- Негізгі бет
- Психология
- Өмірде жоқ жануардың...
Өмірде жоқ жануардың суретімен өзіңізді таныңыз
Адам психологиясы ғажайыпқа толы. Оны түсіндіріп жеткізудің өзі қиын. Әсіресе қиял мен арманның шексіздігі туралы әңгіме айту мүмкін емес. Жеке ерекшеліктер адамның болмыс-бітімінде ғана емес, жазған-сызғанында да көрініс табады. Мысалы, қиял еркіндігіңізді «Өмірде жоқ жануар» суретімен анықтап көрейік.
Ол үшін мына мақаланы оқымай тұрып, өмірде жоқ жануардың суретін салыңыз.
Салдыңыз ба? Енді өзіңізді тексеріп көріңіз.
Суреттің парақтағы орны
Парақ тігінен тұрған кезде сурет ортасында бейнеленсе, бұл қалыпты жағдай деп есептеледі. Ал егер сурет жоғарғы жағына салынса, сурет авторы өзін қатты бағалайды және қоғамдағы орнына разы еместігін әрі өзінің бағаланбай жүргенін білдіреді. Ал егер төмен салынса, сурет авторы өзін тым төмен бағалағаны. Ол өзін сенімсіз әрі әлеуметтік дәрежесі өзін толғандырмайды дегенді білдіреді.
Суреттің негізгі бөлігі
Жануардың басы оңға қарап тұрса, бұл адам тез шешім таба біледі, бастаған ісін соңына дейін жеткізеді, жоспарын іс жүзінде жүзеге асыра алады.
Егер бас солға қарап тұрса, сурет авторы жеке басына көп көңіл бөледі дегенді білдіреді. Жұмысты істегеннен бұрын, жұмыс туралы көп ойланады. Істі қолға алмас бұрын ол туралы он ойлап, мың толғанғанды жөн санайды.
Жануардың басы сурет авторына қарап тұрса, эгоцентризмнің басымдығын білуге болады. Егер баста көз, құлақ, ауыз секілді сезім мүшелері бейнеленса, сурет авторы өзгенің ойына тәуелді деп ойлаңыз.
Егер ауыз ашық тұрса, тілі көрінсе, ал еріні бейнеленбесе, сөзге жақын, тіпті ауызжаппас екенін аңғаруға болады. Ал ерін бейнеленсе, ол кісінің сезімтал екендігінен хабар береді. Ал аузы ашық әрі ерні мен тілі болмаса, бұл кісінің бойында қорқыныш әрі сенімсіздік бар екенін білуге болады. Балалар мен жасөспірімдер көбіне ауыз дөңгелек формада бейнелейді, бұл қорқыныш пен үрейден хабар береді.
Жануардың тістері адамның вербалды ашуын көрсетеді. Яғни, дауда өзін қорғайтын «қауіпті» әрі дөрекі сөздер сөздік қорында бар екенін білуге болады.
Көз ерекше рөл ойнайды. Егер адам көздің алмасын анықтап салса, үрейдің символын байқауға болады. Егер сурет авторы әйел адам болса және қасты бейнелесе, өзін көрсеткісі келеді дегенді білдіреді. Ал егер ер адам қасты бейнелесе, оның бойында әйелге тән қасиет бар деп білген дұрыс.
Бастың көлеміне назар аудару қажет: егер бас дене формасына сай келмесе, сурет авторында зияткерлік пен дұрыс ойлау қабілеті басым.
Мүйіз, тырнақ, денедегі инелер секілді дүниелер ашуды білдіреді. Бұл ашуды өзін-өзі қорғану не аяқ астынан туған деп есептеуге болады. Жануардың қауырсындары бейнеленсе, сурет авторы өзін танытқысы келеді дегенді білдіреді. Түк немесе жал адам өзінің жыныстық ерекшелігін танытқысы келетіндігін білдіреді.
Суреттің төменгі бөлігі
Жануардың аяғы денесіне сәйкес бағаланады. Егер аяқ ірі болса, сурет авторының дұрыс ойлап, дұрыс шешім қабылдай алатындығын, жоспар құрып, сол ізбен жүретіндігін білдіреді. Ал кішкентай ірі қысқа аяқтарды жеңіл ойлап, дұрыс шешім қабылдай алмайтындар бейнелейді. Мұндай ерекшелік аяқ салмаған «суретшілерден» де байқалады.
Аяқты денемен қалай байланыстырғаны да адамның жеке қасиетін көрсете алады. Егер денесі мен аяқ түсініксіз жағдайда байланысып тұрса, адам ұқыпсыз, айтқанын өзі түсінбейтін, күйгелек болса керек.
Кей суреттерде екі аяқ бір жаққа қарап тұрады және бірдей болады, бұл суретті қалыптасқан ойдан шыға алмайтын, тек бір жақты ойлайтын адамдар ғана салады. Ал егер екі аяқ екі түрлі бейнеленсе, бұл адам сыни ойлай алатын қасиетке ие.
Г. Берік