"Неге оның суретіне лайк бастың?". Интернет тудыратын ұрыстар

"Неге оның суретіне лайк бастың?". Интернет тудыратын ұрыстар

Бүгінде кездесуге кешігіп келгенінен бұрын, әлеуметтік желіде жауап берілмеген хабарламаға көбірек ұрсысатын болдық. Кешіруге болмайтын жағдайларды кешіріп, есесіне қойылмаған лайктар үшін ренжісетін кездер көбейді. Әлеуметтік желілердің қарым-қатынастағы кері әсері мен оның алдын алу жолдары жайлы бүгінгі мақаламызда талқылаймыз.

Онлайн отырған адам, сен хабарлама жазған бойда шығып кетті

Неге: Жігіт өз-өзін қинап, сенің хабарламаңды оқымау үшін әлеуметтік желіге кірмей қоймайтын шағар? Дәл сен жазған уақытта оның кенет шығып кетуі 90% жағдайда – жай ғана сәйкестік. Егер ол сенің хабарламаңды оқымас үшін шынымен шығып кеткен болса, онда ол – нағыз қорқақ және мұндай жігітке тек аяушылықпен қараймыз.

Не істеу керек: Одан жауап күтіп, сағат бойы мониторға телміріп отырудың орнына басқа бірдеңеге көңіл аударуды ұсынамыз.

Ол онлайн отыр, ал хабарламаңды оқымағанына бір сағаттан асты

Неге: Мұнда бірнеше нұсқа бар. Бірінші: ол қазір басқа жұмыстармен айналысып отыр, ал сенің хабарламаң қосымша беттердің арасында жоғалып қалған болуы мүмкін. Екінші: не деп жауап берерін білмейді, сондықтан көрмегендей болып отыр. Тағы бір күмәнді әрі дықты нұсқа: ол сенімен сөйлескісі келмейді және, бәлкім, мәңгілік көрілмеген хабарлама болсын деп бірден өшіріп тастауы да мүмкін.

Не істеу керек: Кездескен кезде хабарламаларыңды неге оқымайтынын сұрастырып көр. Егер жігіт ақталып жатса, бәрі түсінікті болғаны.

Ол суретіңе лайк баспады

Неге: Жалпы жігіттер көлік пен мазағы жоқ және инабатты қыздар жасыруды жөн көретін дене мүшелері көрсетілмеген суреттерге сирек лайк басатын сияқты. 

Не істеу керек: Одан әрбір суретіңе лайк күтудің қажеті жоқ. Егер оған шын ұнасаң ол әйтеуір бір суретіңе лайк басады. Одан жақсысы – кездескенде әдемі екеніңді көзіңе тік қарап тұрып айтады.

Құрбыңның суретіне лайк басты

Неге: Мұны, әрине, ұнатушылық деуге болады. Егер ол оған тағы пікір қалдырып, ал ол жауап қатса, ашулануға тұрарлық. Бірақ, басқаша қарасақ, егер құрбың онымен жекеде сөйлесіп, қылмыңдамаса дабыл қағуға әлі ерте.

Не істеу керек: Егер құрбың ол жігіттің саған ұнайтынын біле тұра, бетін қақпауды жөн көрсе, құрбыңның адалдығына күмән келтіруге болады. Ал ол лайк баса берсін, әзірге...

Мен оған ұнататын әнімді жібердім, ал ол оны елемеді

Неге: Өйткені саған ұнаған ән оған ұнауы міндетті емес. Жалпы адамдардың талғамы әрдайым сай келе бермейді және сенің көңіл-күйіңді дәл беретін ән оның көңіл-күйіне мүлде сай емес болуы мүмкін.

Не істеу керек: Өз ұнатушылықтарың мен қызығушылықтарыңды біреуге тықпаламауды үйрен.

Ол саған жағымсыз пікір қалдырды

Неге: Жігіттер кейде ұнататын қызын дөрекі әдістермен өзіне қаратуды қалайды. Бұл да бір адамның ерекшелігі болар?

Не істеу керек: Пікір шынымен жағымсыз болғанда ғана, мысалы, сенің түр-әлпетіңді сынаған кезде ренжу керек. Жігітке бұл сөзі ұнамағанын жасырмай жеткіз. Егер ол бұл сөзіңді елемей, әрі қарай да жағымсыз пікірлер қалдырып жүрген болса – қара тізімге салып таста. Оған жүйкеңді құртудың қажеті қанша? Ал егер біреумен түскен суретіңе жағымсыз пікір қалдырса – бұл оның қызғанған түрі.

Ол мені достықтан шығарып тастады

Неге: Иә, бұл дабыл қағарлық мәселе. Бұл қадамға оның басқа қызы итермеледі немесе ол саған қатты өкпелі, немесе... сен оған, өкінішке орай, ұнамайсың.

Не істеу керек: Оған зарлы хабарламалар жазудың қажеті жоқ. Өшірді ме? Сау болсын! Басқасы табылады. Және оның парақшасын тексере беруді де доғар!

Ол мені достар қатарына қоспады

Неге: Онымен бір жерде таныстыңдар және ол кейін сені әлеуметтік желіде қосып қоямын деді де, қоспады. Мұнда енді мәселе қиындау... Оның қызы бар болуы мүмкін, ол сенімен жай дос ретінде танысуы мүмкін, сенімен әңгімелесу оған қызық болды, әлеуметтік желіде аса белсенді емес... жалпы бұған мыңдаған себеп табуға болады.

Не істеу керек: Егер оның аккаунтын білмесең – онда амал жоқ. Егер оны таба алсаң – өзің достық ұсыныс жібер, бірақ бәріне дайын бол. 

Дайындаған: Анар Мұстафина

Сурет: news.gazeta.kz, spletnicam.ru

Оқи отырыңыз:

Жігітпен айырылысқан соң әлеуметтік желіде жазуға болмайтын сөздер

Әлеуметтік желіде оның жүрегін жаулап алу әдістері

Әлеуметтік желілердегі 7 "күнә"

Әлеуметтік желілер махаббат сезімін тұншықтырады

Әлеуметтік желідегі өтірік сөздер

Депрессияға ұшырататын әлеуметтік желі қайсы?


A. Mustafina