- Негізгі бет
- Психология
- Нағыз махаббат сезімінің...
Нағыз махаббат сезімінің 10 белгісі (қыздар үшін)
Әлі күнге дейін жүрегіңді кернеген сезімнің не екенін түсінбей жүрсің бе? Олай болса, төмендегі нағыз махаббаттың 10 белгісіне назар аудар.
1. Сыртындағы қаптамасы бұрынғыдай маңызды емес. Әрине, біз адамдарды киіміне қарап қарсы алатынымыз рас. Бірақ жүріп жүрген жігітіңнің Асылхан Төлепов немесе Нұрлан Әлімжан секілді әдемі еместігі сені онша қызықтырмайды. Оны кез келген киімде көруге дайынсың.
2. Тырнақ астынан кір іздемеу. Жігітіңнің кемшілігін анық көрсең де, оны өзгертуге тырыспайсың. Оның елге ұқсамайтын әдеттерін де сол күйінде қабылдайсың. Бұл шылым шегу мен алкогольды тұтыну, былапыт сөздер айтуға еш қатысты емес.
3. Барлық қиындықты жеңуге болады. Бұрынғыдай түймедейді түйедей етіп, жанжал салатын әдетің жоқ. Құдды бұлқынған жанартау көп уақытқа ұйқыға кеткендей. Ал алдыңнан қасқайып қиындық шыға келсе, күйзеліске ұшырамай, оны жеңудің амалдарын іздеуге кірісесің.
4. Бір күнді жалпы көрсеткіш деп қабылдауға болмайды. Нағыз махаббат бір күнде-ақ пайда болмайды. Ал бір көріп ғашық болуды шынайы махаббат сезімімен шатастырмаған жөн. Пәк сезім арада біраз уақыт өткен соң, бір-бірінің кемшілігін танып алған соң да пайда болуы мүмкін.
5. Махаббат хикаясы Hawaii аквабағындағы төбешікке ұқсамауы тиіс. Hawaii аквабағындағы ұзақ әрі іші қараңғы төбешікпен сырғанап көрдің бе? Көрмеген болсаң әсердің қандай болатындығын мен айтайын: аз уақыт ішінде адреналин алғандай болатын шығарсың, алайда қай уақытта, қай жерде келе жатқаныңды ойлауға мұршаң болмайды. Қанша жерден махаббаттың құшағында болсақ та, ойымыз әрдайым тың әрі жинақы болуы тиіс. Яғни нағыз махаббатты ессіздікпен де шатастырмаған абзал.
6. Неге жақсы болып көрмеске? Нағыз махаббат алдымызға мақсат қоюға көмектесіп, жақсы жаққа өзгертеді. Қыз бала ғашық болса, бой түзейді, ер жігіт ғашық болса, ой түзейді деп бекер айтпаса керек.
7. Жігіт сенің бар өміріңнің мәні емес. Махаббат деген біреу үшін өмір сүру емес. Керісінше екі адамның бір бүтін болып, қадамдарын бірге басуы. Бірақ бұл қадамдар бір бағытта басылмаса да болады. Мысалы, қызығушылығы мен мамандықтары әр түрлі болуы мүмкін.
8. «Ол тек менікі» деген ұғым жоқ. Бұл, әсіресе, шығармашылыққа, өлең шығарып, ән айтуға, бір сөзбен айтқанда халық үшін жаралған жігіттердің қыздарына қатысты айтылады. Жігіт сенікі болғанмен, жүрегі көпке ортақ. Сондықтан нағыз махаббатта қызғанышқа орын жоқ.
9. Альтруизмнің жолы болсын! Нағыз махаббатта қызғанышпен қатар эгоизмге орын жоқ. Табыс ортақ болады. Қандай игі істер жасалса да, екеуге арнап жасалады.
10. Сен ол жоқ болса да өмір сүре аласың. Сүйіктіңмен айырылысу бәрінен де қиын. Оның «ұмыт мен, мен сені енді сүймеймін, ренжіме екеуіміз бұдан былай бірге бола алмаймыз» сынды сөздері жүрекке қанжардай қадалады. Десе де, айырылысу деген, түрлі дәрі-дәрмекті ішіп, өз-өзіне қол жұмсауға тырысу емес. Арада біраз уақыт өткен соң аздаған мұң болса да, бірге өткізген тәтті күндерді жымиып отырып еске алатын боласың. Яғни нағыз махаббат та айырылысумен аяқталуы мүмкін.
Қыздар, мүмкін араларыңызда мен атаған 10 белгінің дұрыстығымен келіспейтін жандар да бар шығар. Жеке ойларыңызды төменде пікір ретінде қалдыруларыңызға болады. Нағыз махаббат сезімінің белгілерін бірге талдайық...
Дайындаған: Томирис Сағындық
Сурет: Yerlan Kidirov
Қ. Бүйенбай