- Негізгі бет
- Психология
- Неге тұрмысқа шыққым...
Неге тұрмысқа шыққым келеді?
Тұрмыс құру тақырыбы үйленуге ұсыныс алса да, алмаса да көп қыз үшін өзекті. Неге тұрмысқа шығуға асығамыз? Бұл табиғи заңдылық па, әлде қоғамның ықпалы ма? Бұны психологтар түсіндіріп беруге тырысады.
Психологтар қыздардың тұрмыс құруға ынтықтығын әдет-ғұрып пен биологиялық мақсатқа сәйкестік деп түсіндіреді. Бірақ әрбіріміз өзіндік, жеке себептерді басшылыққа аламыз.
Менің бұған бес себебім бар
Біреу үшін бұл балалық шақтан келе жатқан арман. Екіншісі үшін – дербес өмір сүруге ұмтылу. Әрине, бүгінде ата-анадан бөлек шығып, «ересек өмірге» тұрмысқа шықпай-ақ қадам басуға болады, бірақ біздің санамызда тұрмыс құру ғана ата-ана шаңырағынан бөлек шығуға дәлелді себеп бола алады деген ой мықтап қалыптасқан. Қанша жерден «Мен есейдім, өз бетімше өмір сүремін» деген ұғыммен өмір сүргіміз келсе де, олардан бөлек шығуға арымыз бармайды.
Тұрмыс құру арқылы өз бағасын көтергісі келетін қыздар да бар: құрбыларының көбі тұрмыс құрып кетсе, өзіне және өзгелерге «менде бәрі жақсы» екенін көрсеткісі келіп, тезірек отбасы жағдайының мәселесін шешуге асығады.
Кейбір арулардың тұрмыс құрғысы келетіндігін қалыптасқан діни және адамгершілік ұстанымдарымен түсіндіруге болады: «Бірінші жігітім – күйеуім болады», «Бала отбасында ғана дүниеге келу керек» және т.б.
Көбі өмірдегі қиындықтардан шаршап, сол мәселелерді шешіп беретін жанында арқа сүйер азаматының болғанын қалайды.
Жүйенің ықпалы
Ата-аналарымыздан алған «кеңестік» тәрбие заманауи қыздардың тұрмыс құруға асығуына ықпал етпей қоймайды, алайда тарихи-мәдени мұра (былайша айтқанда ата-баба синдромы) одан да зор ықпал етеді. Ғасырлар бойы әйелдер үшін тұрмыс құру – өмірін қалыптастырудың басты амалы болып келді.
Бұрындары қыз тұрмысқа шықпай қалса, сол отбасы үшін қайғы саналатын. Бейшара қызды туған-туыстың дерлігі қарғап-сілеп, жолы болмаған қыз санайтын, ал еуропалық елдерде ондай қызды шіркеуге кетуге үгіттейтін. Қазір заман өзгерсе де, ата-бабаларымыздан қалған ұғым өз күшін жоймай келеді. Сол себепті тұрмыс құру керек деген мақсат әлі де басты мәселелер қатарында: «Қыз тұрмыс құруы керек, әйтпесе ұяты және дұрыс емес».
Бәлкім, келесі ұрпақтың ойы өзгерер, бірақ отбасын құру ықыласы ешқайда жоғалмайтыны анық.
Махаббат жеткіліксіз
Берік отбасын құру үшін жай ғана тұрмыс құруға ынтызарлық жеткіліксіз. Сіздің бойыңызда тек бірдеңе алуға құмарлық емес, сонымен қатар күшіңді, уақытың мен махаббатыңды сыйлауға құмарлық болу қажет. Құр махаббатпен отбасы құрылмайды – махаббаттан өзге мәмілеге келу, тыңдау мен түсіне білу де маңызды фактор.
Ынтызар адамдарға кеңес
Егер тұрмыс құруға деген ықыласыңыз артып, өміріңізге көңіліңіз толмай жүрген болса, онда анық-қанығын талқылауды қолға алыңыз. Ең алдымен, бұған не түрткі болғанын ойланыңыз. Шынымен тұрмыс құруды қалайсыз ба? Айта кететіні, ата-аналардың ықпалы мен қоғамның қыспаққа алуынан біз «қалаймын» мен «керекті» шатастырып алып жатамыз. Дұрыс таңдау жасамаған жағдайда нәтижесі көңіл көншітпеуі мүмкін: бұрындары маңызды сияқты болып көрінген нәрсе, тұрмыс құрған соң қажеті жоқ сияқты болып қалады, бірақ некелесіп қойған соң, артқа қайтуға жол жоқ. Тұрмыс құруға ықыласыңыздың неге негізделетіні айқындалған соң болашақ күйеуіңізді анық елестетіп көріңіз – сыртқы келбетін, мінезін, болмысын.
Қандай адам керектігін, одан не күтетініңізді түсінгенде қалауыңыз арман күйінен шынайы өмірде біртіндеп орындалатын болады.
Егер сурет салу қолыңыздан келсе арманыңыздағы жігіттің келбетін салып көріңіз және ең бастысы оның мінезіне аса екпін қойыңыз. Оның қызығушылығына, талғамына, сонымен қатар екеуіңіздің қарым-қатынастарыңыз басты назарда болсын. Бар жағынан үйлесетіндеріңізді, тату-тәтті өмір сүретіндеріңізді елестетіңіз. Сонымен қатар, өзіңізге сай жігіттің міндетті түрде кездесетініне сенімді болыңыз. «Сізге ұнайтын жігіттердің дерлігі үйленіп кеткен», «Қыздар көп, жігіт аз» және т.б. сенімнен тайдыратын пікірлерге құлақ асып, негативті ойларға жиі берілетін болсаңыз қалауыңызды жақын арада іске асыра алмайсыз. Ең бастысы оң ниет, қалғаны тағдырдың қолында.
www.hdwallpapers.in, tipografdv.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina