- Негізгі бет
- Психология
- Өткен жылға өкпелі...
Өткен жылға өкпелі жандар үшін
Жаңа жыл мерекесі жаңа өмір бастап, әдемі дастархан жасаумен ғана ерекше емес. Мұнымен қатар, өткен жылға қорытынды жасау үшін таптырмас күн. Көрші халықтарымыз «Жаратқанды күлдіргің келсе, өз жоспарларыңды айтып бер» деуші еді. Өткен жылға өкпеңіз болса, ең бірінші есеп беруден бастаңыз. Жаңа жыл басталмай тұрып, жеке өмір, қарым-қатынас, ақша мәселесін ретке келтіріп алған жөн. Өткен жылға не себепті көңіліңіз толмайтындығын да анықтап көріңіз. Өткен жылмен есеп айырысып барып қана жаңа өмірді бастай аласыз. Және ең бастысы армандарыңызды жазуды да ұмытпаңыз. Дональд Трамп: «Арманыңыз ақылға сыйса, міндетті түрде орындалады» дейді. Олай болса, есеп айырысуды бастайық:
"Қаржы"
Жыл қорытындысы:
Сіз ақшаңыздың қайда кеткенін түсінбедіңіз бе?
Келесі жылға жоспар:
Кіріс пен шығысты теңестіру.
Не істейміз?
Қағаз бетіне майда-шүйде шығындарға дейін түсіріп отырыңыз. 75 теңгеге сатып алынған сағыздың өзі қалтаңызға салмақ түсіруі мүмкін. Майда заттардың арқасында шығынның көбейе түскендігін байқамай қалуыңыз мүмкін. Мамандар бөлмеңіздің ішіндегі соңғы бір жыл ішінде пайдаланбаған заттарды жинастырып, оларды қанша теңгеге сатып алғандығыңызды анықтауды ұсынады. Артынша қанша ақшаңыздың желге ұшқандығын көресіз.
Қалай ойлаймыз?
Әрине, өмір бір-ақ рет берілетіндіктен, өзіңізден аямауыңызға тырысуыңыз керек. Позитивті ойлау теориясы ақшаны қалай оңай жұмсасаңыз, дәл солай өзіңізге қайтып келіп отыратындығын айтады. Алайда сол қажетсіз дүниелердің орнына өзіңіз мәң мәрте іске асыра алатын дүниелерді сатып алуыңызға болады ғой. Ақшам жоқ деп айта берсеңіз, олардың сізде еш болмайтындығы анық. Сол себепті сөздік қорыңыздан «Мен мұны ала алмаймын» деген сөзді алып тастап, орнына «Мен мына затты ала аламын, алуға мүмкіндігім бар» деген секілді сөздерді орнықтырғандығыңыз жөн.
"Жеке өмір"
Жыл қорытындысы:
Сүйіктіңізден көңіліңіз қалды ма?
Келесі жылға жоспар:
Жаныңызда кімнің жүру керектігін түсініңіз.
Не істейміз?
Фэн-шуй технологиясын меңгеруде «сүйіктіме тапсырыс беру» деген ұғым бар. Ол үшін бір қағазды алып, төрт бөлікке бөліңіз. Бірінші бөлігіне сүйіктіңіздің бойынан көргіңіз келетін қасиеттерді жазыңыз, ал екіншісіне мүлдем ұнамайтын қасиеттерін орналастырыңыз. Үшінші бөлігіне қандай жағымсыз қасиеттерге көз жұма қарай алатындығыңызды, төртіншісіне сүйіктіңізге өз тарапыңыздан қандай жақсы қасиеттерді ұсына алатындығыңызды жазыңыз. Философтар мен ғалымдар тілектерді жаза отырып болымсыз етістікті пайдаланудан аулақ болғандарыңыз жөн дейді. Төртінші бөлікке жазған артықшылықтарыңыз арқылы қандай жігітке лайық екендігіңізді де анықтай аласыз.
Қалай ойлаймыз?
Не нәрсені жоғалтып алатындығыңызды ойлаудың қажеті жоқ. Осы күнге дейін жеке өмірімде барлығы ойдағыдай болмады деп өзіңізді жегідей жеудің де пайдасы шамалы. Өміріңізге жаңа адамның кіргенін қаласаңыз, оған орын босатыңыз. Сәтсіздіктерден сабақ алып үйреніңіз. Сіздің махаббатыңызды біреу қабылдамаса, сізге ұнауы мүмкін көптің бірі деп қана қабылдаңыз. Оның ұнамды мінезі өзгелердің де бойынан табылуы мүмкін. Әдетте, сүйіктілерімізден шамадан артық дүниелерді талап етеміз. Алайда әркімнің өз жолы бар, олардың біздің ойымыздан шығуы міндеті емес. Біз ашуланамыз, ренжиміз. Соған қарамастан, бірінші кезекте өзге жанды қалай бақытты ете алатындығыңызды ойлауыңыз қажет. «Сүйіктіңізбен бақытты болғыңыз келсе, айырмашылықтарыңды емес, ұқсастықтарыңызды көбірек ойлаңыз».
"Стиль"
Жыл қорытындысы:
Киетін киім жоқ, киген киімді салатын жер де жоқ.
Келесі жылға жоспар:
Киімдерді сұрыптау.
Бар болғаны толықтай бір күніңізді арнаңыз. Бірінші біздерді үнемі алға сүйреп жүретін аяқ киімдеріңізден бастаңыз. «Сұлуынан жылуы» деген ұстанымды шетке ысырып, екеуіне де көңіл бөлетін кез келгендігін мойындаңыз. Өзіңізге жарасымды киімдерді ғана жинақтауға дағдыланыңыз.
Қалай ойлаймыз?
Үйді ретке келтіріп, сыртын айнадай етіп жарқыратып қою жеткіліксіз, ең алдымен жан-дүниеңізді ретке келтіруіңіз керек. Олай болса жалқауланбай межеленген уақытта үйдің ішін ретке келтіріп отырыңыз.
"Сыртқы көрініс"
Жыл қорытындысы:
Айнаға қарап тұрғанда қандай сезімде боласыз?
Келесі жылға жоспар:
«Мінсіздікке ұмтылу адам баласын қажытып жібереді. Бұл өмірде мінсіз болуыңыз шарт емес. Дене бітіміңізді жаратқанның сізге берген сыйы деп қабылдаңыз» дейді психолог мамандар. Бұл өмірде мінсіз адамдардың болмайтындығын жадыңызда ұстаңыз.
Қалай ойлаймыз?
Өзіңізді мінсіз болғанда емес, дәл қазіргі күйінде де жақсы көріңіз. Ронда Берн өзінің «Құпия» кітабында барлығының да сіздің ойыңызға байланысты екендігін айтады. Сол себепті өзгелерге өзіңізді мұқатуға жол бермеңіз. Тек жағымды қасиеттеріңізді ғана ойлаңыз. Соңында айтарымыз жаңа өмірді Жаңа жылдан бастау шарт емес. Оған дәл қазір кірісуіңізге болады.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru
Қ. Бүйенбай