Күнделікті тұрмыста, қызметте, оқуда болсын қандай оқиғалардың жүзеге асатынын алдын ала болжай алмаймыз. Бірде қуанышқа толы тәтті күндер өткізсек, енді бірде болмашы дүниелерге бола ренжісіп жатамыз. Кей адам екінші бір адамды қаншалықты қуантып, қаншалықты бақытты етіп жүргенін сезбеуі мүмкін. Ал екінші бір адам ең жақын деген адамын ренжітіп, одан кешірім сұрамауы да ғажап емес. Қандай жағдай болса да, бір нәрсе анық: өзгелер туралы жақсы пікір айтатын адамның өмірде жолы болады. Біздің өзгелер туралы айтатын ойымыз өзіміздің болмысымызды танытады. Үнемі жақсы сөздер айтып, позитивті болып, мейірімділік танытсақ, айналамыздағылар бізге тартыла түседі. Ал өз кемшілігімізді жасыру үшін өзгенің ұятты ісін нұсқайтын болсақ, керісінше өзіміз туралы жағымсыз пікірдің қалыптасуына себепші боламыз.
Әр күніміз соңғысы болуы мүмкін. Бұл өмір қысқа, қазіргі экология мен психологиялық тұрақсыздықтың салдарынан тез қартаямыз деген сөз емес. Бар болғаны өліммен кеңесіп, «дәл қазір, осы жерде» өмір сүруіміз керектігін меңзегіміз келеді. Сол кезде ғана біз нағыз өмірдің дәмін татамыз.
Өмір – күнделікті жүзеге асатын әрекеттердің жиынтығы. Яғни біздің әр күніміз – өміріміздегі ең маңызды сәттердің бірі. Егер құнды қалауыңыз бен арманыңыз болса, оларды дәл қазір орындап, іске асыруға кірісіңіз. Қалаған адамыңызбен дәл қазір сөйлесіңіз. Әдетте ең жақын деген адамдарымызға аз көңіл бөлеміз. Жақындарыңызға қамқор болыңыз. Олардың жаныңызда әлі қанша болатынын сіз нақты білмейсіз. Саяхаттаңыз. Өміріңізге қуаныңыз.
Әлемде күн сайын көп адам жаңа піскен нан сатып алады. Бірақ міндетті түрде таңертең кешеден қалған қатқан нанды тауысады. Оны тауысамын дегенше жаңа піскен нан да қатып үлгереді. Нәтижесінде адамдар күнде қатқан нан жейді. Мұндай жағдай болмас үшін өміріңіздің әрбір сәтін бағалап, алтыннан да құнды екенін біліңіз.
Позитивті ойлайтын адамдар бақытты болады. Олар негативті ойлардан бірден арылып, олардың өз өміріне әсер етуіне кедергі жасайды. Егер жүрегіңіздің түбінде өкпе-реніш болса, оны босатыңыз. Жүрек – қоқыс салатын мүшек емес. Ол – тәтті естеліктер мен қуанышты сәттерге арналған қоржын. Аталарымыз «Өзгеге өлім тілегенше, өзіңе өмір тіле» деп бекер айтпайды.
Өзгелерге айтқан тілегіміз, жасаған жақсылығымыз бен жамандығымыз өзімізге қайтып келеді. Бұл өзімізге де қатысты. Егер белгілі бір түсініспеушілікке байланысты өзге біреуге жаманшылық тілейтін болсаңыз, мұны құрып жатқан жоспарларыңыздың «алғашқы кірпіші» деп біліңіз. Біреуге табыс, бақыт, жақсылық тілесек, мұның барлығы болашақты өзімізге қайтып келеді.
Күнделікті әрекеттерімізді қайталай беретін болсақ, нәтижесінде соған лайық сыйға ие боламыз.
Д. Грингер
Белгілі бір алгоритм бойынша орындайтын әдетіңіз болса, барлығы өзгеріссіз жалғаса беретінін біліңіз. Мысалы, сіз ағылшын тілін үйренгіңіз келді делік. Бірақ күнделікті оған уақыт бөлуді ұмытып, жалқауланасыз. Мүмкін осылай жасаған кезде, аз шаршайтын шығарсыз. Бірақ соңында мақсатыңызға жетпейтініңізді біліңіз. Өйткені сіз өміріңізге өзгеріс енгізуге асықпайсыз.
Өмір біз қателік жіберген кезде немесе кездейсоқ оқиғалар болған кезде жаңа арнаға бұрылады. Өміріңізді өзгерткіңіз келсе, кездейсоқ оқиғалардың жүзеге асуына мүмкіндік беріңіз. Мысалы, айына бірнеше рет жұмысқа басқа жолмен барыңыз. Бұрын-соңды барып көрмеген жерлерге қыдырыңыз. Басқа салада жұмыс істейтін адамдармен жолығыңыз.
Жалғасы бар...