Оffline күндерге кезек берейік

Оffline күндерге кезек берейік

Осыдан біршама уақыт бұрын таңертең оянғанда ерекше сергектікпен, өмірге деген құлшыныспен көз ашып, керіліп жататынсыз, терезеден түскен күн сәулесі жүзіңізді нұрландыратын, ағаштарға қарап, құстардың дауысын естіп қуанатынсыз, жымиятынсыз. Сүйіктіңізден келген хабарламаны оқып, тағы біраз керуетте аялдайтынсыз, содан кейін жақсылап жуынып келіп, жаттығуға кірісесіз. Қою кофе дайындап, дәмді тоқашпен шай ішіп, теледидар қосатынсыз. Әдемі киініп жұмысқа шығатынсыз, жолда әсерлі әуендер тыңдап, кітап оқитынсыз, адамдарға назар аударып, кімнің қандай көңіл-күйде жүргенін, қандай киім кигенін бақылайтынсыз.

Қазір бәрі басқаша, өзгерді. Баяғыдай сергек ояну жоқ, әлеуметтік желілерде отырып, кеш ұйықтайсыз да, оятар дауысынан әзер оянасыз, басыңыз ауырып тұрған секілді, арқаңызда, денеңізде ауырсыну байқалады. Бірден смартфонды қолға алып, әлеуметтік желілерді тексересіз, хаттарға жауап бересіз, лентаны төмен түсіріп, лайк басып шығасыз, кешегі жазбама кім лайк басыпты, кім пікір жазыпты, кім қандай сурет салыпты деп қадағалаумен боласыз. Беті-қолыңыз жуылмаған күйі суретке түсіп, инстаграмға саласыз да, мүлде танымайтын адамдарыңызға "сәтті күн!" тілейсіз. Бәлкім таңғы асыңызды, жұмысқа барар жолды суретке түсіріп жариялайсыз...

Сонда таңертең нені, кімді көрдіңіз? Өз смартфоныңыздың экранын ғана. Ата-анаңызды, бауырларыңызды еске алған жоқсыз. Сау ма, қиындығы жоқ па, маңызды емес. Маңыздысы – әлеуметтік желідегі достарыңыздың жаңалығы. Шынайы өмір жайында қалған. Баяғыдай күн сәулесінен ләззат ала алмайсыз. Әлеуметтік желідегі досыңыздың қандай бәліш пісіргені немесе мұхиттың аржағындағы жұлдыздың сахнада киімі шешіліп қалғаны маңызды. Біреу әдемі киініп, қымбат жерге барып, естімеген, көрмеген тағамыңызды жеп отырып суретке түссе, қызығасыз, неге мен ол сияқты бола алмаймын деп өзіңізді жейсіз, қызғанасыз, он екі мүшеңіздің сау екенін ұмытқансыз. Бір досыңыз болған оқиғаны, танымал адамды сынға алып жатса, өзгелермен бірге жабыла түсесіз.

Қысқасы, қазір онлайнда өмір сүру сәнде және маңызды. Тіпті, жұмысқа тұратын болсаңыз, сізден әлеуметтік желіде қанша досыңыздың бар екенін, қаншалықты белсенді екендігіңіз сұралады. Әлеуметтік желі сізге қайда баруды, не істеуді, кіммен дос болуды нұсқап береді. Амал қанша, бұл – ғаламтор ғасыры.


Жоққа шығармаймыз, онлайндағы өмір жаңа мүмкіндіктер береді, мысалы Жердің басқа бір бұрышындағы жаңа адаммен қарым-қатынас жасайсыз, түскі тамағыңызға дейін тапсырыс бере аласыз. Дегенмен мұқият отырып саралайтын болсаңыз, ғаламтордың бізден қаншама құнды нәрсені тартып алып жатқандығын байқауға болады. Ең бастысы – уақыт. Лентаны оқып, өзімізге түк қатысы жоқ адамдарға лайк басуға, пікір жазуға кеткен қайран уақыт-ай! Соңғы рет жақын достарымызбен қашан кездестік, туыстарымызбен қашан ашық әңгіме айттық? Ұялы телефоныңыз соңғы рет қашан үстел үстінде бос тұрды? Әдемі дүниеге, сұлу табиғатқа жай ғана ләззат алу үшін қашан қарадыңыз, қашанда осыны әдемі етіп суретке түсірсем, әлеуметтік желіге салып, әсерлі сөз жазып, лайк жинасам деген ой бізді нағыз сұлулықты көруден қалдырды. Қаншама демалыстарымыз мәнсіз, мағынасыз хаттарды жазумен өтіп жатыр? Жұмыс кезінде әлеуметтік желіге кіріп кетіп, берілген тапсырманы орындай алмай жатқаныңызды айтпағанымыз жөн. Қазір адамдарда құпия жоқ сияқты. Жатқан-тұрғаны, жүрген-отырғаны бәрі де ашық, бәрі де ғаламторда тұр. Театрға, концертке әлеуметтік желіге жарияламай, тек өзіңіз үшін қашан бардыңыз?

Өміріңізге өзгеріс енгізетін кез келгендей. Оффлайн күндерге орын беріңіз. Смартфонды өшіріп, әлеуметтік желілерге "жоқ" деп тым болмаса 1-2 күн өткізіңізші. Бір кездері сіз үшін үлкен жақсылық жасаған, шынайы қолдау көрсеткен достарыңызға, ата-ана, туған-туысқа көңіл бөліп, өмірлеріне үңіліп көріңізші. Қайтесіз, бүгін бар, ертең жоқ жұлдыздың өміріне қызығып? Басыңызға күн туғанда ешбірі де смарфоннан шыға келмейді. Шынайы өмірдегі құнды дүниелердің иісін иіскеп, дауысын естіп, қол тигізіп көріңізші, суреттен көргеннен әлдеқайда керемет! Бастапқыда, біртүрлі болып, зерігіп, жаңалықтан құр қалып кеткендей болып көрінгеніңізбен, уақыт өте келе бос уақыттың, энергияның, идеялардың пайда болғанын байқайсыз, денсаулығыңыз жақсара түседі. Лайк пен пікір үшін емес, өзіңіз үшін өмір сүріңізші! Сонда тіпті, үйдегі мысықтың әлеуметтік желідегі адамнан қымбат екенін байқауға болады... 

Online  күндер артта қалып, Оffline күндеріңіз сәтті өтсін!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:zdorovobraz.ru