Неліктен көп кешігеміз?

Кешігу – этика қағидаларына жат нәрсе. Дегенмен жұмысқа, сабаққа, кездесуге, т.б. жерлерге кешігіп қалып жатамыз. Тіпті өз-өзіне, басшылыққа, әріптестеріне қанша уәде берсе де кешігуді әдетке айналдырғандар да бар.

Неліктен?

1. Өз режимін дұрыс жасай алмағандықтан. Мүмкін ата-анасы оны жастайынан барлық нәрсені мезгілімен істеуге баулымаған болар. Мұндай кісілер үлкейе келе өзін-өзі тәрбиелеуге ұмтылғаны абзал.

2. Ертерек тұруға дағдыланбаған. Түнімен компьютер ойнап не теледидар көріп, болмаса түнгі клубта көңіл көтеріп, кеш ұйықтағандықтан. Әрине бос уақытын қалай өткізетіндігі әркімнің өз еркінде. Тек мұндай адамдарға жұмыс орнын ауыстырғаны жөн шығар.

3. Алыста тұратындықтан. Әсіресе көлік кептелісі көп болатын үлкен қалаларда бұл да кешігудің бір себебі. Сондықтан жұмысқа, кездесуге екі-үш сағатқа ертерек шығуға тура келеді.

4. Барғысы келмегендіктен. Біреулер істеп жүрген жұмысын ұнатпайды. Амал жоқтықтан сүйретіліп үйден шығады, жолда міндетті түрде проблемалар тап болады: автобус сынып қалады, басқа автобусқа отырып кетеді, т.с.с. Өзіңізді де, әріптестеріңізді де қинамаңыз, ұнайтын жұмыс тауып алыңыз. Үнемі стресте жүру адамды ауру қылады.

5. Психологиялық проблемаға байланысты. Психологтердің пікірінше, кейбір адамдар өзіне жұрттың назарын аудару үшін, әдемі көйлегін, шаш үлгісін көрсету үшін әдейілеп кешігеді екен. Мысалы, үйлену тойы әлдеқашан басталып кеткен, сөйлеп жатқан асаба залды қақ жарып келе жатқан кешігушіні байқап, қалжың айтып, қошаметтеп, орнына отырғызады, әлбетте бар жұрттың назары оған ауады. Кешігуші дән риза. Бұл кісілер өздеріне көңілі толмайтындықтан, бөтен адамның жылы сөзіне зәру. Алдымен өзіңізді өзіңіз жақсы көріңіз, өйткені сіз жеке-дара, қайталанбас тұлғасыз.

Сурет: finance.bigmir.net

Оқи отырыңыз:

Жұмыста табысты болудың жолдары #2

Жалқаулықты жеңудің ең жеңіл әдісі

Бақытқа жету жолындағы кедергілер

Жұмыста табысты болудың жолдары