- Негізгі бет
- Психология
- Нидерланд әйелдерінің бақыты...
Нидерланд әйелдерінің бақыты неде?
Заман талабы әйелдер қауымын да мамандыққа, қызметке тәрбиелеп, шақырып отыр. Әр елдегі «әйелдер құқығы, әйел теңдігі» деген үндеулер үлкен қозғалыстарға себепкер болуда. Бұл дау соңғы жылдардан бері ешқашан жерде қалып қойған жоқ. Тіпті күн санап өршіп келеді. Бұл әсте ескішілдік пен жаңашылдықтың немесе төмен мен жоғары деңгейдегі ұлттардың, топтардың дауы емес. Мейлі, АҚШ, Ұлыбритания, Франция секілді дамыған елдер халқында да бұл туралы талас өршіп тұр. Сірә, әйел затының бақыты не?
***
Нидерланд әйелдерінің арнайы қызметпен шұғылданатындары тым аз болады. Басқа елдердің әйелдерімен салыстырғанда, Нидерланд әйелдері алға басуға ұмтылмай ма, әлде сұңғыла ма?
Нидерландтағы өзге әйелдер сияқты Мари Фан Герон да өзін еркін сезінеді. «Нидерландтық әйелдердің барлығы да өз ойлағанындай еркін тұрмыс кешіреді» дейді Фан Герон. Ол биыл 50 жаста. Роттердам қала маңында тұрады. Аптасына үш күн велосипедпен немесе пойызға отырып, бір заң институтына барып, өз міндетіне алған шәкірттерге жетекшілік етеді. Ол өзінің қызметпен шұғылдану тарихында бастан-аяқ бұл жұмысына тек қосалқы қызмет деп қарайды. Оның араласатын дос-жарандарының үйленгені әлде үйленбегені болсын, балалысы не баласызы болсын, бәрі де осындай. Тек санаулы бірен-сараны ғана экономикалық күйлерінің мәжбүрлеуімен бірер сағат артық жұмыс істеуді қалайды екен. Фан Герон 2010 жылға келгенде әзер некелеседі. Әлі күнге дейін баласы жоқ. Ол өзінің қосалқы қызметпен шұғылданған себебін «Өзім жөнінен маңызды болған шаруаларды істеуге уақыт шығару үшін, өз тілеген тәсілім бойынша тұрмыс кешіру үшін, тән саулығымды қорғап, көңіл-күйімді көтеріңкі ұстау үшін» деп түсіндіреді.
Нидерландтағы көптеген әйелдер Фан Геронмен ұқсас көқараста. Қызметте еркін, дербес болуды табысқа жетуден де маңызды деп санайды. 2001 жылы Нидерландтағы мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратын әйелдердің 60 пайызға жуығы дәл осындай көзқараста болып шыққан. Бүгінге келгенде бұл салыстырма тіпті де жоғарылап, 75 пайыз айналасына жеткен. (Канададағы үкімет қызметінде жұмыс атқаратын әйелдердің тек 20 пайызы ғана өз еркіндігін қызметінен маңызды орынға қояды). Кейбіреулер, Фан Герон сияқты мұны біртүрлі алғабасарлық, өзін еркін ұстаудың айғағы, тұрмыс дағдысын теңгерудің кепілі деп қарайды екен.
Әйткенімен, бұл әйелдердің қызметте теңдікке ұмтылмайтындығынан ишарат береді деп қарайтындар да бар көрінеді. Жазушы, экономист Элена Мейс: «Дәстүршіл Нидерланд әйелдері осы күйіне риза. Ең бетке ұстар университеттердің бірі Амстердам университетінің 22 жастағы нидерландтық азамат: «Егер менің келіншегім үкімет жұмысын емес, үй шаруасымен айналысамын десе, онда сіздің не шаруаңыз бар?!» дейді. Мұны былай қойғанда нидерландтық қыз студенттердің де оның бұл көзқарасын құптайтындығы мені қатты ғажаптандырды» деп жазады.
Элена Мейс «Әйелдер – ардақты» атты ұйым құрып, Нидерланд әйелдерінің жігерін тасытып, кәсіп көзін ашуға ниеттендірмек болады. Мейстің қарауынша, өзі оқыған мамандықты тек қосалқы қызмет деп қарау – ер-әйелдердің ұзақ уақыт еңбекақы парқын келтіріп шығаратын басты себеп екен. «Жоғары өреде білім алған әйелдер міндетті түрде ең жоғары қызмет орнына талпыну керек, - дейді Мейс, - Алда-жалда отбасында қалуды таңдаса немесе қызметті маңызды орынға қоймаса, мамандық шыңына жете алмағанымен қоймай, перзенттеріне де кереғар өнеге көрсетеді».
Бірақ Нидерланд әйелдері қызмет орны жайындағы «алжасуларын» көрсе де, көрмеске салады. Қызмет уақытын ұзартқысы келетін-келмейтіндігін сұрағанда, тек 4 пайыз әйел ғана құптап дауыс берген. Ұқсас сұрақ Францияда қойылғанда, 25 пайыз әйел құптап дауыс берген. 2011 жылдың қыркүйек айының бір жексенбісінде бұғаздың қарсы жағындағы Ұлыбритания баспасөзінде әйелдер құқығын дәріптеу ауаны қайта белең алып, бес жүздей әйел UK Feminista-ға сапырылысып кіріп, Ұлыбританияның әйелдер құқығын дәріптеуге баулу лагерінде аса қызғынды тәрбиеленуге кіріседі. Ал Нидерландтың Фан Герон секілді әйелдері «Енді мұндай қимылдың қажеті жоқ. Оның баяғыда уақыты өткен. Біз кешіктік» деп ашық жар салады.
2008 жылы «Нидерланд әйелдері жабырқамайды» дейтін кітап жарық көргеннен кейін, жекелік тұрмыс талғамы мен әйелдердің қоғамдағы экономикалық орны арасындағы байланыс бастан-аяқ жұрт назарынан түспей келеді. Жазушы Элен Д. Бурейин кейіпкері болған Нидерланд әйеліне шығармасының беташарында мынадай баға береді: «Сұлулығы өте табиғи, сонда да бұған көп бас қатырып кетпейді. Велосипедпен барып азық-түлік секілді отбасылық заттарын сатып әкеледі. Баласымен және күйеуімен бірге болатын уақыты көп. Әр аптаның бірнеше күнін көркемөнер түріндегі сабақтардан дәріс алуға жұмсайды. Достарымен бірге кофе ішеді, түстен кейінгі уақытын негізінен қамсыз, бос өткізеді. Қызметке аз ғана уақытын бөлуді ұнатады. Отбасылық кірісі күйеуінен төмен. Отбасы есебіне бәрібір өзі жауапты болатындықтан, бұған қынжылмайды». Онан ары шығармасының ішінде: «Басқа батыс елдеріндегі әйелдермен салыстырғанда, Нидерланд әйелдерінің сауда саласы мен үкімет тарауларында ең жоғары міндетке отырғандар саны қатарға тұрғызғанда бастан-аяқ артта болып келеді. Алайда, тән саулығы мен өзін бақытты сезіну көзқарасында олар ешқашан алдын бермейді» деп көрсетеді.
Элена Мейстің көзқарасынша, әйелдердің қоғамдық-экономикалық құқығының кемістігі мен бақыттылық деңгейі ортасынада табиғи байланыс бар екен. Кейбіреулер бұл байланысты басқаша түсіндіреді. Олар көңіл-күйдің алаң болуынан туындаған қатерлі мінез басқа батыс елдеріндегі әйелдерді мүшкіл жағдайға қалдырып отыр. Ал, Нидерланд әйелдері бұл қатерлі жағдайды талқандап, қызмет пен тұрмыс тепе-теңдігі сақталған озық үлгіні ұстанып отыр деп қарайды. Ұлыбритания тәуелсіз партиясының мүшесі Сара Ксанзы өз сөзінде: «Нидерланд әйелдерінің бақытты болуының басты себебі, олардың кемелсіздікке бола қынжылмайтындығында жатыр. Ал біз болсақ, жабығу ішінде жасап жүрміз. Бір жағынан, біз қызметтен күткен үмітіміз бен нәтижеміздің тең шығуын көксейтін мәжілісқұмар әйелдер құқығын дәріптеп отырмыз. Шыны керек, бір әйел заты үшін басты бақыт – ас үйде өнер көрсету емес пе?! Біз де сондай бақытқа қол жеткізгіміз келеді. Күнделікті балаларымызды ертіп алып, көк жасаңдарға шығып, қыдырыстап қайтқымыз келеді» деп жазады өкінішпен.
«Қызмет әлемі ғана бірден-бір әлем емес. Егер әйелдер қызмет пен тұрмыстан тең игіліктенемін десе, өзгеше тәсіл қалыптастыру керек. Әйелдер үшін айтқанда қызметтің, компаниядағы жұмыстың онша тартымдылығы болмайды. Ал олар тек заман талабына сәйкесемін деп, бәсекелесемін деп нағыз әйелге тән тұрмысты ұмытып кетті!». Міне, бұл көзқарас Фан Геронның құптауына ие болды. «Нидерланд әйелдері әсте жоғары қызмет орнына көз сүзбейді. Өйткені, олар бүгінгі дүниедегі сауда саласы үлгісіндегі құн көзқарасын құптағысы келмейді. Міне, мұның өзі біртүрлі үнсіз қарсылық қозғалысы болып табылады» дейді ол. «Бұл, бәлкім, әйелдер құқығын дәріптеу қозғалысының төртінші реткі өрлеуі әрі өзгеше түрі болар. Күндердің бірінде біз де оянып, тұрмыстың мәні – заттық байлыққа, құқық пен мәртебеге қол жеткізуде ғана емес екенін түсінетін боламыз. Мен танитын көптеген Нидерланд әйелдері зердесін отбасына арнап, көңілді, еркін тұрмыс кешіруді қалайды».
48 жастағы Элина Дитиру да осы көзқарасты құптайды екен. «Әйелдер қызмет талабынан шыға алмайды емес. Тек қызмет талабын жүз пайыз қанағаттандыруды мақсат етпейді. Олар өмірде жақсы дос болу, жақсы қыз болу, жақсы ана болу, жақсы әпекелі-сіңлі болу, жақсы жар болудай әр қилы ерекше маңызы бар қызметтерді арқалайды. Міне, бұл оларда неліктен жүз пайыз ұтымдылық болмайтындығының, кәсіп талғарына жете алмайтындығының себебі. Өйткені, олар көңілінде қызмет емес, отбасын маңызды орынға қояды. Тек сонда ғана күйеуінің табысқа жетуіне демеу бола алады және табысқа жеткен ұрпақ тәрбиелей алады» дейді. Міне бұл сөзді айтып отырған Дитиру әсте керенау әйел емес. Себебі, оның 16, 19 және 21 жасқа келген үш қызы бар. Ұзақ жылдар бойы үкімет жұмысында қызмет атқарған (Бірақ ол үшін бұл маңызды емес). Ол жуырда ғана АҚШ-тың ерекше ірі бір компаниясына заң кеңесшісі болып қызметке тұрды.
Жазушы Элен Д. Бурейин: «Жан біткеннің Нидерланд әйелдерінің қалай өмір сүріп жатқаны жөнінде ұқсамаған көзқарасы бар секілді. Біреулер оларды ақылды десе, енді береулері дәстүршіл, ескішіл деп жазғырады. Ал шынын айтқанда біз қызмет пен тұрмыс ара байланыстағы теңсіздіктің жауабын тауып, өз еркіміз бойынша еркін тұрмыс кешіру жолын таңдаймыз» дейді.
Бір қызығы тек әйелдер қауымы ғана арнайы қызметті талдау бәсекесінен шегініп отырған жоқ. Өткен қай бір мезгілмен салыстырғанда да, ерлердің қызмет істеуі шегінген. Тіпті алдыңғы жылы саудагер Ратег Грут Уасинки бастама көтерген қозғалыс «Әкелер күнінің» (Papadag) дүниеге келуіне себепкер болды. Осы күні қызметтегі әкелердің демалып, балаларымен бірге болуына болатын болды. Оның бұл құлшынысын мадақтау үшін Нидерланд үкіметі оған «Замана ерлері» сыйлығын ұсынған.
Бұл «ескішілдік» ерлерге шынымен де әсер ете бастаған. Тіпті жаппай етек алғаны айқын. Қазір баға күн санап өскенімен қоймай, ондағы дүкендер әдетте түстен кейінгі сағат алтыда жабылып қалады. Жексенбі күндері мүлде ашылмайды. Міне бұл нидерландтықтардың арнайы қызмет пен отбасына қарайласуы ортасындағы тепе-теңдігін мүшкіл күйге түсіріп отыр.
Қалай айтсақ та, өзі қалаған тәсілі бойынша өмір сүргісі, бақытты болғысы келетіндердің бұлай істеуге құқы жоқ деп айта алмаймыз. Алайда Мейс: «Бақытты болуға құлшыну – әйелдер қозғалысының аяқ алысын салғырттандырып отыр. Нидерланд әйелдері бақытты тым асыра бағалайды. Оның анықтамасы айы қашан да оңынан туу дегендік. Дегенмен, өмірде бәсекелесудің зияны жоқ. Мұның әйелдерге күш-қуат беретініне сенемін» дейді.
Д. Бурейин бұл көзқарасты құптамайды: «Меніңше, бақытты болу бар адамның ең соңғы көздеген нысанасы. Адам біткен өз ғұмырын ең қанағаттанарлық деңгейде өткізгісі келеді» дейді.
Мейлі қызметті қосалқы мамандық деп қана қабылдасын, әлде кеңседе отырып жайлы қызметке барын салып құлшынсын, кемінде мынаны өте айқын білген дұрыс сияқты: Нидерланд әйелдері тек өздері және отбасы үшін ғана өмір сүреді.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com
Қ. Қауымбек