Кейде осы уақытқа тұсау салып қойғың келеді. Көзді ашып-жұмғанша өтеді де, шығады. Байқамай да қаласың. Ештеңе жасап та үлгермеген боласың. Ал кейде сағаттар жылжымай, минуттар сырғымай кетеді, шіркін. «Тез-тез өтіп кетсе екен осы күн», «Сағат әлі он 12 ма? Қашан 1 болады?», «Қашан ертең болады?» деп сарылып жүретініміз тағы бар. Біздің әр өткен секундымыз қайта оралмайды ғой. Біз соған көңіл аудара бермейміз. Күн сайын ертең, ертең деп асығамыз деп артта қалған әр күнді елеместен аяққа таптаймыз.
Біз үшін қай кездері уақыт өтпей кеткендей болып көрінеді?
Ертеңіміз елеңдеткенде естен адасардай жүреміз. Болашаққа ұмтылу, ертеңге елеңдеу жаман әдет деуге аузым бармайды. Тек сол ертеңге елеңдеткен не нәрсе? Ойлап тұрсақ, біз кейде болмашыға бола болашақ жаққа асығамыз. Мысалы, «Бүгін қызық жеріне келді, ертеңгі сериясында қалай болар екен?» деп қай-қайдағы телесериалдардың келесі көрсетілімі үшін күннің ертең болғанын қалаймыз. Сол сериалдардың арасында біздің санаулы күндеріміз қыстырылып кетіп барады. Осындай кездері сериалсүйер қауымның сағаты тоқтап қалғандай болады. Әрине, одан басқа жасар шаруасы болмаса, түсінуге да болатын шығар.
«Ертең ол келеді», «Келесі апта айлық түседі», «Келесі жылы үйленемін», «Тезірек жұма болса екен, шаршадық қой»... Айта берсек көп әлі. Осындай ойлар бізді ертеңге асықтырды. Ал, енді сол күнге жетіп көр. Уақыт шіркін, тасбақадай жайбасарланып жай өтіп жатады. Менімен, келіспейсіз бе?
Қай кездері уақыт тез өтіп кеткендей көрінеді?
«Тойдың болғанынан «боладысы» қызық» дейді. Той болады деп жүргенде созылып өтпей қойған уақыт той кезінде көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Сол секілді жақсы нәрселер тез өтеді. Мұның астарында алты батпан ақиқат, қырық құлыпты құпия жатқан да жоқ. Барлығы – біздің басымыздан тәтті сәттер өтіп жатқан кездегі уақыттың жылдамдығын аңғармауымызда. Уақытпен де, басқамен де шаруасы болмаған жан сол мезет көз алдынан ағып кеткен судай өте шыққанда ғана есін жинайды. «Неге осы уақыт тез өтіп кетті? Әншейінде өтпей кететін...» деп бұртияды.
Біз әлдебір жұмысты не тапсырманы орындауға бел буғанда уақыт тез өтеді. Ертеңі бітпейтін «еріншектер» танауға тақалғанда қимылға көшсе, уақытты тоқтатарға шара таппай тыпыршиды. Әйткенмен, уақыт сізді де, бізді де «тоса тұрмайды».
Байқасақ, "тез өтіп кеткен" секілді көрінген уақыттың көбі біздің өміріміздің жарқын сәттері. Бақыттан бас айналып, шаттыққа шырмалып жүргенде біз уақыттың қалай зырылдап бара жатқанын білмейді екенбіз.
Өзгерген дым да жоқ. Уақыт та өз қалпымен жүруде, сағат та өз қалпымен сырғуда. Жоқ, уақытты тоқтата алмаймыз. Мұны еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін біледі. Бәрі өз уақытымен.
Әр өткен сағатыңыз өткен күннің жарқын естелігі болып қалсын десеңіз, әр секунд үшін ғұмыр кешіңіз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
суреттер: klukus.com, sunhome.ru