Қоғамда өмір сүргеннен кейін әртүрлі жағдайларды басымыздан кешіреміз. Бірде қуансақ, бірде ренжіп жатамыз. Кейбір жайттар жанымызды жаралап, ұзақ уақытқа дейін есімізден кетпей жүреді.
Осындай келеңсіздіктің бірі - өсекке ұшырау. Әсіресе бір үзім нанды бөліп жеп жүрген құрбыңыз бар сырыңызды біліп алып, жұртқа әшкерлесе, оның бұл қылығы сізді көпке шейін есеңгіретіп кетері сөзсіз.
Өсек деген не?
Өсек болған оқиғаны баяндау емес. Өсек айту - болған оқиғаға өз нұсқасын, түсінігін, пікірін қосып, бұрмалап, жұртқа тарату.
Өсектен қалай сақтануға болады?
1. Алдымен дос-жаран таңдағанда өте ұқыпты болыңыз. Кез келгенге күле кіріп, күңірене шығатын жандарға құпияңызды ашудан аулақ болыңыз.
2. Өзіңіз де байқамай өсек айтып қоятын әдеттен арылғаныңыз жөн. Себебі жігітін, туысын, қатар-құрбысын жүйелі түрде жамандау бірте-бірте дағдыға айналып, өсек айтуға алып келуі мүмкін. Бұл жерде дана халқымыздың «сөйлей-сөйлей шешен болады» деген мәтелі еріксіз есіңе түседі.
Психологтар өсек айтудың белгілі бір дәрежеде адамға қанағаттану сезімін сыйлайтынын, ағзадағы серотонин тәрізді гормондарды арттыратынын айтады. Себебі біреуді өсектеу арқылы өз жеке басындағы күйзелістерден көңілі алаңдайды әрі біреудің кемшілігін сөз қылу арқылы адам оның жанында өзін ақылды сезінеді.
Белгілі жұлдыздар туралы жазатын басылымдарды, сайттардағы мәліметтерді үзбей оқып, алған ақпараттарымен бөлісетіндер де бар. Жұлдыздардың өмірін талқылау адамды оларға бір табан жақындатады, болмаса олардың да ешкімнен артық емес, кәдімгі пенде екендігін, тіпті кей кезде бақытсыз екендігін сезініп, қанағаттану сезіміне бөленеді.
Егер сізге осы айтылған жайттар жақын болса, физиканың тартылыс заңына сәйкес, өзіңіз де бір күні өсектің нысаны боларыңыз сөзсіз.
Өсектен қалай құтылуға болады?
Өзіңіз туралы өсек естісеңіз, сабырлы болуға тырысыңыз. Отыз екі тістен шыққан сөздің отыз рулы елге тарайтыны баяғыдан белгілі. Ешкімнің аузына қақпақ қоя алмайсыз. Сол себепті бірден өсектің ордасына барып, соғыс жарияламаңыз, әйтпесе жағдайды одан сайын ушықтырып, ұзын-сонар сериал басталып кетеді. Сондықтан өсекті таратқан адаммен оңаша, байсалды түрде сөйлесуге тырысыңыз. Сіз жақтан өсекші қауым күткендей реакция болмағандықтан, назар басқа жаққа ауа бастайды.
Сурет: Михаил Хван
Ұқсас жазба:
Өсекке қалмас үшін не істеуге болады?