Егер ата-анамыз: «Есіңде ме, төрт жасыңда кесені сындырып алып, сонша жылағаның» десе немесе өзге де балалық шағымызға қатысты жайттарды айтса, көбінесе есімізге ештеңе түсіре алмай жатамыз.
Неліктен?
Адамзат баласы туғаннан ұят қасиетімен тығыз байланыста болады. Сондықтан қоршаған ортадағы көптеген жайттар, оқиғалар адам психикасына салмақ түсіреді, яғни, бір нәрсені бүлдіріп алса, ұялады, қиналады. Себебі біз қателік жасасақ, жазаланатынымызды білеміз. Кейбір адамдардың жаны нәзік болып келетіндіктен, болмашы нәрсені көңіліне ауыр алады. Сол себепті адамдардың басым бөлігі өздері еске алғысы келмейтін ыңғайсыз дүниелерді санадан шығарып, бейсаналы кейіпке түседі. Түсінікті тілмен айтқанда, қажетсіз құжатттарды нөмірлеп, тіркеп, бумаларға салып, бекітіп, мұрағатқа жөнелткенмен тең. Аталмыш құжат қажет болып қалса, кез келген уақытта тіркеу бойынша тауып алады.
Адамның миы да сондай, санадан шығарып тастағанмен, бейсанада жатқан оқиғаны есінде ұстайды. Мысалы, кесені сындырып алған сәби кесенің енді бүтінделмейтінін, осы үшін кінәлі болғанын түсінеді. Қорыққанынан жылайды. Бұл адамға кейде кедергі келтіреді. Себебі психикалық жарақат салған тәжірибе адамға үнемі «байқа!» деп сигнал беріп отырады. Егер сындырған кесе үшін ұрыс естіген не таяқ жеген болса, екі есе қиын. Ол үшін ыдыс сындыру бұдан былай үлкен қылмыспен тең. Ал егер анасы оны жұбатып: «Ештеңе етпейді, жаңасын сатып аламыз» десе, ондай ауыр жарақат алмайды.
Жалпы ата-анаңыздан балалық шағыңыз туралы көбірек сұрастырыңыз. Бұл сізге ауыр «мұрағаттық бумалардан» арылуға көмектеседі. Егер кесе секілді оқиғалар болса, сол кездегі сәби өзіңізбен қазіргі кездегі ересек өзіңіз сөйлесіп, жұбатыңыз. Барлық ауырлықтың артта қалғанын, оны жақсы көретініңізді айтыңыз. Орнына келмейтін дүние жоқ.
Сурет: Дарья Лапина
Ұқсас жазба:
Қызғаныш неден туындайды?