• Жалған пікір: нағыз ер азамат мол табыс табады.
Қазір табысты адамның беделі жоғары. Ал табыстың отбасыда сақталып қалуы әйел адамға байланысты екенін білесіз бе?
• Шындық: ер жігітке тән қасиет оның табысымен өлшенбейді.
Нағыз ер азамат жанұясын асырауы керек. Бірақ бұл мол табыс табу деген сөз емес. Отбасыға көңіл бөліп, бақытқа бөлеп, «әке» қызметін адал атқарса ғана нағыз ер азамат болғаны.
• Жалған: нағыз еркек ауруды сезбейді.
Кейбір әйел адамдар ер адамның ауырсынғанын көрсе бірден теріс айналып кетеді. Себебі, олардың ойынша ер азамат жанның дертін де, тәннің дертін де сезбеуі керек.
• Шындық: ер азамат – адам.
Ер азамат күйзеліске түспейді деген пікір – қате. Өйткені ер адамда эстроген гормоны әйел адамға қарағанда аз. Яғни, олар күйзеліске түсуге бейім. Ал, тәннің ауруын олар көтере алады. Себебі олардың денесін тестостерон гормоны қорғайды. Сондықтан ер адамды темір ретінде қабылдауды доғарыңыз.
• Жалған: нағыз ер азамат жыламайды.
Ер адамға мүлдем жылаған жараспайды. Тек пияз турағанда, қуанышта жылауға рұқсат. Ал, қалған уақытта оның көзінен жас тамбауы тиіс. Дәл осындай пікірмен өмір сүретін нәзік жандылардың табылары сөзсіз.
• Шындық: ер азамат көз жасына ерік бере алады.
Ер азаматты бала кезден жыламауға, күшті болуға тәрбиелейді. Бірақ олар да ашынған сәтте жылай алады. Қиындық туғанда ешкімге көрсетпей көзіне жас алады. Өйткені олар да адам, олардың да кеудесінде соғып тұрған жүрек бар.
• Жалған: нағыз ер азамат жалғыз өмір сүре алады.
Нағыз ер азамат салмақты, ұстамды әрі көп сөзге жоқ болуы керек. Олай болса оған бас қосулардың керегі не? Әйел адам оларға тек үй шаруасы мен бала үшін ғана қажет. Бұлай ойлайтын нәзік жандыларға айтарымыз бар.
• Шындық: нағыз ер азамат жалғыздыққа төтеп бере алмайды.
Үйленген ер азамат бойдақ жігіттерге қарағанда ұзақ өмір сүретінін ғалымдар баяғыда дәлелдеген. Олар доссыз, әйел адамсыз өмір сүре алмайды. Ер азамат есейген бала іспеттес. Оған қамқорлық пен жан жылуы керек.
• Жалған: нағыз жігіт әйел адамға бағынбайды.
Әйел адамға бағынышты болу – әлсіздік.
• Шындық: ер азамат әйел адамға бағынбайды, онымен кеңеседі.
Әйелінің айтуы бойынша үй салып, көлік алса сыртыңыздан «әйелінің айтқанынан шықпайды»,– деп күлетін достарыңыз бар шығар. Тіпті, мерекелік кештен өзгелерден бұрын кетсеңіз де осындай келекеге қаласыз ба? Онда сіз қам жемеңіз. Сіз бар болғаны жарыңызды, отбасыңызды құрметтейсіз. Қабырғаңызбен кеңесесіз.
Ғабит Мүсірепов «Әйел ашуланса жеңіледі, еркелесе жеңеді»,– деген екен. Егер нағыз ер азамат болғанын қаласаңыз, күнде «Нағыз жігіт мынандай болуы керек» деп кеңес айтқанша, оның қателігін еркелей отырып жеткізіңіз. Ер азаматтың басын төрге сүйреймін десеңіз, оны алдымен адам ретінде қабылдаңыз.