Жастайыңыздан әдебиетші болуды армандап, өзіңізге лайық салада білім алып жүрген болсаңыз, болашағыңыздың жарқын болатындығына күмәніңіз болмасын. Нағыз бақытты адам – өз жолын тапқан адам. Кейбір оқушылар 11 сыныпта оқып жүргеніне қарамастан, соңғы қоңырау соғылғанша мамандық таңдамай жүреді. Мамандық таңдау туралы ой қоғамға бей-жай қарамайтындықты білдіреді. Ал "болашағымды ата-анам шешеді" дейтін жандардан сақтану керек.
Мамандық таңдауға қиналатын оқушыларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топтағы оқушылар әлі де өмірден еш қызық таппаған. Тағдырдың тәлкегіне байланысты ұстаздары бір пәнге деген қызығушылығын арттырып, белгілі бір бағытқа икемдей алмаған. Бұндай оқушылар жақсы оқып, «4, 5» деген бағалар алатындығына қарамастан, өкінішке орай өз жолдарын нақты таңдай алмайды. Олар барлығын тең дәрежеде қабылдайтындықтан, нақты бір салаға қызығушылықтары жоқ. Тіпті, ата-анасының не істейтіндігін, ихтиолог деген секілді мамандықтардың нені білдіретіндігін білмеуі мүмкін. Екінші топтағы оқушылар өте белсенді, қоғамдық өмірге барынша ат салысады. Оларға барлығы да қызық. Бір күнде бірнеше факультатив сабаққа, спорт үйірмелеріне барады. Қатысып жүрген үйірмелерінің барлығына бірдей үлгереді. «Талап бар жерде талант та бар» деген осы болар. Бірақ, екінші топтағы оқушылар да қай мамандықты таңдайтындығын бірінші топтағылар секілді нақты анықтай алмайды.
Жұмыс дегеніміз не? Кім де болсын бұл сұраққа жауап бермес бұрын бірнеше минут ойланатыны анық. Біраз ойланып жауабын таба алмауы да ғажап емес.
Ал мамандық дегеніміз не? Бұл сұраққа дәл жауап қайтару да, оны дұрыс таңдау да өте қиын.
Бүгінгі таңда көптеген студенттер ЖОО-лар мен колледждің табалдырыған босқа тоздырып жүр. Біз айтып отырған көп бөлігі болашақта өз мамандықтарымен жұмыс жасамайды. Бір қызығы жұмыс жасағысы келмегендіктен емес, жасай алмайтындықтан. Оларға білім мен қатар білік, талап, тілек, шыдам, бастысы икемділік жетіспеуі мүмкін. Таңдап алған мамандық пен таңдаушының арасы жер мен көктей болатын жағдайлар кездеседі. Біреулері өзгелерге бағына алмаса, екіншілері бағыттаушы адамсыз жүре алмайды.
Сонда не істейміз? Мамандықты қалай дұрыс таңдауға болады? Мәселе мамандыққа икемділікте. Психолог мамандардың айтуынша, таңдап отырған мамандық пен таңдаушының арасында байланыс болуы керек. Мамандық қызықты болуы тиіс. Егер сізге жануарлар мен өсімдіктерді бақылап, зерттеу қызық болса, табиғатты зерттеуге арналған ғылымдарға барыңыз. Ал техниканы жақсы көрсеңіз, инженер-конструктор немесе физика-теоретика сынды мамандықтарды таңдағаныңыз жөн. Кез келген сала үшін білікті маман қажет. Ал білікті мамандарға сол саланың талап, тілектеріне жауап беретін ерекше қасиеттер керек. Мысалы, суретшіге образды ойлау, байқағыштық, сәнбикеге сымбатты түр мен тұлға, дикторге сазды дауыс т.с.с.
Сол себепті таңдаған мамандығыңызға түспес бұрын, сол саланың талап, тілектеріне жауап беретін қасиеттеріңіз бен икемділігіңізді тексеріңіз. Барлық сұрақтарыңызға мамандыққа деген икемділігіңіз жауап береді.
Мамандыққа деген икемділік ата-анаңыздың ақшасы мен сіздің уақытыңызды үнемдейді.
Ал Сіз мамандығыңызды дұрыс таңдадыңыз ба?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: headline.kz