- Негізгі бет
- Психология
- Оу, жігіт! Гүлдер...
Оу, жігіт! Гүлдер тілін білесіз бе?
Гүл - жер бетіндегі ең сұлу жаратылыс иесі. Олардың ешкімге титімдей болсын зияны жоқ, керісінше айналасындағыларға шаттық пен қуаныш, көтеріңкі көңіл сыйлап, адам жанын жадыратып жүруге шебер. Ал сіз осы бір ғажап тіршілік иелерінің тілін білесіз бе? Білмегеніңіз қалай? Әдетте, гүлдердің түсі мен саны өте көп нәрсені білдіріп тұрады. Егер сіз біреудің адал жары, біреудің ақ боз атқа мінген ханзадасы (жігіті) болсаңыз, олардың тілін еркін меңгеруіңіз керек. Өйткені, нәзік жандылар қауымы гүлдермен етене таныс. Олар сіз тарту еткен гүлдердің түсіне қарайды да, бірден санауға кіріседі. Осыдан кейін ниетіңізді бірден түсіне қояды. Дұрыс таңдалмаған гүл қарым-қатынастарыңызға зиянын тигізбесіне кім кепіл? Қам жемеңіз! Бүгінгі жазба сізді тығырықтан оп-оңай алып шығады.
Есте жоқ ерте замандарда, яғни көркем сөз өнері дамымаған, хат жазу дәстүрі кең тарамаған кезде жігіттер өздерінің сезімдерін гүл арқылы жеткізетін болған деседі. Одан бері қанша ғасыр өтсе де, бұл дәстүр қаймағын бұзбай келеді. Қалыптасқан ереже бойынша, тек тақ санды гүлдерді ғана сыйға тарту керек. Ал оннан кейін қалағаныңызша ала беруіңізге болады.
Егер қызға өзіңіз сүйетін жанның сол ғана екендігін және ол секілді арудың ешқашан да қайталанбайтындығын білдіргіңіз келсе, бір шоқ гүл ғана ұсыну керек. |
Үш шоқ гүлді өзіңіз жеті қат аспанға немесе жердің түбіне болсын бірге кеткіңіз келетін перизатқа сыйлауға әбден болады. |
"Мен сені сүйемін". Сіздің жүрегіңіздің үнін бес тал гүл оп-оңай жеткізе алады. |
Жеті тал гүлді жұбайыңызға сыйлағаныңыз жөн. Өйткені, бұрынғылар дәл үйлену тойы күні ғана өздерінің жұбайларына жеті шоқ гүл тарту еткен деседі. |
Егер бір бойжеткенге достық пейіліңізді жеткізгіңіз келсе немесе әріптестік қатынастарды жақсартқыңыз келсе, тоғыз тал гүл сатып алуға тура келеді. |
Бір танысыңыздың көңіл-күйін көтеріп, тіпті жәй ғана жағымды нәрсе жасағыңыз келсе, он тал гүл, түзу ниетіңіз бен шынайы қарым-қатынасыңызды танытқыңыз келсе - он бір тал гүл ұсыныңыз. |
Сіз бір қарагөз аруды қатты ренжітіп алдыңыз. Кешірім сұрағыңыз-ақ келіп тұр. Оның алдына баруға бетіңіз жоқ немесе жәй ғана жігіттік намысыңыз жібермейді. Арнайы қызметкерлер арқылы немесе жақын досыңыздан кешірім толы хатыңызды қосып, он екі шоқ гүл беріп жіберіңіз. Қалғаны қыздың құзырында... |
Он үш - сәтсіз сан. Сондықтан мамандар 13 дана гүлді өзіңіз жақсы көретін адамдарға сыйламауға кеңес береді. |
Он бес тал гүлді өзіңіз ерекше сүйіспеншілік танытып жүрген, шексіз сыйлайтын, қатты құрметтейтін адамдарға сыйлаңыз. Анаңызға, әжеңізге, жеңгеңізге, ұстазыңызға тарту етсеңіз, нұр үстіне нұр болмақшы. |
Сөз соңында жігіттерге құшақ гүл емес, жапырақ жүректі сыйға тартатын жалғыз "Жібегіңізді" адаспай тауып алыңыз дегіміз келеді.
Суреттер::floralife.com.ua,sterlegrad.ru,portal-health.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева