- Негізгі бет
- Психология
- Неге Стив Джобстың...
Неге Стив Джобстың өмірлік қағидалары сізге көмектеспейді?
Ғаламтор беттерінен Бенджамин Франклиннің күн тәртібі туралы ақпартты еш қиындықсыз табуға болады. Оқырманға оның өмір сүру стилін үлгі етуді ұсынады. Одан бөлек, соңғы уақытта журналистер мен блогерлер жайбарақат жұмыс істеу үшін қонақ үй бөлмесін жалға алған жазушы Майя Энджелоудің өмірін мысалға келтіруді жақсы көреді. Стив Джобс жас кезінде "сопылық" өмір салтын ұстанып, тек қажетті заттарды қолданумен шектелетін. Ал, бүгінде мыңдаған IT саласына бет бұрған жастар сондай минимализм стиліндегі өмірге құмар.
Ұлы тұлғалардың өмірі – кейінгі буын үшін шабыт көзі. Дегенмен, бүгінгі күннің басты мәселесі – адамның өзге тұлғаларға еліктеуі мен олардың өмірін қайталауға тырысуының күш алуы. "Уоррен Баффет секілді ойлау үшін" немесе "Сократ әдісі: өмірді қалай жақсарту керек" деген "шулы" тақырыптармен мақалалардың көбеюі де оған деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Блогер мен әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары өзгелердің өміріндегі деректерді алып, тіпті, олар туралы кітап жазып оқырманды жетістіктің негізгі кілтін осылай табуға болады деп сендіреді.
Нәтижесінде оқуды тастап кеткенін атақты адамдардың өмір салтымен түсіндіретін "кәсіпкерлер" пайда болады. Миллиардерлер арасында да бұл трендтің уысына түскендер де бар. Мысалы, Square компаниясының негізін қалаушы Джек Дорси барлық іс-қимылымен Стив Джобсқа қатты еліктейтін. Осылайша, жетікстікке жетем деп ойлаған ол бірнеше рет айналасындағылардың мазағына қалған. Оның бұл әрекеті жайында америкалық журналист Ник Билтон өзінің "Твиттер туған сәт" атты кітабында "Джек бір Apple қызметкерлерінің бірінен Джобс өзін компанияның бас директорынан гөрі, редактор санайтынын білген. Кейін Джек те Square директоры емес, редакторы ретінде сөйлеп, әрекет ете бастаған. Өз компаниясының өнімдері жайында айта отырып, ол Джобстың жиі қолданатын сөздерін пайдаланады",– деп түрлі дәлелдер келтірген.
Белгілі адамдардың өмірбаяны сөз етілгенде міндетті түрде олардың оқуда жақсы болмағаны немесе аптасына 80 сағаттан жұмыс жасағаны жайлы "аңыз-әңгімелер" айталады. Бұл "жетістік құпиялары" белгілі бір әрекеттер жиынтығынан тұратын мифологияның қалыптасуына әкелді. Ең сорақысы осыған сенетін адамдар өз кумирлерінің іс-әрекетін, әдетін қайталаймын деп өзіне ғана тән қасиеті тұншықтырып алады. Сол қасиеттің оның болашақ жетістігінің негізгі формуласы болуы мүмкін екенін естен шығарып алады. Әлемге екінші Марк Цукерберг немесе Джоан Роулинг керек емес. Әлемге дәл қазір жаңашылдық, тың идеялар керек.
Беделді адамдардың өмір тәртібін жарнамалау не үгіттеу қарапайым адамның қол жетпейтін стандартқа ие, дерексіз, ойдан жасалған кейіпкерге тәуелді болуына әкелді. Егер ерте ұйықтасаңыз, сізден ұлы спортшы шығады деп ойлайсыз ба? Гольф ойыншысы Тайгер Вудс таңғы үшке дейін сауық-сайран құрса да, ол алаңда жеңіске жетеді. Жетістікке жету үшін жұмыс үстелі міндетті түрде мінсіз болу керек деп ойлайсыз ба? Егер, Боб Диланды көліктің артқы орнына отырғызып, оған қойын дәптер берсеңіз, ол бәрібір ең керемет ән жаза алады.
Өзгенің өміріне шала-жансар көз салып, адам болмысындағы бірнеше негізгі белгілер арқылы жетістікке қол жеткізу, әсте мүмкін емес. Бұл арқылы біз жетістік тек сәттілікпен байланысты демейміз (әрине, сәттілік ешқашан артық етпейді). Бірақ, жетістікке тек бірнеше кеңесті оқып алып, оңай қол жеткіземін деген ой кітап мұқабасының артын қарап, оны оқыдым дегенмен бірдей.
Жетістік жолы лабиринт іспеттес. Әркім тек өз ақылы мен күшіне сеніп, өз ережесіне бағынса ғана жол табады. Бұл қиынырақ, бірақ әлдеқайда қызықты. Өмірде көшірмелер көп. Ал, сіз түпнұсқа болыңыз.
Т. Есқали