Неліктен көзіңді тайдырдың?

Соңғы жүргізілген зерттеулер бойынша, адамның көзіне бір сәт қарау мен оны көрмей 3 сағат әңгімелесу адам туралы бірдей ақпарат береді екен. Кейде бетпе-бет кездесу барысында әңгімелесуші сізге тура қарамай, көзін жыпылықтатып, тайдыра береді. Оның қандай себептері бар?

Тітіркену

Бала кезіңізде достарыңызбен бір-біріңіздің көзіңізге қарап, "кім бірінші көзін жұмады?" деп ойнап па едіңіз? Ендеше адамның көзіне тесіле қарау оңай еместігін білесіз. Мамандардың айтуы бойынша, біреуге көз алмай қарау өте жайсыз болады. Сондықтан әңгімелесушінің көз тайдыру себебі қарапайым тітіркену болуы мүмкін.

Ұялу

Психологтардың айтуынша, көзге тура қарай алмау ұялшақтықтың белгісі болуы мүмкін. Көздер - ішкі жан-дүниенің айнасы, ол адамның сізге деген сезімін, ойларын білдіріп қоя алады. Содан қорыққан адам көзіңізге тура қарауға ұялады. Ұялған жанның сізге айта алмай жүрген сыры бар екенін біліңіз.

Ауыр көзқарас

Кейбір адамдардың көзқарасы жалпы ауыр болады. Ондай адамның көзіне ұзаққа үңіле алмайсыз. Бұл адамның мінезі емес, физиологиясына байланысты.

Толқу

Әңгімелесушіңіз қолында бірдеңе ұстап, мыжып, умаждап тұрса, шашын, бетін, мұрнын, құлағын ұстай берсе, бұл - оның толқуының белгісі. Әрине көзге тура қарауға да батылы бармайды. Бұл адам бір нәрсеге күмәндануда, ол сізден сырын жасырып тұр немесе жай сізбен қалай тілдесуді білмей тұр.

Бей-жай қарау

Қасыңыздағы адам жай ғана сізге қызықпауы мүмкін. Ол көзін түсіріп, сізден басқа кез келген нәрсеге көңіл бөледі. Сағатқа қарайды, есінейді... Оның енжарлығын сезсеңіз, әңгімені аяқтауға тырысыңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: tumblr.com