Өткенді ұмыта білу керек - 2

Психологқа келетін адамдардың көбінің мәселесі – өткен жайттардың әсерінен күйзеліске ұшырау, жаңа өмір бастай алмау.

Егер біз өткенімізді ұмытпасақ, айлап, жылдап күйзелісте жүреміз. Уақыт өте келе бұл күйге де үйренісіп, оны қабылдап кетеміз...

Өткенді толық ұмыту керек, одан бас тарту керек демейміз. Бұл көлік жүргізумен бірдей: сіз алдыға қарай алмай, тек артқа қарасаңыз, көрген, өткен жолдарды ғана көресіз. Ал сіз ілгері қарауыңыз керек, тек арасында ғана артқа қарап қоясыз, себебі бұл сіздің өткеніңізбен байланыс, яғни осы күнге қалай жеткеніңізді аңғартады деуге болады.

Адамдар көп жағдайда бұдан құтылу үшін психологтың көмегіне жүгінеді. Бірақ, алдымен өзіміз тырысып көргеніміз дұрыс емес пе? Қане, көрелік..

Басы

3. Кешіруге дайын болыңыз. Егер сіз өзіңізді кінәлі сезінсеңіз, кешіруді тәжірибелеу қиынға соғады. Ал егер сіздің кінәңіз шын мәнінде басқа адамның кесірінен болса, сіз әділдікті аңсаумен болсаңыз, кешіру мүлде қиын болып кетеді. Бұл орайда сіз өткенді ұстаудың тек өзіңізге зияны тиетінін толық түсінуіңіз керек. Кешіре білмеу – сіздің жүрегіңізді қатайтады.

4. Әр нәрсені уайымдай бермеңіз. Өзіңізге «өткенде болған жайт маңызды ма?» деген сұрақ қойыңыз. Оны, тіпті, одан да үлкен мәселелермен салыстырып көріңіз. Бұл арқылы сіз өз проблемаңызды кішірейтуге тырысасыз.

5. Не қалайтыныңызды түсініп алыңыз. Егер сізге не керектігін нақты білсеңіз, бұл сізді әрекет жасауға, дұрыс жолға салады. Сіздің миыңыз автоматты түрде не қаламайтынын ойлаумен айналысады. Яғни, өткенде болған жайттарды еске алумен болады. Ал сізге болашақтың айқын бейнесін елестетіп үйрену керек. Армандарыңызды қағазға түсіріп, сол жайлы қайта-қайта ойлай беріңіз. Қолыңыздан келсе, тіпті, суретін салуға тырысыңыз. Осындай дұрыс бағыттағы кез келген әрекет сізді ілгері жылжытатыны сөзсіз.

6. Бар ішкі күшіңізді «қазіргіге» жұмсаңыз. Өткеннің өтіп кеткенін есіңізге салып тұрыңыз. Болған зат болды, бояуы сіңді демекші, өткен нәрселерді сіз өзгерте алмайсыз, оны тек қабылдауыңыз қалып тұр.

7. Өткеннен сабақ алуды ұмытпаңыз. Егер сіз өткенді толық ұмытамын десеңіз, өзіңізді де, жұртты да алдағаныңыз есептеледі. Себебі, өткеннен толықтай бас тарту, біріншіден, мүмкін емес, екіншіден, дұрыс емес. Сіз тек жағымсыз, ауыр эмоциялардан толық құтылуыңыз керек, өткенді еске алғанда тек жақсы сезім болуы керек. Егер сіз осыған жете алсаңыз, өзіңіздің өткенге тәуелді емес екеніңізді түсінесіз. Жіберген қателіктерден ой түйіп, сабақ ала біліңіз, себебі, әр нәрсенің пайдалы қорытындысы болады.

Осы кеңестердің сізге мол пайдасы болады деген үміттеміз!

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: elenasavlova.com