«Нағыз махаббат адамға бір-ақ рет беріледі» дейміз біз. Не деген қасіретті сөз еді! Неге бұлай айтуға сонша асығамыз? Сіздер осылай деп тон пішіп алдыңыздар. Бірақ нағыз махаббаттың адамға бір-ақ рет берілетіндігін өтірікке шығаратын талай адамның барын да ұмытпаңыз.
Бұлай айтуға не себеп?
Біріншіден, «Нағыз махаббат адамға бір-ақ рет беріледі» деген тұжырымды көбіне махаббаттан жолы болмаған жандар жөн санайды. Олардың көбі, тіпті барлығы дерлік өмірде өз сүйгендерімен бола алмағандар немесе оған қолы жетпегендер. Олар біреуді сүйді, сонымен өмірлік теңізде қатар жүзгісі келді. Бірақ тағдыр оның дегенін қылмады (Тағдыр кейде сөйтеді). Егер тағдыр сіздің сөзіңізге құлақ аспай бәрін өзінің айтқанымен жасаса, амал нешік... Оған махаббатты кінәлап не керек? Бір ғана жүректің сүйіспеншілігі ақталмай қалғанда ауызға осы сөз келеді: «Нағыз махаббат адамға бір-ақ рет беріледі»...
Екіншіден, нағыз махаббаттың адамға бір-ақ рет берілетіндігін мойындайтын біршама қауым махаббаттың шын мәнінде не екендігін ұғынбайтын болуы керек. Ол алғашқы ұнатқанын ғана махаббаты санап, кейінгісін көңіл түгіл, көзге де ілмеуі мүмкін. Ол үшін «кеткені» ғана – махаббат. Ол содан өзгені махаббат санамайды. Мұндайда еріксіз «Қосылмаған кезде махаббат нағыз махаббат атын сақтап қалады» дегің келіп кетеді. Әлде «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп қана шектелсек пе екен?
Біз әлі махаббат деген сөздің не екендігін ажыратып ала алмай жүрген жоқпыз ба? Бәріңіз түгел махаббатты дұрыс тани алатындықтарыңызға сенесіздер ме? Сенбесеңіздер неге «нағыз» деген сын есіммен әрлеп тұрып махаббаттың бір рет-қана кездесетіндігін қос қолдап қолдай жөнелесіздер?
Ғалымдар не дейді?
Мамандар адамға нағыз махаббаттың бір рет емес, екі рет келетіндігін айтып отыр. Ал керек болса! Онда нағыз махаббатынан айрылып қалып, оның қайта келмейтіндігіне мойынсұнып қойғандар бастарын көтере берсін бе? Демек оларға дәл сондай (өзінше) «нағыз» махаббаттың тағы біреуі келеді деген сөз бе? Ғалымдар осы сұрақтарға «иә» деп жауап береді.
Сіз не дейсіз?
Адамдарға махаббат бір рет емес, екі немесе одан да көп рет берілуі ғажап емес. Тек біріншісі екіншінің орнын баса алмауы әбден мүмкін. Сондықтан алғашқы тәтті сезімдер жүректе қалып қояды. Жүректен ол сезімді өшіргісі келмейтіндер екінші не үшінші біреуді сүйіп тұрса да тек алғашқысын ғана махаббат санайды. Сүйіп тұрып оны махаббат деп мойындамау да – оңбай қателесу! Неге адамдар өзінің сүйгенін мойындайды да, бірақ оны махаббат санамайды. Демек бұл – әлі де махаббат туралы түсініктің толық қалыптаспағандығы.
Біз біріншісін де, екіншісін де, одан кейінгілерін де сүйе береміз. Бірақ неге тек біреуін ғана «нағыз махаббат» санаймыз? Бәрінде – бір сезім. Тек алғашқысы сіздің басыңызда тұңғыш рет өткендіктен, сізге сол ғана ыстық. Әйтпесе күйіп-жанып өзгені де сүйе алуың әдбен мүмкін.
Ендеше неге «Нағыз махаббат» тіркесін алғашқы махаббат тіркесімен алмастырып қана жылы жауып қоя салмаймыз? Алғашқы махаббаттың біреу ғана болатынымен ешкім де дауласа қоймас, сірә?.. Жоқ, әлде сіздер де нағыз махаббаттың бір-ақ рет берілетіндігіне көндігіп қойдыңыздар ма?
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: byaki.net