Ойланбастан салынған суреттердің мағынасы

Қызықсыз дәріс немесе ұзақ жиналыс кезінде дәптеріңізге түрлі суреттер салушы ма едіңіз? Психолог мамандардың айтуынша, ойланбай отырып салынған осындай суреттер адамның мінезін сипаттай алады екен.

Біреу ерігіп отырғанда дәптеріне жұлдыз не жүрек салса, басқалары өз есімін жазып, қолын қояды. Бұның мағынасы қандай? Бірге іздеп көрейік.

Сандар

Телефон нөмірі, туған күні немесе басқа да кез келген санды жазып отыратындар материалды құндылықтарға жақын болады. Сіз сандармен, ақшамен жақсы жұмыс істей аласыз.

Күн, күн шуағы

Дәптерінің бұрышына күн, күн шуағын салып қоятын жандарға жылулық, мейіріміділік пен басқалардың ілтипаты жетіспейді. 

Геометриялық пішіндер

Қарапайым шаршы, үшбұрыш, ромб суретін салатындар өз ойын ашық айтудан қорықпайды. Олар қойған мақсаттарына жету жолын іштей жоспарлап жүреді.

"+" белгісі

"+" белгісін салатындар өзін бір нәрсеге кінәлі санайды. Және сол жағдайды шешпей, тыныштанбайды.

Ирек сызықтар

Дәптеріңіздегі ең жиі кездесетін сурет ирек сызытар немесе спираль болса, сізді басқалардың қиындықтары мен мәселелері аса ойландырмайды деп айтуға болады. Мұндай адам тұйық, басқалармен ашық қарым-қатынас құру ол үшін қиынға соғады.

Жұлдыз

Жұлдыз – салуға ең оңай белгі. Алайда оны тек оптимист жандардың дәптерінен байқай аласыз.

Жүрек

Мұндай белгі қыздар арасында кең таралған. Дәптеріңізге толған жүрекшелер сіздің сол кездегі эмоционалды жағдайыңызды көрсетеді. Демек жүректі тек біреуге ғашық қыздар салады.

Гүлдер

Гүлдің суретін салуды бізге сонау балабақша кезінде үйретеді. Ал ересек адамның гүл суретін салуы оның кең пейілді, мейірімді, жылы мінезін байқатады.

Шахмат тақтасы

Әсіресе тор дәптерге шахмат тақтасын салу оңай. Алайда мұндай қарапайым суретті салған адам өмірде қиын жағдайда болуы мүмкін. Сіздің алдыңызда қиын таңдау жасау немесе маңызды сұрақ шешу мәселесі тұрған болар. Ойланып көріңіз.

Қол қою

Өз есімін жазып, қасына қолын қоятын жандар жиі жағдайда өздерінің қамын басқалардан жоғары қояды. Мұндай кісі өзін жақсы көреді, оған қарамастан өзіне тура баға бере алады. Ол әрқашан әрі қарай даму жолдарын іздейді.

Өрнектер

Қайталанатын түрлі өрнектер сіздің бұл істен (жиналыстан, сабақтан) әбден шаршағаныңыздың белгісі.

Смайл

Смайл мен қызықты келбет салатындардың достары, таныстары көп болады. Олар кез келген адаммен тез арада танысып, достасып кете алады.

Тыныс белгілері 

Сұрақ не леп белгісі, үтір, нүктелерді "ойшыл" кісілер салады. Олар қандай да бір жағдайды ойлап, оны іштей өңдегенді жөн санайды. Әдетте мұндай кісілердің өзіндік философиясы болады.

Ал сіз ойланбастан ненің суретін салушы едіңіз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: refashion.ru