- Негізгі бет
- Психология
- Не деген қырсық...
Не деген қырсық қыз едің!..
Құрметті оқырман, "Өзімді-өзім тәрбиелеймін" сабағын жалғастырмақпыз. Бүгінгі сабағымызға арқау болып отырған тақырып - қырсықтық. "Қайсыңыз осы қылықты махаббат мәселесінде жиі қолданасыз?" деп сұрамай-ақ қояйын. Біржақты ғана жауап аламын ба деп қорқамын. Одан осы қасиеттің төңірегін тінтіп шығайық.
Қыздардың қырсық қылықтары
- "Сүйіп тұрсам да, "Сүймеймін" деймін". Неге олай етеміз, қыздар? Сезімімізді ашып айтуға неге жасқанамыз? Жүрегіміз сайрап жатыр ғой. Неге сол ішкі әуенді сол жүректің иесіне жеткізбейміз? Қырсықтығымыз "ұстап" қалады ғой.
- "Телефонды көтермей қоямын". Сағынамыз... Өздері неге қоңырау шалмайды екен, ә? Не болып қалды екен? Білейінші. Қоңырау соғамыз. Ол көтермейді. Тағы соқтық... Тағы да жауап жоқ! Ал енді жүйрік ой шапсын кеп алысқа. Бірден басымызға жаман ойдың келетінін жасырып қайтеміз, құрбым?! Артынша жігіт телефон соғады. Жоқ, тұтқаны көтермейміз. Өзіміз әрең номерді теріп, дәтіміз шыдап қоңырау соғып едік. Өзі ғой, көтермеді. Мүмкін ол естімей қалған болар. Мүмкін ол сөйлесуге ыңғайсыз ортада отырған болар. Бәлкім оның телефоны дыбыссыз режимде шығар. Жоқ, онда жұмысымыз жоқ! Қырсығамыз да, "жаным" деп жылт-жылт еткен қоңырауды келген жеріне "қайтарып" жібереміз.
- "Бірінші өзі..." "Бірінші өзі жазсын", "Бірінші өзі кешірім сұрасын", "Бірінші өзі келсін", Не деген бітпейтін "Бірінші өзі"! Қазақ қызы үнемі алғашқы қадамды жігіттен күтеді. Сөйтеді де, өз қиялынан жігіт жасап алады. Қиялындағы жігіт бәрін бірінші өзі жасайды. Ал енді шын өмірде жігіт пайда бола қалса, сол қиялындағыман салыстырып отырады. Құрбым, жігіт сіздің қиялыңыздағы жанның қандай екенін білмейді ғой. Ал ой мен қиял жасаған нәрсені адам іс жүзінде жасай алмауы мүмкін. "Бірінші өзі" деген сөзді аузымыздан азырақ шығарайықшы!
- "Еркелеп қырсығам". Мұныңыз енді аса қауіпті бола қоймас. Егер жігітіңіз мұны еркелік деп түсінсе... Ал егер есерлік деп түсініп жүрсе, байқаңыз!
- "Бәрін керісінше жасаймын". Неге? Міне, қырсықтықтың ең ауыр түрі де осы. Қыңырлық танытып бәрін кері жасаймыз. Жігітіміз көңіл аударсын дейміз бе, жоқ әлде оны ашуландырғаннан ләззат аламыз ба? Сөйтеміз-ау! Қырсығарын қырсығып алып, ол ызаға булыға бастаса бірден қоя саламыз. Қоя салсақ, жақсы ғой. Кейде көкірек шіркін аспандап кетпей ме? Ойыннан от шығатыны да - қырсықтықтан! Жүр десе, бармаймыз. Қал десе, қалмаймыз. Айт десе, айтпаймыз! Қайт десе, қайтпаймыз! Өтірік деп көріңізші. Мұның бәрі қырсықтық емей, немене?
- "Ол мені бәрі бір "Қырсығым" деп жақсы көреді". "Оған менің осы қырсық мінезім ұнайды. Өзі солай деген"... Ендеше жігітіңіз болашақта осы сөзі үшін өкінуі әбден мүмкін.
Қырсықтық неден пайда болады және одан құтылудың жолдары
- Қырсығу дегеннің не екенін біліп алыңыз! Қырсығу - адамның ең жағымсыз мінездерінің бірі. Қырсықтықтың түбі жақсылыққа апармайды. Махаббаттағы сансыз қоштасулар осы бір улы мінездің кесірінен болып жатыр. Бұл мінез кел келген адамның бойында бар. Тек оны бәрі біз сияқты шектен тыс қолданбайды.
- Қырсығу қызғаныштан тууы әбден мүмкін. Сүйгенімізді қызғандыру мақсатында да сәтті пайдаланымыз. Өзіміз қызғансақ та сөйтеміз. Ол еркеліктен де туады. Еркеліктің шегі бар екенін ұмытпағайсыз!
- Қырсықтықтың сізге берер пайдасы шамалы. Бекерге жігітіңізді ренжітіп, өз көңіл күйіңізді де түсіресіз. Қырсықтықтан "қырылып" жатқандарды болмаса, бақыттан басы айналып жүргендерді көргенім жоқ.
- Иә, мүмкін сіздің қыңырлығыңыз жігітіңізге ұнайтын шығар... Бірақ бұл жағымсыз қасиет бір күні болмаса да, бір күні жалықтыратын болады.
Рас, қазақ қызына ұяңдық жарасады. Иә, қазақ қызының ерке болуы да заңдылық шығар. Бірақ сізге қай бабаңыз "Қазақ қызына қырсықтық тән" деп айтып кетіп еді?
Құрбым, өзіміздің сыйымызды сақтап қалғымыз келсе, жігіт алдында құнымыздың төмен болмауын қаласақ, қырсығуды доғарайықшы!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: facebook.com