Біз ашуымызды басқаларға қарағанда өзіміздің жақын адамдарымызға жиі көрсетеміз. Басқа адамдардың көзінше барынша шыдамды болып, үйге келгенде күйеуіңізге немесе балаңызға айқайлай саласыз. Неліктен мұндай жағдай орын алады? Оның себептері көп.
Отбасыда өзіңізді еркін ұстайсыз
Өмір болған соң біраз нәрселерге шыдау керек болады. Үйден сыртқа шыққан әр адам қоғамдық ортаға түскендіктен әртүрлі адамдар, түрлі пікір не көзқарас, кез келген жағдай орын алуы мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан адам қоғамдық көлікте, жұмыста немесе кезекте тұрғанда қандай жағдай болмасын өзін ұстауға тырысады. Шыдамды болуда тұрған ештеңе жоқ. Әр адам өз тәрбиесін ұмытпай, қоғамдық орында айқайласпауға тырысу керек. Осылайша, адамның ішіне негативті энергия жинала береді. Бірақ ол шексіз жалғаса бермейді, әйтпесе, барлық негатив пен ренішті ішіңізге жинай берсеңіз, жүйкеңіз жұқарып, ауруға ұшырайсыз. Ең сабырлы адамның өзіне арасында ішіндегісін шығару қажет болады.
Қаншалықты "біртүрлі" естілсе де, мұндай кезде адамдардың көпшілігі бар ашуын отбасы мүшелеріне шығарады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, отбасы мүшелері оны қандай болмасын жақсы көретініне сенеді. Оны психологтар инфантильдік ұстаным, басқаша айтқанда, "ана мен бала қатынасы" деп атайды. Мысалы, баласы не істесе де, анасы оны қалай бар солай жақсы көреді. Екіншіден, эмоциясын жақындарына шығару – ол сенімділіктің белгісі. Бірақ бұл жағдайда отбасы мүшелері өздерін қалай сезінеді? Олардың орнына өзіңізді қойып көріңіз. Оларға әрдайым даусыңызды көтере берсеңіз, олар сізден алшақтай түседі. Сондықтан іштегі негативті шығарудың басқа әдістерін зерттеңіз. Мысалы: медитация жасауды үйрену немесе жұмыстан келе жатып бірден үйге кірмей, таза ауада серуендеп алу және кешкісін жақын адамыңызбен тыныш күйде әңгіме айту.
Жақыныңызға "жақсы" болсын деп дауыс көтересіз
Біз жақын адамымызбен ұзақ уақыт бірге болғандықтан, ол туралы оның өзінен де жақсырақ білеміз деп (жиі қате) ойлай бастаймыз. Күйеуіңізді немесе балаңызды сыртынан бақылап, оған не керегін және қалай істесе дұрыс болатынын толықтай білемін деп ойлайсыз. Бірақ сіздің "жақсы болсын" деген пікіріңіз оның пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін. Содан кейін оған айқайлай бастайсыз. Жақын адамыңызды "қажетті" арнаға бұру арқылы оның әрекетіне, қалауына шек қоясыз. Оны өз еркіңізге бағындырасыз. Біреу сізге не керегін сізден де жақсы білетінін айтып, қалауыңыздан басқа нәрсеге бұра берсе, қалай болар едіңіз? Оның орнына отбасы мүшелерін әрдайым қолдаңыз, пікірін тыңдаңыз, қалаған нәрсесін бірге зерттеп, ол нәрсенің кемшіліктері мен артықшылықтарын бірге оқыңыз. Қателессе, "айттым ғой" деп бірден дауыс көтермеңіз. Әр адам қателіктер арқылы ғана тәжірибе жинайтынын ұмытпаңыз.
Сізге жақындарыңыздың (негативті болса да) назары қажет
Ең тәуелсіз адамның өзі жалғыздықтан қорқады. Егер адам өзіне "позитивті" назар аударта алмаса, ол шабуыл жасау арқылы зейін аудартуды ойлайды. Мысалы, кішкентай балалар ата-анасын өзіне қарату үшін себепсіз еркелеп, жылайды. Назар аудартудың "бала" әдісін ересек өмірде де пайдаланатын адамдар бар. Жақындарыңыздың назарын дауыс көтеру немесе ренжу арқылы өзіңізге қарата берсеңіз, біркүні олардың сізге деген сенімін жоғалтып аласыз немесе үйреншікті жағдайға айналып мүлдем елемейтін болады. Оның орнына отбасы мүшелеріне көбірек мақтау сөздер айтыңыз, оларды қалай жақсы көретініңізді жиі білдіріңіз және олардың әр бастауын қолдаңыз.