- Негізгі бет
- Психология
- Өмір біреуге -...
Өмір біреуге - күрес, біреуге - ойын
Бастықтар айта бермесе де бірінші кезекте жұмыскерлерінің күйзеліске төтеп бере білу қасиеттерін бағалайды. Бұл профессионалдық қасиет пе әлде жеке дара адамға ғана тиесілі дүние ме?
Ол қасиетке тым сезімтал адамдар қалай ие болады? Әлде табиғаттан беріле ме? Біріншіден, күйзеліске төтеп беру дегеніміз – өмірдің қандай сәттері болмасын сабыр сақтап, қиындықтарды өткінші жаңбырдай қабылдау. Екіншіден, белсенділік танытып, алда болуға ұмтылу. Үшіншіден, ол қасиетсіз мектеп болсын, бизнес саласы болсын еш жерге бара алмайсыз. Мысалы, бизнестегі қарсыласыңыз сіз төтеп берсін деген ниетпен түрлі өсек-аяң таратуы мүмкін. Ол өсек-аяңдар жеке басыңызға да қатысты болуы да ғажап емес. Қарсыласыңыздың басты мақсаты сізді ашуландыру. Ал күйзеліске төтеп беру қасиеті бұның барлығын терезенің ар жағындағы масаның ызыңындай қабылдауға көмектеседі. Масаның даусы да естілмейді әрі артық мазаңызды алмайды. Күйзеліске төтеп беру дегеніміз осы.
Мұнымен қатар, бұл қасиеттің көше төбелесінде де пайдасы бар. Оны арнайы жаттығулардың арқасында игеріп алуға болады. Физикалық жаттығулардың көмегімен пайда болған күйзеліске төтеп беру қасиеті психологиялық жай-күйіңізді реттеп ғана қоймай, көше бұзақыларынан сақтандырады. Ал бұл қасиетті арттырудың интеллектуалды тәсілі Брейн-ринг секілді ойындар. Яғни «Кім? Қашан? Қайда?». Оны ойнап отырған адам уақыттың тығыз екендігін біліп, өзге ойыншылардың жағымсыз сындарына шыдай отырып жауап береді. Бұндай жағдайда команда басшысы да дұрыс жауап қайтара алмай қиналады. Алайда мұның өзі күйзеліс үстінде өзіңді жаттықтыру болып табылады.
Ал келесі бір нұсқасы «Миллионды кім алғысы келеді?» деп аталады. Бұл бағдарламаны көрген көрермендер өмірінде бір рет болсын ойыншыдан ерте жауап беріп, ол ойыншының не себепті дұрыс жауап таба алмады, жауабы оңай ғой деп қынжылған болатын. Ойыншы бірнеше камераның, өзіне үңілген адамдардың, дұрыс жауап қайтар деген сөздердің арасында отырғандығын, ал көгілдір экранның сыртындағы адамның диванда жатқандығын ескеруіміз керек. Сол секілді спорт залында мәнерлеп жаттығу бір бөлек, ойы мен қалтасында не бары белгісіз, көше бұзақыларына тап болудың жөні бір бөлек. Адам жоғарыдағы екі жағдайда да толқиды. Қаншалықты ақылды болса да, өзін ұстай білмесе жеңіліс табады. Тіпті, бұрын-соңды күйзелістің не екендігін білмеген жағдайда да. Өмірде сол себепті қабілеті бар ғана адамдар емес, күйзеліске төтеп бере алатын жандар табысқа жетеді.
Күйбең тіршілігімізде мақсатымызға жетуге кедергі жасайтын күйзелістің факторлары көп. Бұған қоса жетістікке жетуге талпынған адам толқып, бар мүмкіндігін жіберіп алады. Өміріміздің қысқалығы, өзгенің көңілі деген тағы бар. Өмір біреуге ойыншық болса, екіншілеріне күрес болып көрінеді. Ал жеңіске жету үшін үздіксіз дайындық қажет. Күйзеліске төтеп бере білу қасиеті жаңадан келген жоқ. Ондай адамдарды кейде ауызекі тілде «беті қалың» немесе жақсы мағынасында «жігері мықты» деп атайды. Спортта болсын, әскери дайындықта болсын психологиялық дайындық қатар жүреді. Осыған байланысты ғалымдар зерттеу жүргізген. Сарбаздарға әскери бөлімге қабылдану үшін «О» әрпінің сыртын сызып шығыңыз, «Е» деген әріпті мүлдем сызып тастаңыз, «А» әрпінің үстін сызыңыз сынды тапсырмалар беріледі. 2 минут беріліп, тапсырма орындалып жатқан кезде «О» әрпін сыз!, «А» әрпін айналдырып сыз!, «Е» әріптерінің төбесіне дәйекше қой!» деген дауыстар естіледі. Бұндайда тапсырманы орындап көріңіз.
Кейбір балаларға бұл қасиетті ата-аналары жастайынан сіңіреді. Өсе келе бұл қабілеттері жетіліп, бизнесте, өзге де салаларда жолы болады. Қатыгездік көріп өскен балаларда да дәл солай. Олардың бойларын қорқыныш пен үрей жаулап ала алмайды, олар қорқынышты қалыпты құбылыс деп қабылдайды. Мақсаттарына нық қадам басады. Кейде ата-аналарының қателіктерінен балардың бұл қасиеттері дамымай қалады, оны жетілдіру үшін жоғарыдағы ойындарды пайдаланып көріңіз. Адамдар жұдырығының арқасында емес, ақыл-ойының арқасында жетістікке жеткен.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru
Қ. Бүйенбай