Кей жігіттерге қыз тек өзіне қаратып алғанға дейін ғана қызық. Сіз оны енді өзімсіне бастағанда, ол мүлде хабарсыз кетуі мүмкін. Одан кейін сізде «нені дұрыс істемедім?», «мені ұнатпай қалды ма?», «неге суып кетті?» деп өзіңізді іштей жегідей жеу басталады. Оның жауабы біреу. Ол сізді сүймейді, сүймеген де. Бойында мына белгілер қаншалықты кездеседі, ойланып көріңіз.
Ол қатынасхаттарын жасырады
Жеке кеңістігіне ешкімнің кіргенін қаламайтын адамдар болады. Ол бөлек әңгіме. Ал егер сіз бөлмеге кіріп келгенде дереу ноутбугын жауып, телефонын қалтасына салып, тыққыштайтын адам туралы ойлану керек.
Ол адамдардың көзінше сіздің қолыңыздан ұстамайды
Бөгде адамдар жоқ жерде ғана жақындаса, ұяттылықты ұстанатын тәрбиелі адам деп қабылдауға болады. Ал ешкім жоқ жерде де қолыңыздан ұстамайтын болса, бұл басқа мәселе. Кездесіп жүргендеріңізді ешкім білгенін қаламайды. Басқа достарының арасында сіздің досым деп таныстырады.
Қоңырауларыңызға жауап бермейді
Сіз тәулік бойы оны іздеп, алаңдап, хабарласумен боласыз. Ол сізге жауап та жазбайды. Ғашық жігіт сүйгенін үнемі көргісі келіп, тым құрығанда дауысыңызды естігісі келіп асығып тұрады.
Тек кешке не түнде қолы босайды
Жұмыс уақыты тым тығыз болса да, бос уақыты болмаса да, күн сайын болмаса да, арасында сүйіктісіне хабарласуға санаулы минут табады. Барлығы адамның қалауына байланысты. Сізге тек түнгі мезгілде ғана хабарласатын болса, ол үшін жай ғана ермексіз.
Сізді ата-анасына, достарына таныстырғысы келмейді
Алдына арнайы барып, бұл менің болашақ жарым деп таныстырмаса да, шын сүйетін жігіт кездесіп жүрген қызы бар екенін жақындарына хабарлауға асығады. Сізге деген сезіміне сенімді болса, кез келген ер азамат қандай керемет қызға жолыққанын мақтан тұта айтып жүреді.
Ол тұрақты қарым-қатынас үшін жаратылған адам емес екенін айтады
Егер ер адам сізбен бірге уақыт өткізу қызықты екенін және оны тұрақты қарым-қатынас қызықтырмайтынын айтса, бұл шын мәнінде солай. Оның ойы өзгереді деп күтпеңіз де, үміттенбеңіз де. Оның сізге түк қызығушылығы жоқ. Тезірек құтылуға тырысыңыз.
Ол кездесуді алдын ала жоспарламайды
Өзі кешкі мезгілде ғана хабарласатынына көз жұмып, кездесуді өзіңіз алдын ала белгілегіңіз келсе де, ол сізге нақты жауап айтпайды. Көрерміз, ойланамыз деген екі ұшты жауапты қанағат қылуға тура келеді. Уәде беріп, сіздің алдыңызда кішірейгісі келмейді. Өзін бостандықта сезінуді қалайды.
Маңызды нәрселерді ұмытып кетеді
Ер адамдардың көпшілігі ұмытшақ болады. Себебі олар ұсақ-түйекке мән бермейді, аса маңызы жоқ деп, зейін қоймайды. Мұндайға кешіріммен қарауға болады. Ал жігітіңіз сізді туған күніңізде құттықтауды ұмытып кетсе, демек ол өзін сіздің жігітіңіз деп есептемейді.