Орны толмас өкініш

Әуежай. Тағатсыздана ұшақ күтіп отырған орта жастар шамасындағы әйел. Ұшу уақытына әлі біраз мезгіл бар. Күту залындағы дүңгіршектен бір кітап, дүкеннен кішкентай қалтадағы пірәндік сатып алды. Бұрыш жақтағы кісі аяғы аздау орындыққа келіп отырған әйел кітабын парақтай бастады. Оның қасына қартаңдау келген ер адам келіп жайғасты. Ортаға қалтадағы пірәндік қойылды. Кітапқа бар назарымен берілген әйел әудем уақытта пірәндікке қол салды. Бір тал. Екі тал. Ол беруін алса, қасындағы ер адам да бір талын алады, екіншісін алса екіншісін... Ол өз-өзіне таң қалып отырды. Аздан соң ашу қысты. Ерегескендей әйел әр тал пірәндікті алып аузына салған сайын қасындағы кісі де бір талын аузына лақтырып жіберіп отырды. Әбден ашуға булықты. «Шіркін, көшеден немесе басқа жақтан кездесер ме едің, ит теріңді басыңа қаптайтын едім!» деп әйел ішінен тістеніп отыр. «Сапар алды ғой, жол үсті, жанжал бастамай-ақ қояйын» ол өз-өзіне басу айтып, зорға отыр.

Ең соңғы пірәндік қалды. Мосқал еркек оны да алды. Әйелдің таң қалғаны ол пірәндікті ортасынан бөлді де, жартысын оның қолына ұстатып, жартысын өзі жеді. Әйел тіптен түтігіп кетті. Дәл сол кезде ұшаққа міну туралы хабарландыру айтылды да, ол орнынан жұлына тұрып, аяғын тақылдата басып жүріп кетті.

Ұшақ іші. Кішкентай сумкасын орнына жайғастырып жатқан әйел тұрған орнында сілейіп қалды. Сумка ішінде дүкеннен сатып алған, қалпы бұзылмаған өзінің пірәндігі тұр. Оның өн-бойын тер басып кетті. Іші удай ашыды. Қатты намыстанды. Өйткені, ол үлкен қателік жасаған еді. Өзімнің затым деп басқа біреудің затын емін-еркін пайдаланды, тіпті енді ол кісіден кешірім сұрау мүмкіндігі де жоқ.

Адам өмірінде орны толмас өкініштерді мына төрт түрге жинақтауға болады екен.

Бірінші, тас лақтырып болғаннан кейін.

Екінші, «айтылған сөз атылған оқ». Сөз ауыздан шығып кеткеннен кейін.

Үшінші, орай өтіп кеткеннен кейін.

Төртінші, уақыт өтіп кеткеннен кейін.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: zastavki.com