- Негізгі бет
- Психология
- Онлайн махаббат...
Онлайн махаббат
Ғаламтор - мектеп, университет, кеңсе сияқты ерекше, өз заңдары мен міндеттері бар виртуалды қоғамдық орта. Қазірде мыңдаған адамдардың басын қосатын қоғамдық желілердің белсенді қолданушы болсаңыз, блогтар арқылы өз сезіміңізді қалай байқатуға болатынын оқып көріңіз.
Ғаламтордағы кез келген нәрсе тікелей емес, астарлап айтылады. Сондықтан қоғамдық желіде өз ойыңызды дұрыс жеткізе біліңіз.
Менің жігітім - бәрінен де жақсы!
Расымен жігітіңіз керемет болып, осы ойыңызбен бүкіл әлеммен бөліскіңіз келсе, оның "нағыз жігіттік" іспен айналысып тұрған суреттерін жариялаңыз. Мысалы, көлік ішінде не кәуап әзірлеп отырған кездерінің фотосуреттерін салыңыз.
Мен сені сүйемін!
Бұл ойды баршаға емес, тек жарыңызға жеткізу керек болса, екеуіңізге ғана түсінікті, ортақ бір әзіл, сөз, сурет, фотоны блогқа жариялаңыз. Барша әлемді байланыстырып отырған ғаламтордағы екеуіңізге ғана ортақ зат оған әлбетте ұнап, бұл ойыңызды жеткізе алады.
Жүйкемді жұқартпаңдаршы!
Жұмысыңыз жүрмей, барлық әлемге ызаңыз келіп тұрса да, бұндай сөздерді блогқа жазу тәрбиесіздіктің белгісі болып көрінеді. "Шаршадым, тезірек үйге жетсем ғой..." десеңіз де, көңіліңіздің жоқ екені түсінікті болады.
Ал мына дүниелерді ғаламтордан аулақ ұстаған жөн:
- Жігітіңіздің сізге еркелеп не кішкентай күшікпен ойнап отырған сәттердің суреттері. Бұндай суреттер көпшіліктің көзіне арналмаған. Жігіттің эмоционалды осал жерін білсеңіз, жарияламақ тұрмақ, жасыруыңыз тиіс.
- Жігітке бағытталған сөздерді блог ретінде жазу. Жеке өмірді көпшілікке көрсетудің шегі бар. Екеуіңізге өмірлік маңызы бар әңгіме қоғамдық желідегі достарыңызға түкке тұрғысыз бос сөз болып көрінуі мүмкін.
- Жігітті жамандайтын кез келген сөздер. Құрбыларыңыздан виртуалды көмек алғыңыз келсе де, жігітті әшкерлейтін сөздерден сақтаныңыз.
Сіздің ойыңызша, ғаламторда тағы нені жазған дұрыс/дұрыс емес?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: book-science.ru
С. А