Бір анығы - ол саған ұнайды. Бірақ ол сені ұната ма – мұны білу үшін экстрасенс болып туылмағаныңа кейде өкінуің мүмкін. Бірақ жігіттердің кейбір әрекеттерін бақылау арқылы саған деген ықыласының бар-жоқтығы туралы мәлімет алуға болады. Ол қандай әрекеттер дейсің ғой?
Әлеуметтік желілерде әрдайым сенің суреттеріңе «лайк» басады
Сенің әрбір жазған статусыңа немесе жариялаған суретіңе ол алғашқылардың бірі болып «лайк» басады. Ол тіпті парақшаңды күні-түні күзетіп отыратындай. Әлбетте, теориялық тұрғыдан, ол сенің әрбір суретіңнің астына «Әдемісің!» немесе «Ең керемет ару!» сынды пікірлер қалдыруы да мүмкін, бірақ мұндай жағдайда оның жай ғана интернет-ловелас болып шығу ықтималдылығы артады және бұл оның нәзік жанды аруларға қатысты әдеттегі онлайн-әрекеті болуы мүмкін. Көбіне жігіттер комплимент айтуға келгенде тартыншақтап қалады, сондықтан өздерінің «Уау!» және «Сұлусың» сынды пікірлерін Like батырмасы арқылы білдіреді.
Ол достарыңнан сен жайлы сұрастырады
Сенің неге екі күн бойы сабаққа келмегенің жайлы, жағдайың жайлы оның абайлап сұрастырғанын құрбыларың аса қызығушылықпен әңгімелейді. Сонымен қатар, алдыңғы аптада сенің жаныңда жүрген жігіттің кім екенін нақтылаған болуы мүмкін. Ал сен оның парақшасынан сүйікті әндерің мен оның партасынан алдыңғы аптада ғана қызығушылықпен әңгімелеген кітабыңды көресің. Мұның бәрі сәйкестік деп ойлайсың ба?
Ол сенімен дөрекі сөйлеседі және мазаңды алады
Есіңде ме, бастауыш сыныпта балалар өз сүйіспеншілігін білдіру үшін қыздардың шашынан тартып, дәлізде аяғынан шалатын, қатты итеріп, мазақтап, портфельдерін тығып қоятын. Ал кейбір жігіттер жоғары сыныпқа өтсе де, кейде тіпті университетке түссе де қыздармен қарым-қатынас құру машығын дамыта алмаған және әлі күнге дейін нәзік сезімдерін осындай дөрекі әдіспен жеткізеді. Сондықтан, сенің жүйкеңді жұқартып жүрген «ата жауың» саған ғашық жан болып шығуы да мүмкін.
Ол елдің көзінше сенің құрбыларыңмен ойнайды
Ол құрбыларыңа мақтау сөздер айтып, би кештерінде оларды биге шақырып, ұялтып, естерін алады, ал сені мүлде елемейтін де сияқты. Оның үстіне ол сен тұрған кезде ғана немесе бұл саған мәлім болатынына нақты сенімді болған кезде ғана құрбыларыңа көңіл бөледі. Бұл бала жай ғана сені қызғандырғысы келеді және құрбыларыңа тиісу арқылы түріңнің қалай өзгеретінін байқап, оған деген сезіміңді білгісі келеді.
Саған деген жымиысы ерекше
Онымен қай жерде кездесіп қалсаң да ол әрдайым саған жымияды – және ішің сезеді – жымиысы өзгеше. Оның күлкісінен «Сен маған ұнайсың, сол үшін жымиямын, түсінші» деген сынды ишараны сезетіндейсің. Алайда екі метр қашықтықтан жымиғаннан жақынға ауысуға оның әлі дәті бармай жүр. Бұның 4 себебі болуы мүмкін: 1) сен оған шынымен ұнайсың, бірақ ол тым ұялшақ; 2) ол сені сүйкімді деп ойлайды, бірақ бұдан аса ештеңе ойластырып жүрген жоқ; 3) ол жай ғана жылы шырайлы адам; 4) ол сені қызық көреді және достарымен сені күлкіге айналдыруды жақсы көреді – бәрі де мүмкін.
Сені көргенде қызарып, бозарып, сөйлей алмай қалады
Елдің бәрі ол жайлы көңілді, ашық-жарқын, көп сөйлейтін жігіт деп пікір білдіреді, бірақ дәл сенің жаныңда ол томаға тұйық, қой аузынан шөп алмас адамға айналады. Оған қоса саған тіке қарай алмай, кейде бозарып, кейде қызарып сұрақтарыңа бар жоғы не «иә» не «жоқ» деп жауап береді.
Сенің алдыңда өзін көрсетіп қалғысы келеді
Оның көз алдыңда көріне салысымен жігітіміз байсалды кейпінен бүлікші, сотқар біреуге айналады. Оның бірден жүрісі өзгеріп, бәріне естілердей қалжыңдап, күліп, ең қатал деген мұғалімдерге қарсы шығып, допты баскетбол торына дәлме-дәл түсіргіштеп, велосипедті артқы доңғалағымен ғана айдап, скейтпен ең қауіпті трюктерді орындап көзге түсіп қалғысы келеді. Ал кейде тіпті ақымақ әрекеттер жасайды. Мысалы, дәл сенің алдыңда турникке мың рет тартылып жіберуі мүмкін. Кішкентай кезіңде үйге қонақтар келгенде салған суреттерің мен білетін тақпақтарыңды айтып, мақтанып қалатын кездерің есіңде ме?
Әрдайым өзі бірінші болып ықылас білдіреді
Ол өзі бірінші болып жазады, өзі салған суреттері мен тыңдайтын әндерін жібереді, зертханалық жұмыстарды бірге жасауға шақырады немесе қабырға газетін бірігіп үйлестіруді ұсынады. Сонымен қатар, киноға, театрға, концертке артық билет бар деп, сені абайлап шақырады. Жігіт бізге көңілі бар екенін айқын білдірсе де, біз оны сыпайылыққа жатқызып, не әзілдеп жүрген шығар деп көбіне назар аудармаймыз. Анықтап қарасаң, ол балаға саған шынымен ғашық!
Сурет: background.uz, yes.com.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина