Жастық оттары көздерінде жанып тұрған төрт жігіт банкке кіріп несие алды. Мол ақша үлкен жұмыстарды бастауға кеңінен жетеді. Банктың шарты ақшаны елу жылда өсімімен қайтарып болу.
Бірінші жас 25 жыл сауық-сайран құрып, қалған 25 жылында құлшына жұмыс істеп, алған қарызын қайтармақшы болды. Нәтижеде, ол 70 жасқа келгенше өндіріп жұмыс жасай алмады. Көз жұмғанша қарызға белшесінен батты. Құлпытасына "Жалқау" деген жалғыз-ақ ауыз сөз жазылды.
Екінші жігіт қарызды ала салып, бар күш-қуатымен қызмет атқарды. 50 жасында барлық қарызын қайтарды. Бірақ, сол күні-ақ зорығып жығылды, көп өтпей дүние салды. Оның құлпытасына "Жалын" деген сөз ойылды.
Үшінші жас 70 жасында барлық қарызынан құтылды. Көп өтпей ол да келместің кемесіне мінді. Оның басында "Қайсарлық" деген жазу тұрды.
Ал, төртінші жас 40 жыл жұмыс істеді. 60 жасында барлық қарызын қайтарды. Өмірінің соңғы он жылында әлемді аралап саяхат жасады. Жер шарының көптеген ғажап жерлеріне барды. Жүзінен күлкі табы кетпеді, 79 жасында ол да көз жұмды. Оның "Байсалды" деген аты көп адамдардың есінде қалды.
Сол жылы қарыз берген банктың аты "Өмір" болатын...
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: sk.com