Өмірге сеніммен қарайтын адам, басқаша айтқанда оптимист кезіктірсең, көңілің көтеріліп, өзің де өмірге риза жан болғың келеді. Оптимист болу үшін не істеу керек? Жақында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі осы сұраққа тосын жауап іздеді.
"Social Psychological and Personality Science" журналында жарық көрген Кельн университетінің ғалымдары жүргізген зерттеулер оптимистке тән ерекшеліктерді анықтады. Олардың басты қасиеті... Қолды жиі жуу болып шықты.
Зерттеуге 98 адам қатысты, оларды 3 бірдей топқа бөлді. Бірінші және екінші топ адамдарына қолдарынан келуі мүмкін емес қиын бір тапсырма берді. Сәтсіздікке ұшырағаннан (оптимизмі кемігеннен) кейін бірінші топтың адамдарына қол жууға ұсыныс жасады. Осыдан кейін олар екінші оңай тапсырмаға кірісті. Екінші топ қол жумай-ақ екінші тапсырманы шеше бастады. Үшінші топқа түскен сәтті адамдар бірінші тапсырманы жасамай-ақ, екіншіге бірден өтті.
Психологтардың айтуынша, қол жуған топтың адамдары басында қапаланса да, келесі тапсырмаға екінші топқа қарағанда оптимистік көзқараспен кіріскен. Ал үшінші топ адамдары қиын тапсырманы өткермегеннен кейін, іске (екінші тапсырмаға) оптимист сынды жақсы көңіл-күймен келген.
Нәтижесінде мамандар қолды жуу оптимизмнің көбеюіне ықпал жасайтынын дәлелдеді. Алайда іске деген жақсы ниет оның сәттілігінің кепілі бола алмайды деп қосты ғалымдар.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: superfishka.ru