- Негізгі бет
- Психология
- Ол қайта оралса,...
Ол қайта оралса, не істеймін?
"Өзімді-өзім тәрбиелеймін" сабағын жалғастырамыз. Бүгінгі тақырып ешкімге жат емес. Бірінің басынан өтіп жатса, басқасы басынан өткеріп те тастаған.
Ол қайта оралса, не істеймін? Кім? Өткеніңіз бе? Біз бәрін басынан бастап еске алып көрейікші. Сонда өз сұрағыңызға өзіңіз-ақ жауап табасыз. Кеттік, ендеше...
...Екеуіңіздің екі бағытқа бет алғандарыңызға біраз ай болды. Кімнің шешімі болса да, екіге айрылу бауыр басқан жандарға оңай тимесі анық.
Сіздің көзіңізге оттай басылған естеліктер тыным берер емес. Жаныңызды да, жүрегіңізді де жайына қояр емес. Осындай ойсыратар ойлармен алысып жүріп сіз өз бақытыңыздың аялдамасына аяңдайсыз. Артта қалған "ардақты адамыңыздың" қайта қайрылмасына сенер уақытыңыз болды. "Келсе, осы уақытқа дейін келер еді ғой" деп үлбіреп қана жанып тұрған балауыз үмітті өзіңіз-ақ үрлеп өшіресіз. Өшіргіңіз келмейді. Амал жоқ, басқа бақыттың оралатынына сенесіз. Сенгеніңіз - жақсылықтың нышаны.
Сіздің сеніміңіз ақталды. Ол келді. Жоқ, сіздің өткеніңіз емес, болашағыңызды айтамын. Сіз бұрын кешкен сезімді басыңыздан қайта өткере бастадыңыз. Әрине, басында оны кешегі ғашығыңызбен салыстыра бастадыңыз. Ол сіздің сыныңыздан мүдірмей өтіп келеді. Өзі не деген қайсар жігіт еді?! Сіздің қайғы мен мұң толы жүрегіңіздегі ескі естеліктерді жайлап қана шетке ысырып қойып, өзі жайғаса бастады. Мынау қайтеді ей? Өзі тіпті сіздің жаныңызды бұрыннан мекен еткен жандай еркінсиді ғой. Мейлі, рұқсат, жайғаса қойсын!
Өмір өзгере бастады...
- Сіздің енді телефоныңыздағы "ешқашан ұмытпайтын шығармын" деп түйген бұрынғы ғашығыңыздың номерін өшіруге батылыңыз барады.
- Сіз енді әлеуметтік желілерге кіргенде басқа бас әріпті іздейтін боласыз.
- "Сіздің керек екендігіңізді" қайта-қайта айтатын жанның смс хаттары толассыз жолдануда.
- Өткенді еске түсіретін орындардан енді сіз қол ұстасып мәз-мейрам боп өтесіз. "Бұрындары осы бақта қыдырушы ек" деп мұңайып қарайлайтын бақты сіз кейде байқамай өте шығасыз.
- Сіз қателескеніңді мойындаңыз: "Маған ешкім өзіңдей бола алмас" деп бәрін нүкте қойып едіңіз. Олай емес екендігін мойындаңыз, ендеше. Жаныңыздың жаңа тұрғыны ол секілді болу тұрмақ, тіпті одан асып түсе ме, қалай?
Бәрі осылай өрбіп келе жатқанда, кенеттен жүрегіңізді сырттан біреу қағады. Кім екен? Сіз жылап жатқанда жұбатуға шамасы келмеген, сіз құлап жатқанда демеу болуға күші жетпеген жан тұр көз алдыңызда. Жолына "келер" деумен қараған жан сіздің мекен-жайыңызға енді ғана тап болып тұр. Кеш! Тым кеш!
Бірақ сіздің ендігі күлі бықсыған сезімдеріңіздің қоқыс жәшігінен иісі шыға бастады. "Жоқ, ол қайта тұтанбауы керек!" Сіз солай ойлайсыз.
Өзіңізді-өзіңіз жөнге салмасаңыз, басқадан қайран жоқ:
- Ендігі оған деген сезімдеріңіздің мәні қалмағанын айтып түсіндіріңіз. Жоқ, ашуланудың, дау шығарудың қажеті жоқ. Бәрін асықпай айтып шығыңыз.
- Бұрын оны қаншалықты сүйгеніңізді, оны күткеніңізді, қиналғаныңыздың бәрін айтудың тіпті қажеті жоқ. Қателігін мойындап келіп тұрғанымен, ол бұл ісі үшін сіз ойлағандай (басын тауға да, тасқа да соғып) өкіне қоймайды. Тіпті сізді сол үшін аяуы да ықтимал.
- Оны жүрегіңіздің жаңа тұрғынымен таныстырыңыз. Сүйіктіңізге деген сезіміңіздің қаншалықты шынайы екендігін дәлелдеңіз. Тек жалған сөздің керегі жоқ. Жоқтан барды жасағанша, шынайылықтан алшақтамаңыз.
- Егер бүгіндері жақыныңызға айналып үлгерген серігіңізге деген сезіміңіз кіршіксіз болса, онда бұрынғы ескі сезімдерді жаңғыртудың қажеті қанша? Онымен өткен күндер тек тәтті естеліктер болып қана қала берсін. Өйткені өмір парақтарына өкінетін сәттер де жазылуы керек.
Бәрі өзіңіздің қолыңызда! Сұрағыңызға жауап тапқаныңызға күмәніміз жоқ!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: best-woman.ru, prikolnye-smeshnye.ru, vk.com
А. Әбілхан