Бұл жантүршігерлік оқиға шынымен де болған еді.
1990 жылы 26 мамыр таңғы сағат 6:10 кезі еді.
Англияның 5390 кезекті BAC1 нөмірлі ұшағы күндегісінше әуежайдан Испанияның астанасын бетке алып көтерілді. Тізгінде 21 жылдық тәжірибесі бар қарт ұшқыш әрі ұшақ бастығы Симон және жаңадан келген көмекші ұшқыш болды. Бұдан бөлек, бір жолаушылар бастығы, үш әуе бикеші және 84 жолаушы бар еді.
Ұшақ көтеріліп, 13 минуттан кейін 13 мың шақырымдық кеңістікте самғады. Симон ұшақты өздігінен ұшу күйіне ретке салды да, сусын ішкелі орнынан тұрды. Ол орнынан енді қозғала берген сәтте, «шарт» еткен қатты дыбыспен бірге Симонның сол жағындағы жел тосатын терезе әйнегінің күл-талқаны шықты. Сырттан ентелей енген жоғары қысымды күшті ауа Симонды ұшақ сыртына қарай сүйрей жөнелді. Терезеден басы енді шыға бергені сол, енді бағына жарай аяғы орындыққа қысылып қалды да, екі әуе бикеші шап беріп оның аяғына жармасты.
Жел тосатын терезе әйнегі шағылғаннан кейін ұшақтағы үш сақтық аспабы тоқтаусыз шырылдады. Кеңістік басқару орталығымен байланыс әлдеқашан үзілген. Ұшақтағы 84 жолаушы жағдайдан хабарсыз. Не болғандарын білмей аңтарылып шыбын жандары мұрнының ұшына жетіп, қатты састы. Ал ұшақ меңгеруге көнбестен, бар қарқынмен төменге қарай құлдилап барады.
Ал көмекші ұшқыш BAC1 нөмірлі ұшағының меңгеру жабдықтарына тым қанық емес еді. Қатерден жан сақтау үшін ол өзінің тіке түйсігі мен тәжірибесіне сүйеніп, құлдилаған ұшақты қайтадан жоғары ұшыруға барын салуда.
Десе де, ұшақ қатерден әлі толық арыла қойған жоқ. Ішке ентелеген жоғары қысымды ауа ұшақты тепе-теңдіктен мүлде айырып жіберді. Шағылған терезеден кіріп жатқан желді тоспаса, ұшақтағы жолаушыларға ауа жетпей өмірлеріне қауіп төнуі әбден мүмкін еді. Ал іштегі ауа мұндай жағдайда тек 30 минутқа ғана жетуі мүмкін.
Бәрінен де қатерлісі ұшақ бастығы Симон әлі де ұшақ сыртында. Сырттан кірген желді тосу үшін енді оны құрбандыққа шалғаннан басқа амал жоқ. Нөлден төмен 20 градустық суықта қалып қойған оның өлі-тірісі әлі белгісіз. Мұз боп қатып қалған ұшақ бастығын тастап жіберуге қимай бар күшімен тартып тұрған жолаушылар бастығы мен әуе бикешінің қолы әлдеқашан сіресіп қалған еді. Олар тек тосыннан бір мұғжизаның болуын төрт көзбен күтуде.
Англияның ұшақ ережесінде, ұшақ кеңістікте шырғалаңға ұшырағанда, ұшақ қызметкерлері басына төнген қауіпке қарамастан, барлығын құрбан етіп, жолаушылардың бас амандығына кепілдік ету керек деп жазылған. Бұл үшін әрине жолаушылардың рұқсатын алуы тиіс делінген болатын. Сондықтан ұшақ бастығын ұшақтан тастау-тастамауды тек жолаушылардың дауысы ғана шешеді. Жолаушылар бастығының рұқсатын алған әуе бикеші жолаушылар отырған залға кіріп астаң-кестеңі шыққан көңіл-күйін бірден орнықтырып, терең тыныстап алған соң жолаушыларға: «Біз аз ғана әурешілікке жолықтық. Сабыр етіңіздер. Ұшақ бастығы ұшақ сыртында қалып қойды. Ұшақ бастығын тастау-тастамау осындағы барлығымыздың бас амандығымызға қатысты. Сондықтан, көпшіліктің ойланып шешім жасауы керек. Ұшақ бастығын сыртқа тастауға қосылатындар қолдарыңызды көтеріңіздер. Қол көтерген адам саны осындағы адамдардың жартысынан асса, біз ұшақ бастығын сыртқа тастаймыз».
Ол сөзін аяқтаған соң ұшақ іші жым-жырттықа шомды. Бірнеше минуттан кейін біреу тәуекел етіп қолын көтерді. 2 адам, 5 адам, 10 адам, 20 адам...
Мұны көрген әуе бикеші қасіретке батқан қайғылы көңілін тежеп, көзінен жас шығармауға тырысып, еріксіз қол көтергендерді санауда. Қол көтерген адам саны жолаушылардың жартысынан асайын деді. Дәл 42 адамға барғанда, кенет бастан аяқ қолын көтеріп отырған бір адам ақырын қолын түсірді. Тағы бір адам оған ілесе қолын түсірді. 3 адам, 4 адам...
Ең соңында ешкім қолын көтерген жоқ. Мұндай әсерлі сәтті көрген әуе бикеші өзін тежей алмай, көз жасына ырық берді.
Осыдан кейін тағы бір қуанышты хабар жетті. Көмекші ұшқыш тынай құлшыну арқылы әуе басқару орталығымен хабарласып, олардың жетекшілігі мен нұсқауында шырғалаң туылған 22 минуттан кейін ұшақ ақыры Англияның оңтүстігіндегі әуежайға сәтті қонды. Ұшақ бастығы Симон дереу ауруханаға жеткізілді.
Адамның нанғысы келмейтіні, ұшақ сыртындағы жоғары қысым мен сүйектен өтетін ызғар суықта 20 минуттан артық тұрған ұшақ бастығы өлімнен аман қалған. Ол содан үш айдан соң қалыпты жұмысқа шықты.
Осы жолғы шырғалаң ұшақ жөндеу қызметкерлерінің жел тосатын терезе әйнегін ауыстырған кездегі алаңғасарлығынан болған екен. Ең қорқыныштысы, сол кезде ұшақ бастығы ұшақтан тасталса, ол сөзсіз ұшақтың жел қалағына оралып, ешкім де ажалдан аман қалмайды екен.
Ұшақтағы 84 жолаушының адамдық асыл қасиеттері ұшақ бастығын ғана емес, өздерін де өлімнен аман алып қалыпты.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com