сәт!
Ф. Абилова