Біздің әрқайсымыз есірткінің адам ағзасына кері әсер тигізетінін жақсы білеміз. Ол барлық негізді жойып, адамзатты деградацияға ұшыратады. Бұл туралы біз айтпасақ та, көп жазылып, талданған болатын. Есірткіге, токсикоманияға, маскүнемдікке тәуелділік, табак шегу сынды зиянды әдеттер қазіргі таңда ЖИТС-пен бір қатарда айтылады. Осыншама қауіпті екені көп айтылса да, оны алдын алмайтындары – таңқаларлық жағдай.
Есірткіні көп уақыттан бері қабылдап жүрген адамдар одан бас тарта алмайды, ал алғаш рет дәмін татқандар 1-2 рет қана байқап көремін деп ойлайды. Бұл адамдардың өмірге деген көзқарасы, ұстамдылығы мүлдем бөлек. Олар, тіпті, өздері көз жеткізу үшін есірткінің дәмін жайдан-жай татып көруі мүмкін.
Ал енді бәрінен де ең көп алкогольге, есірткіге, шылымға тәуелді адамдар туралы айтайық. Олардың әдетте ерік-жігері әлсіз келеді. Өзгелердің айтқан пікіріне тым көнгіш болады.
Мұндай жағдайға өтпелі кезеңдегі қыз-жігіттер тап болады. Әсіресе, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар. Олардың не істеп жүргенін ата-анасы қадағаламайды, «әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ». Ата-анасы бере алмаған тәрбиені мектептегі мұғалімдер берер еді, алайда олар сабаққа сирек барады.
Олар үлкендердің артық сұрақ қоймауына, жеке өміріне араласпауына әбден үйреніп алған. Әсіресе, біреудің айтқанын мүлдем орындамайды. Біздің ойымызша, мұндай оқушылар сіздің де сыныбыңызда болуы мүмкін.
Ғалымдар қыздарға қарағанда ұлдардың өзгенің жетегінде жүре беретін әдеті бар екенін анықтаған. Ал қыздар өз кезегінде айтқанынан қайтпайтын қыңыр келеді. Нәзік жандылар жігіттерге қарағанда ең болмағанда үлкендерден зиянды әдеттерін жасыруға тырысады. Олардың жауапкершілігі мен ар-ұяты бар.
Әділетті болу үшін кедей, бақытсыз отбасынан өте білімді азаматтардың шығатынын айтқымыз келеді. Өйткені, олар ата-анасының тағдырын қайталағысы келмегендіктен, болашағының жарқын болуын қалайды. Және бұл үшін барын салады. Ал барды киіп, жеп өскен балалар жаңа дүниені көргісі келіп, жаман жолға түседі.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: rudaki.ru