- Негізгі бет
- Психология
- Нағыз жігіттер ғана...
Нағыз жігіттер ғана білетін құпиялар
Бүгінгі күнде ар-намыс пен адамгершілік бар болса да, көпшілігімізден табыла бермейтіні өкінішті. Сондықтан джентльмен болуға, ал қарапайым тілмен айтқанда мәдениетті адам болуға талпынайық.
Сырт келбетіңіздің маңыздылығы
Жеке тазалығыңызды сақтау – міндетті талаптардың бірі. Әрқашан да денеңіздің, киіміңіздің тазалығын естен шығармаңыз. Бірақ түрлі әтірді сепкенде артық шашпаңыз. Қыздарға мұрынды жаратын иіс ұнамайтыны белгілі, егер әтір су иісі шамадан артық қолданылса олар мұны бірден сезіп қояды. Сонымен қатар, шашты сәндеуге арналған гель жағатын болсаңыз, оны да шамасын біліп қолданғаныңыз жөн.
Сымбатыңызды ретке келтіріңіз. Өзіңізге жарасатын, ал киімдеріңіз бір-бірімен үйлесетіндей болсын. Кейбір кең киімдерді киюге немесе күмәнді сән трендтеріне ілесіп кетуге асықпаңыз.
Сыпайы болыңыз
Нағыз джентльмен ісімен де, сөзімен де мәдениетін көрсетеді. Бірінші кезекте, өзгелерге қалай көмектесуге болатынын ойлаңыз. Мәселен, қарапайым ғана есіктен шығу процесі сіздің кім және қандай адам екеніңізді тамыршыдай дөп басып анықтап береді. Сондықтан да әрқашан есіктен өтер кезде қарсы келе жатқан немесе қатарласып келе жатқан адамға жол босатыңыз. Әсіресе қарт адамдарға немесе жүкті әйелдерге көмек қолыңызды созудан тайынбаңыз. Олардың ауыр жүктерін көтерісіп, қоғамдық көлікке мінуге демеп жүріңіз. Тіпті мәдениетсіздік танытқан адамға да құрметпен қарауға болатынын ескеріңіз.
Қоғамдық орындарда да, басқа жағдайларда да адам баласына әрқашан да көмектесуге, дұрыс әрі сыпайы жауап беруге тырысыңыз. «Қалыңыз қалай?», «Ғафу етіңіз», «Айыпқа бұйырмаңыз» деген сөздер сөздік қорыңыздың ең көп қолданылатын сөздері болсын.
Ешқашан да жанжалдасушы болмаңыз
Адам көңіліне тиетін сөздер айтпаңыз. Жүйкеңізді жұқартатын сәт болса да ойыңызды жинақтап, салмақтап айтыңыз. Дауыс көтеру – мәдениетсіз адамның белгісі.
Өзгелердің көзінше кекіруге, ауа ластауға, зор дауыспен сөйлесуге, жағымсыз сөз айтуға, ішімдік ішуге болмайды. Жігіт әрқашан да өз ісіне, күші мен ақыл-есіне жауапкершілікпен қарайды.
Қыз баласымен көшеде келе жатып, оның қолынан ұстаңыз. Бұл ишара қыз балаға қорғаны бар екенін ұқтырады.
Өзіңіз туралы көп әңгіме айтушы болмаңыз
Қыз бала сізбен әңгімелесу барысында сіздің тұлғалық қасиеттеріңізді, оның ішінде мініңізді байқағысы келеді. Егер мәдениетті түрде сөйлесетін болсаңыз қыздың алдындағы абыройыңызды жоғарылатасыз. Әңгіме барысында өзіңіз туралы барлық деректі жайып салмаңыз, қыздар ер адамның құпиясы болғанын қалайды. Әрқашан да әлем жаңалықтарын, музыка мен спорттағы ақпараттарды біліп отырыңыз.
Адамды танымай тұрып, онымен саясат жайлы әңгіме айтудан аулақ болыңыз. Себебі саясат тақырыбында сөйлескісі келмейтін адамдар да болуы мүмкін. Сондықтан да ортақ тақырыптар табуға тырысыңыз. Джентльмен өзгелерді ешқашан да жағымсыз жағдайда қалдырып қоймайды.
Қыз балаларды әрқашан да құрметтей біліңіз
Оларға қарата боғауыз сөздер айтпаңыз, ұятсыз тақырыптарға әңгіме айтпаңыз. Қыз баласын сыйлайтын адамды бәрі де құрметтейді. Бірақ қыздарға көп қырындап, оларға шамадан тыс мақтан айта беру де мәдениеттілік нормасына сай емес. Бұлай болса да, қыз балалар мақтауды жақсы көретінін де ескеріңіз. Қыз баласына қолында ешқандай да ауыр жүк болмаса қоғамдық көлікте орын беру – сіздің ішкі өреңізге байланысты болмақ.
Қыз балалармен сөйлескенде оларға айтуға болмайтын бірнеше тақырып бар
Мәселен, қыздармен өзге бір қыздардың сұлулығын сипаттау немесе сол сияқты тақырыптарды қозғау дұрыс емес. Қыз бала спортқа немесе видеоойындарға қызықпайтын болса бұл тақырыпта тоқтамай әңгіме айту оның қызығушылығын жоғалтады. Сосын оның алдында сіз қызықсыз адам болып көрінесіз. Ал джентльмен әрқашан да әңгімелесушінің дүниетанымына сай сөйлейді. Мұндай тақырыптарды ер адамдар арасында талқылағаныңыз жөн. Десе де, нағыз джентльмен видеоойындарды балаларға арналған құрал деп түсінеді.
Жаяу жүргінші жолымен жүргенде кім болса да оң жағымен жүру керек деп келдік. Бірақ егер көше тар болса және автокөліктерге жақын жүретін болсаңыз қыз баланы көліктер жолынан алшақта жүргізіңіз.
Қыздарға дөрекілік көрсетуге болмайды
Оларды жеңіл әзілмен мазақтауға мүмкіндік бар, бірақ әзіліңіз жарасымды болсын. Оларға көңілін түсіретін, өкпелететін сөздер айтып, дөрекі сөйлеу көргенсіздік.
Бұл өмірде ер адамдарға қарағанда қыз балаларға қауіптірек екенін ұғу керек. Қыздар көп жағдайда түнгі көшелерде, қауіпті аудандарда зорлық-зомбылық көрсететін қарақшылардың жәбірленушісі болады. Мүмкіндігіңіз болса оны үйіне дейін жеткізіп салу керек я болмаса ресми түрде компаниялық жүйеде жұмыс істейтін таксиге отырғызып, шығарып салыңыз. Ал бір жағынан мұндай қайырымдылығыңыз қыз баланың жүрегінде мәңгі орын алуы да ғажап емес екенін біліңіз.
Қыз балаға әрқашан да сыйлықтар жасап, қуантып, ерекше ниетіңізді көрсетіп жүріңіз. Қолындағы жүкті көтеруге, тіпті теледидар көріп отырып қай бағдарламаны көру мәселесіне келгенде де бірінші таңдауды қыз балаға беріңіз. Ол сіздің тәрбиелі әрі текті екеніңізді біліп, сол қасиеттер арқылы сізді құрметтеп, сыйлайтын болады.
Сыйлықты атаулы бір мерекелерде, ерекше күндерде ғана беру – жігіттіктің көрсеткіші емес. Себебі бәрі де бұл күндерде сыйлық жасайды. Ал сіз өзгеше бір құрметіңізді еш ерекшелігі жоқ қарапайым күндерде де жасап тұрыңыз.
Нағыз джентльмен өз сезімін аяқасты етпейді
Мейлі, айлар мен жылдар өтсе де оның қыз балаға деген құрметі тек күшейе түседі. Өзіңіз туралы тек шындық айтыңыз. Махаббат туралы тақырыптардан қорықпайтын болыңыз.
Қызыңызды қорғаңыз
Бірақ көз қырын ғана салған адамға жұдырық ала жүгіруден аулақ болыңыз. Ал егер әлдекім қызыңызға сөз айтып, қырындап жүргенін анық байқасаңыз, бар таңдауды қызға тастап, шетте қалып қоймаңыз. Өзге адамға мәдениетті түрде жауап қатып, мәселені түсіндіріңіз. Ал егер қыз баласына өзге жігіттер дөрекілік көрсетсе, қорғаны бола біліңіз.
Жалпы төбелесу – жігіттік іс емес екенін ұғыңыз. Әйтсе де, бұл – жекпе-жекке шақырылған кезде өз намысын қорғамай қоюды білдірмейді. Ер адам әрқашан да өз құндылықтары мен намысын аяққа таптатпаған.
Егер жағдай төбелессіз шешілмейтін болса жігітке тән емес қылықтарға барушы болмаңыз. Қарсыласқа қарсы қандай да бір суық қару қолдануға болмайды. Бір топ адамға жалғыз өзіңіз қарсы шығушы болмаңыз. Бұл тек ақымақтықты көрсетеді. Егер төбелестен кейін сіз жеңімпаз болып шықсаңыз қарсыласқа құрмет көрсетуді ұмытпаңыз.
А. Құлтай