- Негізгі бет
- Психология
- Өмір сыйы немесе...
Өмір сыйы немесе дәрігердің ерлігі
Бостон орталық шипаханасы. Майколь шипагер кеңсесінде отыр. Ол АҚШ бойынша ең үздік жүрек алмастыру маманы әрі жүрек аурулары бөлімінің жауаптысы болатын. Жақында ғана шипаханаға әкелінген бір науқастың ауру тарихын көмекшісі қолына тигізді. Енді соған үңілді: «Канбер, 32 жас, қан тобы О...» ап-анық жазылған осы ауру тарихында Канбердің ең көп болғанда төрт ай ғана ғұмыры қалғаны ескертілген. Майколь Канбердің лазерлі суреттен әлдеқашан үлкейіп кеткен жүрегін көріп, еріксіз күрсініп қойды. Бүкіл Америкада жылына мыңнан астам науқас жүрек алмастыру отасын жасатады. Ал алмастыратын жүрек оңай табылмайды. Төрт ай ішінде бақытсыз біреу өліп немесе үй ішіндегілері оның жүрегін беруге қосылмаса, Канбердің жарық дүниемен қош айтысуы мұнда тұрған іс.
Кенет шыр еткен телефон даусы оның ойын бөліп жіберді, тұтқаны қолына алып еді, арғы жағынан бір әйелдің даусы естілді:
- Майколь дәрігер, мен ақ үйдегі хатшымын. Мәртебелі президент атынан сізге телефон жалғап тұрмын, - сыпайы сөйлесе де, сөз мәнерінен биліктің буы білініп тұр, - Шипаханаңызға Бунис атты науқас әкелінді, оның үкіметтің жоғары дәрежелі мансапты адамы екенін білетін боларсыз, оған тезірек жүрек алмастыру отасын жасап, құтқарып қалуыңыздан үміт етеміз! – соңында тағы, - Оның үкіметтің маңызды адамы екенін есіңізден шығармаңыз, - дегенді айтты.
- Мен Бунис мырзаны бар күшіммен емдеймін!
Ақ үйден келген телефон шынында бүкіл емхананың назарын аударды. Іле-шала шипаханаға екі салтанатты көлік келіп тоқтады. Бунис Бостон шипаханасының 609 бөлмесіне келіп орналасты.
Бунис биыл 62 жаста, үкімет ісіне араласқанына көп жыл болған, ауру азабын көп тартқанымен, жанары әлі отты екен. Ақ үйден бірге келген шипагер Бунистің енді бес ай ғана ғұмыры қалғанын ескертіп, оның жүрек алмастыру отасын жасатуға зәру екенін айтты. Майколь Бунистің ауру тарихын оқып отырып, Канбер екеуінің ауруы мен қан типтерінің бірдей екендігін байқап, жағдайдың тым күрделі екендігін сезінгендей болды.
Жүрек алмастыру үшін науқасқа бірталай тексерулер жүргізілді. Бунис пен Канбердің тексеру нәтижесі тез арада шықты. Жүрек ауруының әсерінен Бунистің бауыр, бүйрегінің зақымдалуы ота өлшемінен әлдеқайда асып кеткен екен. Ал Канбердің зақымдалу мөлшері аса ауыр емес еді. Егер бүйрек пен бауырдың зақымдалу мөлшері өлшемнен асып кетсе, жүрек алмастыру отасын жасауға әсте болмайтын еді. Майколь Бунисқа емдеу алып бару арқылы бауыр және бүйрек қызметін қалпына келтіріп, жүрек алмастыру өлшеміне жеткізуге бекінді.
Қас-қаққанша үш ай өте шықты. Бунисқа үш айдан бері емдеу жүргізілгенімен, оның бүйрек-бауыр қызметінің қалыпқа түспеуі, сонымен қоса, алмастыратын жүректің дер кезінде табыла қоймауы шипагерді қатты алаңдатты. Оның үстіне ақ үйден жиі-жиі телефон келіп, Бунистің хал-жағдайын сұрайды. Бүкіл шипахананың назары осы іске ауған еді. Өмір мен өлім арасында талқыға түскен екі науқасты қалай құтқару мәселесі оны қатты тығырыққа тіреді.
Дәл Бунис пен Канбердің ақтық минуттары таяған сәтте, қаладан сегіз жүз шақырым жердегі шағын қыстақта бір жастың шырғалаңнан бақытсыздыққа жолыққан хабары жетті. Тексере келе бұл жастың дене бітімі мен қан тобы бұл екі науқасқа сай келетіні анықталды.
Шипахана бастығы бұл хабарды ести сала, Майкольдың кеңсесіне тұра жүгірді. «Майколь, жаңа ғана бұл хабарды ақ үйге жеткіздім. Президент мырза естіп қатты қуанды», деді есіктен кіре.
- Алайда, кімге алдымен ота жасау керектігі жайлы бір бекімге келе алмай отырмын, - деді Майколь көңілсіз жауап беріп. Шипахана бастығы бұл жауапты естіп тіксініп қалды:
- Майколь шипагер, жынданайын деген екенсіз! Әрі-сәрі болмастан, тез бекім жасаңыз! – деді қатаң түрде.
Шипахана бастығы кеткен соң Майколь ауыр ойға шомды. «Алдымен кімге ота жасау керек? Бірін құтқарса, бірін өлімге үкім еткенмен бірдей. Расында қатігездік. Бунисті құтқарып қалса ғой, шипаханаға да, өзіне де үлкен тиімділік болғалы тұр. Ол қалай да өте ықпалды адам. Ал Канбер ше? Ол қарапайым гүл баптаушы жігіт. Келер-кетері жоқ. Бірақ ол да жас ғұмыр ғой. Оның үстіне Бунис ота талабына үйлеспейді, ота жасалған күнде де бірнеше жыл ғана өмір сүреді. Олай болса, отадан кейін алда дәм-тұзы таусылғанша ғұмыр кешуге тиісті жас жігіттің өмірі біржола тоқтамақ. Не істеу керек?!»
Әдетте кесіп айтып, бекім жасайтын дәрігер бұл жолы шынында да дағдарып қалды. Алдында ауыр сынақ. Адамгершілікке жүгінсе, бәрінен айрылмақ. Керісінше болғанда, бәріне де ие болмақ. Майколь әрі-сәрі күйде Бунис жатқан 609 бөлмеге келді. Хабарды ол да естіген екен. Қатты қуанған Бунис:
- Шипагер, бұл хабар мені желпіндірді. Бақытсыздыққа жолыққан жас жігітке өкініш білдіремін, алайда мен әлі де өмір сүруім керек, солай емес пе?! – деді оған үмітті жанарымен. Дәрігер «Мен тек шипагермін, өмір менің қолымда емес қой» дегендей көзқарас танытты да, шығып кетті.
Ал қарама-қарсы бөлмеде жатқан Канбер үн-түнсіз төбеге тесіліп қарап жатты. Жүрек жайындағы бұл хабар оған ешқандай көңілділік сыйлай алған жоқ. Мұндай жүректі тек ақ үйдің беделді адамы ғана қажет ете алады. Қай тұрғыдан айтса да, шипахана алдымен Бунисті құтқарады. Шипагердің есіктен кіргенін көрген Канбер орнынан тұрмақ болды:
- Дәрігер, алаңдамаңыз. Мен әлі өлген жоқпын ғой... – деді демін ішіне тартып, - Мен тағы да күтейін.
Дәрігер оны орнына сүйеп жатқызды да, ештеңе айтпастан шығып кетті.
Майколь сағатына қарап, енді үш сағаттан соң ота жасалатынын тұспалдады. Уақыт тығыз, ота дайындығын жасауы керек. Кеңсесіне асығыс кіргенде, шипахана бастығын көрді. Оның шешімін шипахана бастығы айқайлап жіберді:
- Бұл шешімнің шипахана, үкімет қана емес, алдағы өмір жолыңа тікелей қатысты екенін білесің бе?!
- Білемін, біз Бунисқа ең озық емдеулер алып бардық. Бірақ оның бүйрек-бауыр қызметі қалпына келген жоқ. Ота жасауды денсаулығы көтермейді. Мен бір шипагермін. Саясаткер емеспін! Менің алдымда барлық адам тең құқықты, – Майколь шипахана бастығының көзіне батыл түрде тіке қарады, - Қазір менің жұмысым бәрінен маңызды. Жүректі науқастың денесіне сәтті түрде көшіру, - деді салмақты түрде.
- Сенің бұлай істеуіңе әсте болмайды. Жынданған екенсің! Мен ақ үйге мақұлдық беріп қойғанмын. Енді қалай түсіндіремін? – Ол тіпті де айқайға басты.
- Оларға өзім түсіндіремін. Әрі барлық жауапкершілікті өзім арқалаймын.
Ол сөйтті де, енді талас-тартыстың өзі артық дегендей, телефон тұтқасын алып: «Канберге хабарлаңдар. Қазір ота жасалады» деді. Канбердің бөлмесі ғажайып үміт сәулесінен нұрланып кеткендей болды.
Бір айдан кейін 609-бөлмедегі Бунистің әлсіз жүрегі соғуын мәңгілікке тоқтатты. Оның өлімі бүкіл елді дүр сілкіндірген хабарға айналды. Бұл хабар ішінде Майколь шипагердің өсек-аяңға толы әңгімесі де таралып жатты. Ол жұмыстан босатылды. Алда не болары белгісіз. Ол мұның бәрін ерте топшыласа да, тура шешімі үшін ешқашан өкінген емес. Бәрінен құралақан қалса да, ауыр қысым астында өзінің әділдік пен адамгершілік сенімінен бас тартқан жоқ.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек