"Бақытты адамдар ешқашан өкінбейді" деген рас па? Өкініш қандай және неден болады?
Өкінішке баянсыз алғашқы махаббат, сезімнің жетегінде кеткен қателіктер, құрбыларыңа айтқан құпия-сырлар, біреуге жасаған жамандық/опасыздық, мансаптағы қателік, ақталмаған сенім сияқты мысалдар баршылық.
Бақытты болғысы келетін адам өкініш, ыза, ашу, реніш, қорқыныш сияқты сезімдерден арылуы керек. Неліктен? Бір қарағаннан кез келген адамда бұл сезім бар және оларсыз мүмкін емес секілді көрінеді. Бірақ, шындығында, осы сезімдерді уақытымен босатып отыратын адам еш ауруға да шалдықпайды, ісі де оңға басады, өзі де жайдары көңіл-күйде жүреді.
Есейе келе біз талай жол торабынан өтеміз. Алдымыздан сан түрлі шешім қабылдайтын жағдайлар да шығады. Солардың бірінен сүріндей өтсек, басқасынан қате шешім қабылдап, өкінуіміз әбден мүмкін.
Америкалық психолог Олаф Майнер: "Өкініш 5 минуттан аса уақыт алмауы керек, өзіңізді жегідей жеп, уақытты ғана емес, өмірге қажет күш-қуаттан айырыласыз" деп айтқан. Расында да, бір қателікті тоқсан тоғыз рет ойлап, жылап, ызаланып өкінген адамға бұл әдістің көмегі тиген емес.
"Болған іс болды, бояуы сіңді" деген жұбату сөз жайдан-жай айтылған жоқ. Сондықтан оны ескеріп, проблеманың қаншалықты ауыр болғанына қарамастан, шешілетінін, не ұмытылатынын түсінуіңіз керек.
Бұл орайда тамаша нақыл сөзді келтіруге болады:
"Дана шәкірттеріне күлкілі жәйтті айтады. Тыңдаушылар күліп алған соң қайталап айтады. Бұл жолы жартысы ғана күлсе, үшінші рет қайталап айтқанда ешкім күлмейді екен. Сонда дана: "Сіздер бір нәрсені айтқанда күліп, қайталағанда күлкілерің келмеді. Онда неге бір себеппен сан рет қапаланып, жылайсыздар?" деп сұрады.
Бұл сұрақ көп адамды терең ойға салды. Расында да, бір күлкілі әңгімені қайталап айтсаң дәмі кетіп қалады, ал бір мәселені ойлап, жылдар бойы қамығып жүретін адам аз емес.
Өтіп кеткен жағдайды қайтару мүмкін емес. Ал көз жасты сүртіп, сабаға келіп, сабыр сақтап, шешім табу – өз қолыңызда. Өкініш сезімінің орнын қуаныш, арман, сенім, шаттық пен мақсатқ талпынушылық баса алады. Олай болса, неге әлі отырсыз?
Сурет: ©Григорий Борисов
Ұқсас жазба:
Өмірлік мақсатыңыз жоқ болса...