Орай

Алқара теңіздің төсінде жүзіп келе жатқан кеме апатқа ұшырады. Жүздеген адамдар арасынан су ішері бар біреуі ғана ағашқа жабысып, судың ағынымен бір аралшаға шығып, аман қалады. Жүрегінде үміт оты өше қоймаған ол аралды шиырлап, тамақ боларлықтай дүниенің бәрін жинайды. Әрі оны ағаштан күркеше жасап, ішіне тасып алады. Бұл дүниелер оның бір ай талғажау етіп, күн көруіне жететін еді. Осы аралықта кездейсоқ өткен кеме де ұшырасып қалуы мүмкін.

Ол әр күні биік жерге шығып, теңізге көз тастаумен болады. Бірақ, арада бір апта өтсе де, теңізден бірде-бір кеменің қарасын көре алмайды. Бір күні теңізге тағы шолуға шықты. Кенет аспанды бұлт торлап, найзағай жарқылдады. Күркеше жақтан будақтап ыс шыға бастады. Ол сол жаққа қарай жүгірді. Күркешеге жай түсіп, өртеніп жатыр екен. Лаулаған жалын бой берер емес. Сол сәт ол жаңбыр тілеп, өкіріп жылай бастады. Күркеше күлге айналып болғанша, жаңбыр да жауған жоқ. Үміті үзілген ол мүлдем торыққан күйде күркеше жанындағы шөптің тамырымен өз-өзіне қол салды. Көп өтпей, аралға кеме келіп тоқтады. Күлге айналған күркеше мен өлікті көрген кеме бастығы: «Ол өрттен будақтаған қара түтіннің алыстағы кемелерді бұл араға бастап келерін мүлде ойламаған екен ғой, сәл сабыр сақтаса аман қалар еді» деді күрсініп.

Орай ойламаған жерден кезігеді. Орайды жарата білу керек, бірақ, орайды күте білетін жүректілік те керек. Қою қараңғылықтан кейін құланиектеп таң шұғыласының көтерілетіні сияқты, тамаша өмір де дауылдан кейін болады. Тек оны күте білсеңіз ғана болды.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: foundmydream.blogspot.com