Бұл – халық даналығы. Жастайымыздан әрбіріміз жалған сөйлеу туралы сан алуан әңгімелер, нақыл сөздер естіп өскеніміз рас. Ата-апаларымыздың өнегелі ертегілерін тыңдай отырып, бұл жаман әдеттен аулақ болуға тырысатынбыз. Ал сіз қарсы алдыңыздағы адамның өтірік айтып тұрғанын қалай аңғаруға болатынын білесіз бе?
Сіз сөйлесіп отырған жанның сөздері шындыққа жанаспайтынын анықтау үшін психолог маман болудың қажеті жоқ. Тек ұсынылған кеңестерге жүгінсеңіз болғаны. Ол үшін ең алдымен оның мимикасына назар аудару керек. Зерттеушілердің айтуы бойынша бірінші өтірікшінің бет-әлпеті өзгеріске ұшырайды екен. Яғни, бетінің бір жағындағы эмоциясы қаттырақ сезіліп, бұлшықеттері қатая түседі.
Екінші көзге көрінетін белгілердің бірі – сол эмоциясының қаншалықты ұзаққа созылатыны. Дәлірек айтқанда, қарапайым адамның шынайы эмоциясы 10-15 секундқа созылса, алдағыш адамдікі одан әлдеқандай азырақ, шамамен 4-5 секундты құрайды.
Келесі маңызды факт, бұл – айтылған сөз бен сезімдерінің сәйкес келмеуі. Мысалы, адамның айтуы бойынша сезген ашуын немесе таңданысын көрсетпей, сабырлы күйде жеткізіп тұрса, аздап күмән туындай бастауы мүмкін.
Дене мүшелерінің тілі де болады. Егер әңгімелесушінің көздері сізге тік қарамай, жиі-жиі сол жақ жиекке ұмтылып, ал саусақтары тыным таппай қозғалыста болса, оның айтқандары жалған болуы әбден ықтимал.
«Өтірік сөз – жарақат сияқты: жазылса да орны қалады» деген екен ұлы ақын Саиф Сараи. Жағымсыз әдеттен аулақ болу әр тұлғаның өмірлік ұстанымының негізі болуы тиіс.
Қорғау Еркеназ, Өскемен қаласы