- Негізгі бет
- Психология
- Өмірім қызықсыз. Не...
Өмірім қызықсыз. Не істеймін?
Саған өмір қызықсыз. Үйреншікті жұмысың да қызықсыз, үй де қызықсыз, тіпті достарыңмен кездесулер де қызықсыз. Және бірдеңе өзгертуге еш құлқың жоқ. Күнде бір істің қайталана беруі адамды мезі етеді. Өмірде жаңашылдық азайып барады, таң қалатын дүниелер де азайып кеткендей.
Өміріңе жарқындық кіргізу үшін не істеу керек? Ол үшін күнделікті істерді өзгертуден бастау керек.
Импровизацияла. Егер жұмысқа көлікпен немесе қоғамдық көлікпен баратын болсаң, орта жолдан түсіп қалып, жаяу барып көр, асықпа, саябақпен барсаң тіпті жақсы. Немесе демалыс кезінде теледидар қарап жатқанша керемет бір жерге серуендеуге шық. Егер серіктерсіз жүре алмасаң, жалғыз қалып көр, ойлан.
Эксперимент жаса. Мәзір жазылған кітаптан бас тартып, өзің ойлап тапқан, ерекше тағам жаса. Қарапайым кешкі астың орнына мерекелік дастархан жайып, шырақ жағып, романтикалық кеш ұйымдастыр.
Өзгер. Киім киісіңді, шаш үлгісін, шашыңның түсін өзгерт. Сәнді болғаны үшін емес, өзің қалаған киіміңді ки.
Қысылған сезімді шығар. Іште қысылған сезімді босат. Мысалы, бір сағат бойы қалағаныңды жаса: айқайла, жүгір, ән айт, шула...
Бетпердеңді шеш. Қоғам мәжбүрлеген рөлдерді азырақ ойнауға тырыс. Өзгелердің құндылығы мен зорлап міндеттеген стереотиптерін анықтауды үйрен. Өзіңнен нәр ал, өз сұлулығыңнан, өз келбетіңнен, өйткені сендей адам бұл әлемде жалғыз. Біреуге еліктеуді доғар, бұл сені тұлғалығыңнан айырады.
Өзіңді жақсы көр. Әркім бұл әлемде қайталанбас, жалғыз. Кемшіліктеріңе бола жазғыра бермей, қалай барсың, солай өзіңді жақсы көр.
Мотивация ойлап тап. Өмір қас-қағым сәтте өте шығады. Ертеңге, алдыңғы айға, келесі жылға құрған жоспарлар сол күйі жоспар болып қалуы мүмкін. Мотивация ойлап тауып, соларды тез арада іске асыруға кіріс.
Жақсы көр. Жақсы көретін адамдарыңды не үшін жақсы көретініңді, олардың жақсы қасиеттерін көре біл және айта біл. Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын.
Қуанып үйрен. Болмашы жеңіс болса да қуан. Және тіпті жеңілсең де, өйткені – бұл үлкен сабақ. Келесіде мұндай жағдайда қалай әрекет ету керектігін білетін боласың.
Таңданып үйрен. Әлемнің ғаламаттығына, тамаша табиғатқа, бәріне таңданыспен қара. Бұл әлемде небір түсініксіз құбылыстар мен ғажайыптар бар. Өзіңе жаңалық ашып отыр.
Адамдармен аралас. Әр адам өзінің ерекше тағдырымен, мінезімен, болмысымен, ойларымен ерекше. Әрқайсынан өзіңе қажетті сабақ, үлгі ала аласың. Олардың орнына өзіңді қойып көр: оның орнында болғанда қалай әрекет етер едің? Олардың қателіктерінен сабақ ал. Бірақ ешқашан адамдарды қателігі мен мінезін жазғырма.
Сурет: www.motivazzia.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina