Өмірде барлығы сіз ойлағандай бола бермейді. Оны түсіну үшін ұзақ жылды сарп етудің қажеті жоқ. Әрбір адам тағдырдың сынағымен бетпе-бет келгенде, алға қойған жоспары астаң-кестеңі шыққанда, басын төмен салбыратып, өмірден түңіледі. Осындай жағдайдан мұңаймай шыққан кісілер ары қарай ұмтылып, діттеген жеріне жетеді. Мұндай қажырлы қадамға көп адамның баруы екі талай. Сондықтан бүгін біз сіздерге жолы болғандар қатарына кіру үшін аз ғана кеңес береміз. Ауыр жұмыс жасатып физикалық тұрғыдан шаршатып немесе көптеген логикалық сұрақтармен басыңызды қатырмаймыз, әрине. Тек, өзіңіздің алға қойған мақсатыңызға қалай жетуге болатынына бағыт-бағдар береміз.
Ең бірінші күнделікті бір істі әдетке айналдырып, уақытыңызды белгілі бір сатыларға бөліп жүру, болашаққа жасаған қадамыңызға кері әсер етеді. "Бұйырған кетпес, қуған жетпес" деген мақалды миымызға сіңіріп, алма піс, аузыма түспен талай уақытты жоғалтамыз. Бұл өмірде өзіңізге-өзіңіз ғана қожайынсыз. Сондықтан, алдыңызға мақсат қойып, соған жету үшін жанталасыңыз. "Соғыс шығынсыз болмайды" дегендей, бұл үшін біраз жұмысыңызды ысырып тастауға тура келеді. Егер аяғына дейін күресіп, берілмесеңіз, онда соңында бақыттың балын татасыз. Алдыңыздан кездесер қиындықтан жылдам шығуға үйренесіз.
Екіншіден, сіз әр нәрсе уақытымен келгенін қалайсыз. Алайда, уақытымен тек қана табиғаттың мезгілдері мен адамның балалық шағы, жастық шағы және қартайған шағы келетінін ұмытпаңыз. Қалғанының барлығына адам өз күшімен жетуі керек. "Әрекет болмай, берекет болмас" деп айтып кеткен бабалар сөзінің жаны бар екенін сіз сол уақытта сезіне бастайсыз. "Барға қанағат, жоққа сабыр" бұл біреудің еншісіндегі затты ұрлау емес, тек өз еңбегіңізбен жетістіктерге жетсеңіз, нағыз қанағатшылдық – сол.
Үшіншіден, бетперде кимеңіз және ондай адамдармен араласуды доғарыңыз. Қазір сіздің досыңыз жетерлік, әлеуметтік желімен байланысып, мектепте, жоғарғы оқу орынында толассыз достардың қатарында жүрісіз. Басыңызға іс түскенде қасыңыздан неше дос табылатынын білесіз бе? Мұны ешкім де білмейді. Өйткені үш-төрт немесе мүлде жақыныңыз табылмауы мүмкін. Сонда, өкініштен өзегіңіз өртеніп, тағдырға ашуланып, айқайлағыңыз келеді. Бірақ, мұның барлығы сізден басқа ешкімге керек емес. Қасыңыздағы көп адам барыңда бағалап, жоғыңда табалайтыны сөзсіз. Сол үшін, ең бірінші, шынайы келбетіңізді сақтап, қасыңызға өзіңіз секілді жандарды жинауды әдетке айналдырыңыз. Отырардың есігін ашып берген Қарашоқылар қиын жағдайда қасыңызда болса, онда жоспарыңыздың күл талқаны шығады.
Төртіншіден, қанша мықты, ақылды, данышпан және қалталы немесе кедей болсаңыз да адамдықтан алыстамаңыз. Ол сіздің жетістікке жеткенде соңыңыздан айтылатын аңыз әңгімелердің біреуі болары анық. Біреуге қиянат жасап, арам жолмен нанын тартып алып, қаражатын жымқырсаңыз, кейін сіздің де дәл сондай оқиғаға тап болуыңыз әбден мүмкін. Себебі сіз жасаған бумерангтың екі ұшы бар екенін ұмытпаңыз. Бір ұшы жауыңызға тисе, екенші жағы өзіңізге тиуі мүмкін. Сондықтан өзіңіздің болашақта қандай болатыныңызға қазірден әрекет жасаңыз.