- Негізгі бет
- Психология
- Өткен шақ синдромы...
Өткен шақ синдромы
Өткен шақ – бұл осы шақтың тірегі және болашақтың ажырамас бөлшегі. Алайда сен үшін өткен шақ жайлы ойлау – мұң мен көз жасына орануға себепші. Есіңді жоғалтып, бәрін ұмытып, өткенді біржолата өшіріп тастағың келеді – неге? Өйткені ұяласың, қорқасың, ыңғайсыз, қайғылы – мыңдаған себеп бар, бірақ қалай ұмытуға болады деген басты сұрақ ешқайда жоғалмайды. Алдымен басын ашып алайық: неге есіңде сақтағың келмейді?
Өткен махаббат
Ол сен сүйген, жүрегіңді ұсынған алғашқы жігіт. Қандайда бір себептермен қарым-қатынастың ойраны шықты – ол сенің өміріңнен біржолата жоғалды. Сен махаббатыңды сақтап қалуға тырыстың, тәкаппар болдың, жыладың. Осылайша жылдар өте берді. Ойланып көрші, бәлкім оның қазір жаныңда болмағаны тіпті жақсы шығар? Ол сенің өмір жолыңдағы керемет кезеңдерге себепші болды: жаңа сезімдерге жол салды, бұрын беймәлім дүниенің сырын ашты. Бақытты етті.
Енді ол жоқ, бірақ өмір жалғасуда. Махаббаттың дауасы – махаббат дегенді білесің бе? Көп ұзамай басқа мінсіз адамды кездестіресің (қазір сену қиын болса да) және бұрынғы махаббатқа қарағанда жаңа махаббат әлдеқайда даналыққа, бақытқа толы сияқты көрінетін болады. Егер әзірге ешқандай сезім сергелдеңіне түскің келмесе, іспен айналыс. Бұрыннан химияны меңгеруді ойлап жүр едің ғой және өнер тарихынан емтиханды үздік тапсырғың келіп жүрген – қазір соған дайындалатын уақыт. Егер ғылымды меңгеру тым қиын көрінсе, өзіңе қызықты хобии тап: сноубордта сырғанауды үйрен, ескі заттарды қайта өңде, шығармашылықпен айналыс –өзіңді қандай бағытта дамытамын десең де, немен айналыссаң да, соған басыңмен кіріс. Және ең маңыздысы: өзіңді және оны кешір. Болған іске біреуді айыптап, кінәлауды доғар. Өкпелеуді тоқтатқан жағдайда, бәрі орын-орнына келе бастайды.
Өткен достық
Сыныптас қыздар мектептің жұлдызы Серікке ғашық болып жүргенде, сен құрбың екеуің топ әншілеріне ғашық болып, олардың суреттері мен плакаттарын жинап, концерттерін аңдыдыңдар. Қайғылы махаббат жайлы хикаяларға күліп, өз әлемдеріңде өмір сүрдіңдер. Және сол әлеммен болашаққа қадам басамыз деген ойларың да болды. Құндылықтар да, қызығушылықтар да, көзқарастар да бірдей еді. Сендер тіпті ұрысып та қалмадыңдар. Ол жай ғана параллель сыныптағы Елдоспен қол ұстасып кетті де қалды, содан кейін оралған жоқ. Ал кейде бұл қайғылы махаббаттан да ауыр тиеді. Не істеу керек?
Отырып, не болғанын саралау керек. Ал кейін жай ғана кешіру қажет – бұл достыққа қайта сену үшін аса маңызды қадам. Және қандай қорытынды жасамасаң да оған хабарласып, ризашылығыңды білдір. Ал содан кейін жаңа өмір баста. Уақытша жалғыздық өзіңмен-өзің болып, өмірге жаңа көзқарас қалыптастыруға негіз болады. Өйткені әр қиыншылық бізді шыңдап, түсінігіміз бен ақылымызға ақыл қоса түсетінін ұмытпағайсың. Сен оған өміріңде болып жатқан барлық жағдайды айтып отыратын ба едің, саған әңгімелесетін адам керек пе? Күнделік баста – қарапайым дүние болғанымен жақсы көмектеседі. Кейін оқып, өзіңе маңызды тұжырымдар жасауға көп септігін тигізеді. Жоғарыда аталып өткен әрекеттерден кейін артыңа бұрылып қарасаң, бәрі өтіп кеткенін байқайсың, ал сен ақылдырақ бола түсесің. Яғни, бәрі осылай болуы керек болған.
Өткен болашақ
Сен кішкентай кезіңнен мал дәрігері болғың келді, кәмелеттік жасыңды Гоада қарсы аламын деп армандадың және үш жылда француз тілін меңгеру жоспарда болған. Дәл солай істер едің, егер өміріңе «бірақ» деген сұрқия екпіндеп араласпағанда. Кез келген жағдай жоспарларыңа кедергі бола алады: қалауларыңның өзгеруі немесе сенің қалауыңнан тыс болатын себептер. Тек бір нәрсе анық: сен қаржы саласына түсесің, он сегіз жасыңды туыстарыңмен атап өтесің, ал француз тілі... Қазір болашақ француз емес, ағылшын тілінде. Енді әрі қарай қалай өмір сүремін деген сұрақ туындайды. Шынымен, қалай? Бағытты өзгерту қажет. Егер зорлықпен өз қалауларың мен мақсаттарыңнан бас тарсаң, бірдеңені өзгерту ешқашан кеш емес. Егер адам шынымен бірдеңені қаласа, ол арманынан бас тартпайды және өз дегеніне жетеді.
Егер бұрынғы қалауларың мен мақсаттарың мәнсіз әрі күлкілі болса, онда мәселе басқа. Бұл сенің өмірлік ұстанымдарыңның өзгергенін білдіреді – ешқандай ақырзаман туған жоқ. Жай ғана қазір, осы мезетте не қызықтыратынын ойлан. Егер бұл сұраққа жауап жоқ болса, ата-анаңмен кеңес немесе өмірлік тәжірибесі бар басқалармен сөйлесіп көр. Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі – жақындарың тығырықтан шығудың жолын көрсетеді.
Өткен шақтағы сен
Мінсіздікке ұмтылған романтиктен сен кебір күмәншілге айналдың. Бойыңда толып жатқан қайшылықтардан мықты бола түскендейсің. Бұрын бәрі өзгеше еді: музыка, қызығушылықтар, араласатын адамдар. Қазір бәрін өзгерткің келетіндей сезімдесің. Өйткені бәрі қарабайыр, жалықтырғыш. Осыдан жарты жыл бұрын ғана өміріңді музыкасыз елестете алмаушы едің: ол көңіл-күйіңді көтеретін, рухтандыратын, әлеміңе жаңа леп беретін. Енді плеерді қоссаң, ештеңе білдірмейтін, бос әуендер. Және бұл үрдіс бәріне қатысты: достар, қызығушылықтар, көзқарастар. Бұрын ешқашан айтылған сөз бен істелген істерің жайлы ойланбайтынсың, ал қазір әр іс, әр әрекетіңді саралап, ұйқысыз түндерді өткізесің. Және бәрібір өмірлік ұстанымың дұрыс емес сияқты. Басыңда көптеген сұрақтар. Не болды? Бұл – есеюдің белгісі.
Сен қаласаң да, қаламасаң да, бұл әркімнің басынан өтеді. Кейбіреулерде білінбейді, ал кейбірі бір күні әлемнің өзгеше екенін түсініп оянады. Бірақ әлем өзгермейді – тек сенің түсінігің өзгерді. Енді көзқарастарың мен құндылықтарыңды жаңа дүниетанымға сәйкес үндестіру қажет. Бұл қиын. Біршама төзім қажет. Қазір сурет өнерімен бе, әлде грек тілін үйренумен бе, жалпы немен айналысқың келетінін анықтау оңай емес. Өзіңді асықтырма. Осы түбегейлі өзгерістің толықтай өтіп кеткенін күт: өз-өзіңе баға беруді доғар, көбірек оқы, айналаңа қара – міндетті түрді өзіңе қызық болатын дүниені табасың. Және адамдармен көбірек аралас: әлеумет қандай бағытта дамығың келетінін түсінуге көмектеседі.
Сенің өткенің де, болашағың да өз қолыңда. Өткен шақ – бұл тәжірибе. Ал тәжірибе жаман немесе жақсы болмайды. Өткен шақ тек қана пайдалы.
Сурет: www.litsa.com.ua, ilady.info
Дайындаған: Анар Мұстафина
А. Құлтай