Қыздар кейде жігіт көзқарасын дұрыс анықтай алмай жатады. Жанарына біреу қадала қалса, табан астында жылы сөйлей қалса, өзіне ғашық екен деп ойлап қалады. Сөйтеді де, сол жігіттің өзіне келіп жүрегін ұсынғанын күтеді. Ал жігіт ол ару жайында қандай ойда? Онда қыздың шаруасы жоқ. Өзін-өзі алдап, оның келер жолын тосып жүре береді. Өтірік емес!
Менен көзін алмайды
Кешірерсіз, сұлу болсаңыз, сізге бәрі сұқтанады. Егер жігіт сізден көзін алмай қарай берсе, бірден "сындырып" алдым деп ойлай салмаңыз. Мүмкін ол сізді бір танысына ұқсатып отырған болар. Бәлкім сізді бір жерден көргендей болып отырған шығар.
Менің суреттерімді қарапты
Егер жігіт сіздің әлеуметтік желілердегі жеке парақшаңызға "қонақ" болып кірсе, бірден ғашық екен деп ойлауға асықпай қоя тұрыңыз. Оның қандай мақсатта бас сұққаны туралы жан-жақты ойланыңыз. Сізде бар сурет оған ұнайтын шығар. Сол суретті өзіне жүктеп алу үшін кірген деп ойлаңыз. Немесе байқаусызда тышқанның стрелкасы сіздің парақшаңызды басып қалған болар.
Мені сұрастырып жүр екен
Сізді ортақ таныстарыңыздан сұрастырып жүрсе, қуануға әлі асықпаңыз. Әрине, көп жағдайда мұндай сұрастырумен басталған оқиғалар махаббатпен тәтті аяқталып та жатады. Бірақ бәрі де сіздің жүрегіңізден орын табу мақсатында сұрастыра бермейді.
Мені кеше биге шақырды
Екеуіңіз бір кеште кездесіп қалдыңыздар делік. Шаршы топта өңшең бұраң бел, қаракөзділер арасынан сізді биге шақырды ма? Демек сіз әдемі билейсіз, не сізден сол сәтті пайдалана отырып бір нәрсе сұрамақшы. Бұлар да болмауы мүмкін. Әрине, сізге көзі түсіп, ұнатып биге шақырса, "қой" деп неміз бар? Бірақ сіздің ойыңыз бірден алысқа кетпес үшін алдымен өзіңізді-өзіңіз орныңызға түсіріп қойыңыз.
Маған тиісе береді
Сізге жігіт жөнсіз тиісе бере ме? Ол ғашық болғаннан ғана емес. Мүмкін сіз көңілді қыз болған соң, сізбен ойнап-күлу оған жағатын шығар. Бәлкім сізбен тек қалжыңдасатын болар. Бала емессіз ғой. Кейде шынайы сезімі бар адам мен жай ойнап отырған адамды ажырату оңайға түспейді. Тек сіз қателеспеңіз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: mail.ru