Ғашық болу – үлкен бақыт болса, жауапсыз махаббат – зор қасірет. Өмірде біз сүйгенмен, бізді сүймейтін жағдайлар көп кездеседі. Жауапсыз махаббат біздерді өздерінің құлына айналдырып, әдеттегі күн тәртібімізді бұзады. Саналы түрде іс-әрекеттер жасауымызға кедергі жасайды. Бүгін жауапсыз махаббатқа тап болған жағдайда қандай әрекеттерді орындау керектігін ұсынамыз.
Біріншіден, ғашығыңыздың сізге деген сезімінің жоқтығын қайдан білдіңіз? Ортақ отырыстарда сізге досына қарағандай ілтипат білдіруі сүймегендіктен емес, ұялшақтығынан болуы мүмкін. Бұндайлардың барлығын жауапсыз махаббат деу қателік.
Психолог мамандар сезімдеріңізді білдіріп көруге кеңес береді. Сезімдерін білдірген 30% адамдардың жолы болып, сүйгендеріне қосылған. ХХІ ғасырда адамдардың махаббатқа көңіл бөлмейтіндігін ескеруіміз керек.
Жауапсыз махаббатқа тап болсаңыз, төмендегі әрекеттерді орындап көріңіз:
1. Жеңіске ұмтылыңыз!
Ғашығыңыз Голливуд жұлдызы, атақты әнші, Нобель сыйлығының лауреаты емес, күнделікті өмірде кездестіріп жүрген адам болса, неге тырысып көрмеске? Алайда сезіміңізді ақтарып салып, айтқандарын орындай беру де дұрыс емес. Оның орнына барлығы шынайы көрінетіндей әдейі кездесіп қалып, оның қызығушылықтарын зерттей бастаңыз. Психолог мамандардың айтуынша, ортақ қызығушылығы жоқ жандардың сезімдері ұзаққа бармайды. Әсіресе, қызығушылықтар бір-бірінен алшақ жатса.
Кездесе қалған жағдайда сұрақ қойып, әңгіме бастаудан қорықпаңыз. Әрбір сөзіңіздің мағыналы екендігін, жауапкершілігі мен болашағы бар азамат екендігіңізді танытыңыз. Бастаңғыларда биге шақырыңыз. (Бұл әрекеттер қыздарға қарағанда, жігіттерге жарасады).
2. Күту
Өзіңіздің жеңілгендігіңізді мойындай алмай, барлық әрекеттерді жасап көрген жағдайда күтіңіз. Әрдайым күлімсіреп, қиын да қуанышты сәттерде жанынан табылып, достық қарым-қатынаста болыңыз. Қадіріңізді түсінеді.
Күтетін болсаңыз, әдеттеге күн тәртібін жалғастыруды ұмытпаңыз. Кез келген бастаңғылар мен саяхаттарға келісіңіз. Әрине, жүрегіңізде мұң тұрғанда қуану қиын. Бұлар күту дегеннің бір орында аялдап тұру еместігін түсіну үшін керек. Бұл әрекетіңізбен еш нәрсеге жете алмайсыз. Ғашығыңыз сізден бас тартқанын дұрыс шешім деп мойындағаны болмаса...
Екіншіден, қанша ауыр болса да сізден бас тартқанына көніп, өз жолыңызбен жүргеніңіз жөн болар.
3. Ұмытып, өз жолыңызбен жүру
Сіз жоғарыдағы мүмкіндіктерді пайдаланып көрдіңіз, барлығы бастапқы қалыптан еш өзгермеді. Ол сізді біледі, достық қарым-қатынасқа да қарсы емес, алайда жақсы көрмейді. Бұндайда не істеуге болады? Қалай өмір сүру керек? Екі сезімнің қайсысы күштірек? Сіздің махаббатыңызды қабыл алғанын қалайсыз ба, әлде өзіңізді сүйгізгіңіз келе ме? Мамандар осы секілді сұрақтарға жауап іздей келе жауапсыз махаббаттың арасында эгоизм бар екендігін айтады.
Бірге бола аламыз деп ойлайсыз ба? Сіз оған лайықсыз ба? Ол сізбен бақытты бола ма? Дәл қазір бір нәрсені анықтап жатудың кезі еместігін ескеріңіз. Өмірдегі құлдырайтын сәттер шындықты тура қабылдап, одан биік мақсаттарға ұмтылу керектігін білдіреді. Кімді қаттырақ сүйесіз? Оны ма, өзіңізді ме? Егер ол үшін балконнан секіруге дайын болсаңыз, бұл махаббат емес. Ал оның сезімдерімен санасып, босата білсеңіз, бұл нағыз махаббат.
Жауапсыз махаббатқа тап болып, іштей құлдырап жүрген сәттерде танымыңызды жоғарылататын кітаптар оқыңыз. Бұл сезімдерді іште жасырмай жақындарыңызға айтып, жеңілдеп алыңыз.
Кеудеде тұрған өксіктен «Ол мені сүймейді, мен бұлай өмір сүре алмаймын» деген ұстанымды «Ол мені сүймейді, ары қарай қалай өмір сүремін?» деп өзгерту арқылы арылуға болады. Өзіңізге соңғы сұрақты әсірелеусіз, байыппен қойып көріңіз. Шешімді іздесеңіз, міндетті түрде табылады. Бастысы бұның барлығын шын жүректен қаласаңыз болғаны. Алайда өміріңізді тек ізденіспен өткізіп алмай, өзге де жаңалықтарға толтырыңыз.
Жауапсыз махаббатқа тап болып көрдіңіз бе?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: ladlclub-online.ru