Өмір болған соң түрлі жайттарға тап болып, түрлі адамдармен қарым-қатынасқа түсесің. Бірі сіздің мінезіңізбен сай келіп жатса, ал енді бірі қарама-қарсы мінезді болып келеді. Өзіңмен-өзің "өзіңше дұрыс өмір сүріп жүрмін" дегенмен біреуге жағасың, біреуге жақпайсың. Осындай қарым-қатынаста адамдар арасында өкпе-реніш деген нәрсе жүреді. Үлкен өкпе-реніштің ашуы қатты болса кекке ұласып кетеді. Ал енді кейбірі ұмытылып та қалады. Әйткенмен, біреуге ренжу және өкпелеуден екі жаққа да пайда жоқ. Тек арада түсініксіз сезімдер мен жеккөрушілік қана қалып қояды. Сонымен біз бүгін реніштің зияны жайлы айтып өтпекпіз.
* Біреуге ренжіген адамның өмірге де өкпесі көп болады. Мұндай адамдардың санасында өмірге деген махаббат болмайды. Болған күнде де ол көнере бастайды. Өйткені әлдекімге өкпелеген адам өзге де адамдардан немесе сол типтес адамдардан күдерін үзе бастайды. Сол арқылы өмірді де жөк көре түседі.
* Адамдарға көп ренжитін жандардың достық құруда жолы бола бермейді. Дос табудың сәті түсіп тұрғанымен бұл қарым-қатынасты әріқарай алып кете алмайды. Өйткені титімдей нәрседен таудай реніш жасап алатын адамдар жаңа достан да кірбің тауып алатыны рас. Өкпешілдердің шын достықта жолы болмайтыны сондықтан.
* Болмашыға ренжи салатын адамдар бара-бара өз кұнын да жоғалта бастайды. Қайта-қайта кешірім сұраудан да шаршайтындар бар. Кез келген нәрсеге өкпелей беретін адамдар көпке ұнай бермейді.
* Құр реніш – жүйке мен жүрекке ауыр салмақ. Адам ренжігенде ойланады, жүрекке алады және жүйкеге көп салмақ салады. Бір ғана реніш үшін адам іштей шаршай бастайды. Өкпелеуге тұрмайтын нәрсені көңілге алып, жүрегін ауыртатындардың өмірі өзгелерден күрделі болып келеді.
* Өкпе мен ренішке құмар адамдардың шекарасына адам жақындауы қауіпті. Өйткені олар көп нәрсеге өкпе артып, табан астында ренжи салуға әдеттенген. Олармен қарым-қатынас жасауда көбі шорқақ келеді.
* Ренжу – бос кеткен уақыт. Ренжуге кеткен бос уақытта сіз бірнеше игі іс жасап үлгересіз. Өзі онсыз да қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырды ренішпен өткізіп не керек?
Реніш пен өкпенің адамдар мен олардың қарым-қатынасында бұдан да көп әсері бар. Адамдардың мінезі мен қылығына қынжылсаңыз, түсінікті жайт. Бірақ адам болмысын ренішпен түзете алмайсыз ғой?..
Сурет: Евгений Кузнецов
Ұқсас жазба:
Реніш туралы өсиет әңгіме