Адамын сан күйге түсіретін мына тағдырдың тәлкегі кімге болса да бір ұрынар. Сондай шақта аузымызда бітпейтін, ескірмейтін сұрақтар бар! Өз өмірімізді өзіміз қиындатып жүрміз. Өзімізді өзге аясын дейміз бе, жоқ әлде кеудесі шерге толған жалғыз біз ғанамыз ба? Сансыз сұрақ! Жетер, өзіңізді-өзіңіз табалауды доғарыңыз! Өмір сонысымен де, өмір. Бәріне дайын болу керек! Және бәрі де өткінші екеніне сеніңіз!
Неге менің ғана басымнан сор арылмай қойды?
Қайғыңызға ортақпыз! Сіз осы сөзді айтып жатқанда әлемдегі бар жанның тағдырынан хабардар сияқты көрінесіз. Сіздей "соры қалың" адам әлемде жалғыз секілді. Кешірерсіз, өмірмен арпалысып жүрген тек сіз емес. Өмірге келдіңіз бе, көндігіңіз! Оның амалы тек сабыр ғана. Сабыр етіңіз!
Жығылғанға жұдырық болатыны несі? Иә, тағдырдың дайындаған тауқыметі кейде арасына жақсылық салмай бірінің үстіне бірі үйілетіні бар. Жығылып та, жұдырық жеп те көрген жан шынығады.
Әлемдегі ең бақытсыз жан мен шығармын, сірә... Бақытты адам болмайды, тек бақытты сәттер ғана болады. Әттең, осы сөзімізді басымыз бақыттан айналып жүрген кезімізде есімізге алмаймыз ғой. Әлем адамдарының жай-күйін білетіндей сөйлейміз-ау...
Мен сонда жақсы өмір сүруге лайықты емеспін бе? Лайықсыз! Тек ондай өмірге күткен, төзген адам ғана жетеді. Осылай өзіңізді өзіңіз сендіріңіз. Бәрі өткінші екенін жиі ұмытар басыңызға қайта-қайта ескертумен болыңыз.
Мына өмір мені қинауын қашан қояды? Сіз осы мазасыз сұрақты қоюды доғарғанда, бәлкім.
Өліп қалғым келеді... Қойыңыз, олай деуші болмаңыз! Бір күні онсыз да аттанымыз сіз де, біз де. Жаныңыздағыларға қараңыз! Тіршілік үшін тырмысып жатқан жандардың қасында сіз өзіңізді әлсіз сезінбейсіз бе? Сізді жақсы көретін, сізсіз өмірді солғын елестетер жандардың барын ойлаңыз. Сіз керексіз!
О, мама, мені осы тауқымет үшін әкелгенің бе өмірге? Бұл сөздің ауыздан шығуына ақымақ бас кінәлі ме екен? Жоқ әлде жағадан алған қайғы ма екен? Қайдам, әйтеуір орынсыз сөз! Өмірге әкелерде ананың бәрі бақыт үлестіріп беретін болса, қанекей!
Шаршадым бәрінен... Жоқ, сіз бәрінен емес, тек бір ғана нәрседен шаршадыңыз! Сол бір мұңның кесірі бүкіл тағдырды талақ етуге дейін алып келеді. Шаршасаңыз, сәл тынығып алыңыз. Ашуыңыз тарқаған соң, басқа көзқарасты ұстана қалған өзіңізге күлерсіз әбден.
Өмір неткен қатал! Осы сөзді қартаң жастағы адам айтса, "Еее, көрген ғой! Сөйлесе, көпті көрген сөйлесін" дер едік. Бесіктен белі шықпай жатып өмірдің қаталдығын сезінген бала расымен бақытсыз шығар. Өмірдің қандай қатал екендігін білу баланың жасына сай емес. Өмірге баға бермек түгілі олар әлі нағыз өмірді көрген жоқ. Өмір сүріп те көрген жоқ!
Маған олсыз өмір жоқ! Мүмкін ол сіздің жаныңызда енді болмайтын шығар, бірақ сіз олсыз да күнелтесіз. Сіз ол үшін өмірге келген жоқсыз.
Осы сөзді айтатын адамдардың 99 пайызы өмір сүріп жүр. Демек, кеше танысыңыз болған, бүгін бейтанысқа айналған жақыныңызсыз да өмір тамаша! Оған, керісінше, осыны дәлелдеңіз!
Жақсылап ішу керек боп тұр. Иә, ішіп жеңілдеп қаларсыз! Бірақ мастығыңыз жазылған соң да сіз сол өмірдің "кейіпкері" болып қайта өмір сүре бересіз. Бәрібір ішіп алған кездегідей ертегі әлемі күтпейді сізді!
Одан да әлсіздің әлегіне салынбай, әдемі әдіс табыңыз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: foto.md, vk.com