Ойын дұрыс әрі нақты жеткізе алатын адамға барлығы да қайран қалады деп ойлаймын. Ол жандар табысты, әрі алдына қойған мақсатына жете біледі. Әдемі сөзді айызымыз қанса да тыңдағымыз келеді, ал мәнді ұғымды дұрыс жеткізе алмайтындарға назар аудармаймыз.
Адамның интеллектісі жоғары болса да, ойын, эмоциясын, сезімін жеткізе білмейтін кезі болады. Әдемі сөйлеу тума талант болмағандықтан, оны барлығымыз да меңгере аламыз. Төменде осыған байланысты бірнеше ереже жазылған. Оларды жүзеге асырып көруіңізге болады.
1. Түрлі әдеби кітап, газет, журналды көп оқыңыз. Ең дұрысы – отандық классиканы оқу. Оқыған кезде асықпай, әр сөйлемді пайымдау керек. Бұл сөздік қорды көбейтіп, сөйлем ішіндегі сөздерді дұрыс орналастыруға көмектеседі.
2. Сөздік қорыңыздан паразит сөздерді шығаруға ұмтылыңыз. Олар – және, иә, не десем екен, яғни, қалай айтсам екен, бұл, жалпы, болып табылады және т.б. Сөйлеу барысында эмоцияңызды көрсетуге тырысыңыз. Мақал-мәтелдерді пайдаланыңыз.
3. Сөйлеу ырғағына мән беріңіз. Монотонды сөйлеу арқылы тыңдаушыларды жалықтырып жіберуге болады. Қажет кезде үзіліс жасап, эмоцияңызды көрсетіңіз.
4. Әңгіме барысында түрлі метафора мен теңеулерді пайдаланыңыз. Қалжыңға орын болса, оны да ұмытпаңыз.
5. Сөз саптауымызды ретке келтіру үшін сөйлесетін адамдарымыз көп болуы керек. Егер достарыңыз аз болса, теледидар мен радио көмекке келеді. Мысалы, сүйікті тележүргізушіңіз секілді сөйлеп көріңіз.
6. Бұлармен қатар, әдемі сөйлеп үйренудің тағы да бір тәсілі бар. Ол үшін үйіңіздегі бір затты алып, 5 минут бойы оның қасиеттерін көркем әдебиет стилінде сипаттаңыз.
7. Бұдан өзге бейтаныс сөздердің мағынасын білуге тырысыңыз.
Адам туралы ақпаратты көзі ғана емес, оның сөйлеген сөзі береді. Сөзіңізге қарап сіздің кіммен араласатындығыңызды, ата-анаңыздың қандай жандар екенін білуге болады. Сондықтан, әдемі сөйлеуге ұмтылыңыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: Дәметкен Абдуллаеваның жеке парақшасынан