Психолог ғалымдар махаббат үш жылға ғана созылады, ары қарай бауыр басуға, сыйластыққа ұласады деп жатады. Кей жерде отбасының 3%-ы ғана махаббатпен құрылады деген дерек бар. Мұны алып қашудың құрбаны болғандар көбеюімен, белгілі бір мәжбүрлікпен, есеппен отау құратындар үлесі басым болуымен түсіндіруге болады. Ал сіз нағыз өзіңіздің жұбыңызды кездестіргенде, бұл сөздер далбаса екеніне көзіңіз жетеді. Шын сүйгендер қандай болады? Сізден ештеңе жасырмайды. Ойындағысын ашып айтады. Мазалаған сұрақтары болса, бірінші сізбен бірге талқылайды. Осылай шешімсіз түйін болмасына бірге көз жеткізесіз. Оған өтірік айтып, алдамауын да қосыңыз. Пікіріңізді, өзіңізді құрметтейді. Сөйлеп отырғанда сөзіңізді бөлмей тыңдайды, оған алып-қосарын айтып, келіспейтін тұстары болса, ой қосып, түзеуге тырысады. Екеудің ойы екі жерден шығатын кез сирек, олай болған жағдайда ымыраға келіп, екеуі де бір тұжырымға тоқталады. Осылай көп жағдайға қатысты көзқарасы да бірдей болады. Достарының көзінше, басқа адамдардың алдында мерейіңізді арттырып отырады. Жігіті қызының қабілеттерін айтып, істеріне сүйсінетінін өзгелер көзінше де жасырмаса, қызы жігітінің артықшылықтарын айтып, өзінен бір саты жоғары қойып құрметтейтінін білідіріп, абыройын асқақтатып тастайды. Бар қалауыңызды орындағысы келеді. Бүгін жай ғана арманыңызды, қалауыңызды айтсаңыз, ертең оның орындалғанын көріп отырасыз. Ешқандай тұспалдаусыз жай ғана айтыла салған сөзді елеп-ескергені қуантпай қоймайды. Жұбыңызға да керегі сол, сіздің қуанышты жүзіңізді көру. Көңілге қаяу түсірмеуге тырысады. Әр ісін ойланып істейді, әр сөзін аңдап айтады. Екеуі де үнемі бір-бірін ренжітіп алмауды ойлайды. Мұны асты-үстіне түсіп, орынды-орынсыз дегеніне көне берумен шатастырмаңыз. Бәрін айтқызбай біліп отырады. Көзіңізге қарап, ойыңызды оқиды. Нені қалап, нені қаламай тұрғаныңызды тіпті кейде көзіңізден көрмей-ақ біледі. Шын сүйетіндердің ішкі түйсігі жақсы жұмыс істейді. Ойлап отырғаныңызды қашықта жүрсе де сезіп қояды. Өзі жылатып, өзі жұбатады. Тырнақшаның ішіндегі жылату тура мағынасыда емес. Көңіл күйің түсіп кеткенін бірден байқайды. Тезірек әдемі күлкіңізді көруге асығып, қалайда көңіліңізді көтеретін бірнәрсе ойлап табады. Кішігірім сыйлық береді, тәтті тарту етеді, әзіл-қалжың айтып, көңілді орнына түсіргенше тынбайды. Көп қасиеті өзіңізге ұқсайды. Оған қарағанда өзіңізді көресіз. Бұрын естіп жүрген әзіл секілді Әр жындының өз жындысы бар, Тәңір тауып қосады деген сөздер тура айтылғаны көз алдыңызда күн сайын дәлелденіп жатады. Тағдырдың таңғажайыбына таңдай қағумен боласыз. Қай кезде не айтатыны, қай әрекетіңізге қалай жауап беретінін өзіңізге қарап-ақ бірден біліп отырасыз. Қандай теріс қылығыңыз болса да, жақсы жағынан қабылдайды. Себебі өзінің бойынан да ондай олқылықтар кездесуі мүмкін. Айырылып қалмау үшін қолынан келгеннің барлығын жасайды. Өзі де, өзін де дәл осылай сүйе алатын адам енді жолықпасына сенімді болады. Кешіруге болмайтын қателіктерін де кешіріп, одан сабақ алуға көмектеседі. Осы қасиеттерді жұбыңыздың бойынан байқасаңыз, оның бағасын біліңіз, жоғалтып алмауға тырысыңыз. Себебі мұндай махаббат екінші рет берілмеуі де мүмкін.