- Негізгі бет
- Психология
- Отбасылық өмір туралы...
Отбасылық өмір туралы өсиет әңгіме
Әйелі мен күйеуінің отасқанына 30 жыл толды. Отбасында қалыптасқан дәстүрге сай әйелі күнде күйеуіне тоқаш нан пісіріп береді. Бұл жолы да осы әрекетін қайталады. Тоқаш нанды ортасынан бөліп, үстіңгі бөлігіне май жағып, күйеуіне ұсына берген кезде, тоқтап қалды. Қолын артқа тартты.
Ішінен «Бүгін - айтулы күн. Неге осы күні тоқаш нанның өзім қалаған бөлігін жеп көрмеске? Мен осыны 30 жыл бойы армандап келдім емес пе? Адал жар, аяулы ана болып ұлдарымымызды тәрбиеледім. Үнемі көңіліне қаяу түсірмеуге тырыстым. Үй шаруасына тиянақты болдым...»
Осы шешімді қабылдаған соң денесі біртүрлі дірілдеп кетті. Отбасында 30 жылдан бері сақталып келе жатқан дәстүрді бұзып, жарына нанның астыңғы бөлігін ұсынды.
Күйеуі тоқаш нанды алып: "Қымбаттым, сен маған баға жетпес сыйлық жасадың! 30 жыл мен тоқаш нанның астыңғы бөлігін жеп көруді армандайтын едім. Бірақ оны сен қатты жақсы көретіндіктен, сұрауға ұятым жібермейтін. Сен бақытты болуға лайықсың", - деді.
Қорытынды: өзіңнің пікіріңмен бөлісудің маңызы зор. Ал ортақ шешімге келе білу – баға жетпес алтынмен тең қасиет.
Қ. Бүйенбай