Бала кезімізде кім боласың деген сұраққа: "адам болам, ғалым болам, зерттеуші болам" деген секілді репликалармен жауап беруші едік. Он бірінші сыныпқа таяған соң ол мақсатымыз "жайлы, ақшасы көп орында отыру" болып өзгерді. Әлбетте, ақшалы болғанға не жетсін. Дегенмен көпшілігіміз байлықты шенеунік болумен байланыстырған екенбіз. Әкім, министр болсақ қана байлыққа кенеліп, ақшаға шаш етектен бататын болып жүрдік.
Дегенмен қазіргі жағдайға мұқият назар салып қарасақ, астымыздағы әкімдіктің жылы креслосы бізге байлықты жеткілікті деңгейде қамтамасыз ете алмайды. Әлбетте, жемқорлыққа бой ұрмасақ... Ал біз ойлағандай ақшаға кенелу үшін ар сатып, қол былғауға тура келеді.
Шындығында байлықтың көзі мемлекеттік жұмыс емес, - ғылым екендігін түсінбеппіз. Көкірегі ояу, көзі ашық бір азамат келіп осыны зерделеп түсіндірмеген де. Соның себебінен біздер "оқу оқиық, ғылым үйреніп жаңалық ашып өзімізді қамтамасыз етеміз" деудің орнына "оқиық, сосын біліміміз арқылы бірдеңе қылып жүріп шенеунік боламыз, сосын ақша табамыз" деп келгенбіз.
Нарықтық қоғамның заңдарын жете түсінетін адам ғылым мен креатив арқылы көп шыңды бағындыруға болатындығын біледі. Сондықтан бар уақытын жаңа идеялар іздеумен өткізеді. Шын ынталанып, істеймін деген адам түбінде бір бағы жанатыны анық.
Сол себепті інілеріміз бен балаларымызға түсінікті осылайша қалыптастыру керек деп ойлаймыз. Ұрпақ ауысып, жаңарған сайын халықтың санасы да өзгеріске ұшырап отыратыны анық. Бірақ бұл өзгеріс неғұрлым тезірек болса, қазақ халқы да соғұрлым жылдам дамып, мерейлі ел болар еді.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: vk.com