- Негізгі бет
- Психология
- Неліктен жұмыс жасаймыз?...
Неліктен жұмыс жасаймыз?
Жұмыс қызықсыз бола түскенде адамдардың көпшілігінің ойына "мұнда не істеп жүрмін?", "не үшін?" деген сұрақтар келеді. Мұндай ойлар жиі жұмыстан шығумен аяқталып, басқа жұмыс іздеуге әкеледі. Бұл цикл біраз уақыт өткен соң қайталануы да мүмкін.
Қоғам жұмыссыз адамға біртүрлі қарайды. Қазіргі заманда жұмыссыз жүру ұят және ыңғайсыз болып табылады. Сондықтан да көп жағдайда адам "бәрі" сияқты болу үшін және үйреншікті жайлы күйге ену үшін бірінші ұсыныс түскен жұмысқа орналаса кетеді. Алайда уақыт өте өзінің таңдаған жұмысы қызықсыз екенін түсініп, қайтадан "не үшін жұмыс жасап жүрмін?" деген ойларға беріледі.
Таңертең ұйқыдан тұрып, жиналып, жұмысқа баруға мәжбүрлейтін (жақсы мағынада) 5 себепті ұсынамыз. Бұл себептер кәсіби даму жолына түсуге жақсы мотивация болуы мүмкін.
1. Ақша
Өмірде "алу-қайтарып беру" теңгерімі маңызды. Егер сіз өз біліміңізді, дағдыңызды, шеберлігіңізді материалдық өтемақысыз бере берсеңіз, бұл теңгерім бұзылып, көп ұзамай құлазу басталады. Ол көңілсіз эмоциялық жағдаймен немесе денсаулық проблемасымен де байқалуы мүмкін. Яғни, жасаған жұмысыңыз үшін ақша алу қалыпты жағдай, десе де ақша үшін жұмыс істеу дұрыс емес. Екеуі екі түрлі нәрсе, сіз жасаған жұмысыңыз үшін ақша алған кезде бірінші орында жұмыстың өзі тұрады. Сол процестің өзіне қызығушылық туындап, нәтижесіне қуанып, адамдарға көмегіңіз тиіп жатқанын білесіз. Ал ақша алу табиғи және заңды нәрсе болып қалады. Ал ақшаны бірінші орынға қойсаңыз, мақсатыңыз ақша болып қалады да, жұмыспен ара-қатынасыңыз өзгере бастайды. Жұмыстан рақат алмайсыз, моральді түрде шаршайсыз, жұмыс сапасы да төмендейді. Ол кезде одан да қызығырақ жұмыс іздеп көру керек немесе ақшаға деген көзқарасты өзгерту керек болады.
2. Өзін-өзі тану, мүмкіндігін ашу
Бұл – ең маңызды рухани себеп. Адам өзін-өзі танымай, өмірдегі тепе-теңдікті түсінбейді және өзін өмірде бақытты сезінбейді. Адамға даму, туа салысымен берілген қабілетін ашу маңызды. Жұмыс тұлға ретінде де, кәсіби маман ретінде де ішкі өсуге шексіз алаң береді. Егер мұндай даму болмаса, адам іштей қинала бастайды. Бір жасар баланың жүріп, қадам жасап үйренуге мүмкіндігі жоқ жағдайды елестетіңіз. Ол аяғын ұрғыштап, тұруға талпынып, жаңа нәрсені үйренуді талап етеді. Тек жұмыс істемей, өмірде қызықты бірдеңемен айналысу да маңызды. Тек қызықты жұмыс ғана алға қарай ұмтылуға, дамуға, жаңа нәрсе үйренуге итермелейді.
3. Ішкі үйлесім
Жұмыста өміріміздің көп уақытын өткіземіз. Яғни, ол жақта өзімізді қалай сезінетіндігіміз тікелей жалпы өмірдегі жағдайымызды шешеді. Егер аптаның 5 күнінде 8 сағаттан жұмыста болсақ, ол кездегі жағдайымыз "-" белгісі болса, ар жағында қалған 4 сағат уақыт жағдайды "+" белгісіне көтеруге шамасы жетпейтінін түсіну керек. Ішкі үйлесім тікелей бізге берілген қабілетті ашумен байланысты. Сондықтан жан дүниеңіз қалайтын іспен айналысу арқылы және сізге туа біткен қабілетіңізді ашу арқылы ішкі үйлесіміңізде тепе-теңдік орнайды.
4. Әлеумет, ұжым, жаңа орта
Әлеумет, ұжым және жаңа орта адамның тұлға ретінде дамуына қажет. Тұлғаралық қатынассыз сіздің қабілетіңіз терең ашылмайды. Адамдардың өзара қарым-қатынасында терең мағына жатыр. Жұмыс жаңа достар, рухани жағынан жақын адамдар табуға, түрлі адамдармен сөйлесіп үйренуге, сөйлесу арқылы түрлі мәселелерді шешуге, нәтижеге қол жеткізуге, ой-өрісті кеңейтуге және өзіңді сезінудің жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік береді.
5. Өмір стилі мен өмір сүру географиясы
Қазіргі кезде әртүрлі жұмыс түрлеріне тұруға мүмкіндік бар. Егер "Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін кеңседе отыру" сіздің өмір сүру қалпыңызға сай келмесе, іссапарлары бар жұмыстар да көп. Біреудің астында жұмыс істеуді қаламасаңыз, жеке бизнес ашып жатқандар да баршылық. Бастысы, түбегейлі өзгеріске дайын екеніңізді түсіну керек. Әрдайым іссапарда жүру де оңай болмайды. Сондықтан өміріңізге өзгерісті біртіндеп енгізіңіз.
А. Жапатова